Жалпы, Қазақстан құрамасының Паралимпиададағы жолы қысқы ойындармен байланысты. Себебі алғаш рет 1994 жылы паратлеттер Лиллехаммерде өткен қысқы Паралимпиада ойындарына қатысады. Жай ғана қатыспай, шаңғы спортынан Любовь Воробьева күміс медаль еншілейді. Осылайша, параойындар тарихында 2022 жылға дейін паратлеттер тоғыз жүлде алса, соның жетеуін жазғы, қалған үшеуін қысқы додада алды.
Ал жазғы Паралимпиада ойындарына келсек, алғаш рет Атлантада (1996) өткен бәйгеге 12 параспортшы аттанды. Сиднейде – екі, Афинада – сегіз, Пекинде – үш, Лондонда – жеті, Рио-де-Жанейрода – 11, Токиода – 26, Парижде 44 паратлетке сенім арттық. Алғашында саңлақтар жазғы бәсекеде қатарынан бес рет жүлдесіз оралды. 2016 жылы Бразилияда өткен параойындарда асығымыз алшысынан түсіп, тарихтағы тұңғыш алтын жүлде бұйырды. 100 метрге еркін жүзуден Зульфия Габидуллина көк байрақты көкте желбіретті. Одан кейін парапауэрлифтингтен Раушан Қойшыбаева күміс жүлде еншіледі. Осылайша, жалпы есепте 39 орынға табан тіредік. Медаль сыңғырын естіген соң, қай спорт түрі болмасын түрленіп сала беретіні белгілі. Сол сияқты Рио паралимпиадасы параспортқа көптің мойнын бұрғызды. Қоғам спортта шектеу жоғын, жетістікке жетуге боларын түйсінді. Сәйкесінше, келесі Паралимпиадаға қатысатын спортшы саны да көбейді. Сөйтіп, 2021 жылы Токиода өткен жарыста бес жүлде еншіледік. Оның біреуі – алтын, үшеуі – күміс, біреуі – қола. 54 келі салмақта парапауэрлифтингтен Давид Дегтярев алтын жүлде алды. Үш қола жүлденің үшеуін де парадзюдошылар әперді. Әнуар Сариев, Теміржан Дәулет пен Зарина Байбатина бапкер сенімін ақтады. 100 метрге брасс әдісімен жүзуде сынға түскен параспортшы Нұрдәулет Жұмағали қолаға қол созды. Паратлеттер еңсемізді көтеріп, спортшылардың Токиода кеткен есесін қайтарды. Келесі Паралимпиадаға тастүйін дайындалып, бұдан да жақсы нәтиже көрсетерімізге сендірді. Олардың әрбірі жеңістің дәмі бөлек екенін, мұның астарында толассыз күш пен ерік-жігер жатқанын дәлелдеді. Расымен, әр параспортшының спортқа келу тарихы тіпті бөлек әңгіме.
Екі мәрте олимпия чемпионы
Давид Дегтярев Парижде парапауэрлифтингтан екі мәрте олимп шыңын бағындырды. Кәсіби мансабын 2015 жылы бастаған паратлет үшін тамаша көрсеткіш екені анық. Атбасардың қарапайым жігітіне өзін-өзі дәлелдеу қиынға түскен жоқ. Өйткені «Жайдарман» ойындарында танылып, қоғамға бейімделуге жол ашқан-ды. Ал спортқа денсаулығын жақсартып, дене тұрқына өзгеріс жасау үшін келген. Оны залға «сүйреп» келген Дмитрий Харанжук есімді досы еді. Екеуінен бөлек жаттығу залында Ксенья Полукарова ауыратлеттерді дайындайтын. Мықты бапкер Дегтяревтің қыры барын байқап, оған нұсқау беріп, қатесін түзетіп жүреді. Кейіннен оны белгілі бапкер Юрий Колесниковпен таныстырады. Білікті бапкер Давидті көрген соң оған кәсіби мансабын бастап, жарысқа қатысуға ұсыныс жасайды. Осылайша, ол Көкшетау қаласында өткен облыстық тунирге қатысады. Оның айтуынша, мансабының қай кезеңі болмасын аталған бәсекені еске алады. Өйткені сондағы жүрек дүрсілі, толқыныс, өзіңді дүниенің бір бөлігі ретінде сезіну – бөлек құбылыс. Содан бері параспортшыға қанат бітіп, талмай еңбектеніп, бірнеше жарысқа қатысады. 2016 жылы Қазақстан чемпионатында топ жарып, 2018 жылы Джакартада өткен Азия ойындарында күміс медаль алады. Қызығы сол, Давид кәсіби мансабын бастағанда-ақ Токиода алтыннан алқа тағуды мақсат етеді. Бапкерімен бірге барынша биікке жетуге ұмтылады. Расымен, сенім ақталып, Жапония жұрты параспортшының шеберлігіне қайран қалады. Осыдан-ақ Дегтярев атынан ат үркетін паратлет атанып шыға келеді. Парижде өтіп жатқан додада да сарапшылар оның қара үзіп келетініне күмәнданған жоқ. Сөйтіп, ел атынан екі мәрте олимп шыңын бағындырған тұңғыш параспортшы атанды. Оның сабырлы болмысы әлі талай жүлде әкелетінін айқындап тұр. Бастысы, атаққа малданбайды, қалай күресу керегін біледі. Тіпті, «Токиодан алған ақшалай қаржыны қалай жұмсарымды білмеймін» дегенінде де жанкүйерлер жылы жымиған. Оның туған қаласына деген махаббаты бөлек. Қанша жетістікке жетсе де, орталықтағы жылы орнын тастап кеткен жоқ. Қайта аталған қаладағы спортты дамытып, шенділер балалар спортын дамытуға көбірек қаржы бөлгенін қалап жүр.
Арманына адал Ақмарал
Парадзюдодағы жарқын есімнің бірі – Ақмарал Науатбек. Ол күні кеше олимпия ойындарының алтынын мойнына тақты. Париж татамиінде жолыққан үш қарсыласын да таза жеңді. Оның дзюдоға жанын салғанын, барын бергенін көпшілік біле бермейді. Ал кешегі күресін көрген сарапшылар егер Ақмаралдың денсаулығы қалыпта болғанында, Цунодамен тең белдесер еді дескені анық. Өйткені ол параспортқа ауыспай тұрып, осы салмақта олимп шыңын бағындыруды армандаған-ды. Бірақ жарақатына байланысты көзінің көруі нашарлап, біраз уақыт дзюдодан қол үзіп қалды. Артынша бапкерлермен кеңесе отырып, парадзюдоға ауысып, J2 санатын алды. Осы күнге дейін қарсылас шақ келтірмей келе жатыр. Оның Париж татамиінде атой салатыны белгілі еді. 2021 жылдан бері қатысқан бәйгеден бос келген емес. 2022 жылы Бакуде өткен парадзюдодан әлем чемпионатында 48 келіге дейінгі салмақта (J2 санаты) топ жарды. 2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия пара ойындарында да дәл осы салмақ дәрежесінде жеңіске жетті. Париждегі Паралимпиада ойындары финалында 2016 жылғы Паралимпиада чемпионы француз қызы Сандрин Мартинені қапы қалдырды. Финалдан соң Мартине Ақмаралды қапсыра құшақтап, құрмет көрсетіп, жанкүйерлерді демеуге шақырды. Ол да Науатбектің бойындағы ерекше энергетиканы байқаған болар. Тайсалмайтын қайсар қыз парадзюдодан алтын еншілеген тұңғыш қазақ қызы атанды. Дзюдо үйірмесіне үйдегілерге айтпай қатысып, «тығылып» жарысқа барған қыз бүгін ел сенімін ақтады. Алғашқы турнирге аттанарда «Анашым, маған мүмкіндік беріңіз, егер осы жарыстан жүлдесіз келсем, дзюдоны қоямын» деп аттанады. Жүлдеге жетпей сүрініп, өкініштен жылайды. Сонда қызының бойындағы намыс пен рухтың әлі талай биікке жетелейтінін бағамдаған анасы рұқсатын береді. Парадзюдоға ауысқанда да бірінші болып қолдап, әр турнирде жанынан табылады. Міне, Ақмарал Науатбек – сынбай алға жылжудың, спортта өзін дәлелдеймін дегенге мүмкіндік барын көрсеткен спортшы. Адамды жарақат емес, ішкі үрей мен әрекет жасамау жарға жығатынын көрсетті. Жігердің жеңген, үмітің ақталған, арманың орындалған күн құтты болсын, Ақмарал!
Жөні бөлек жүлде
Еркін Ғаббасов Париж Паралимпиадасында нысана көздеуден күміс медаль еншіледі. Ауыл баласы олимпия ойындарында жеңіс тұғырына көтерілемін деп армандамаса керек. Ел қатарлы үйленіп, артынша үлкен қалаға келіп, құрылысқа жұмысқа тұрады. Бірақ 12 қабаттан құлап, бел омыртқасын сынады. Ота жасалғанымен, көмегі болмайды. Арбаға таңылса да, ел қатарынан қалмай, алға жылжуға тырысады. Тир атуға ебі барын біліп, дамытуға ден қояды. 2017 жылы дайындықсыз-ақ жарысқа барып, үшінші орын алады. 2021 жылдан бастап пара нысана көздеумен кәсіби түрде айналысып, дайындалады. Сөйтіп, «Паралимпиада ойындарында топ жарсам» дейтін арман пайда болады. Осылайша, Франция төрінде R1 санатында винтовкамен 10 метрге пара нысана көздеуден сынға түсіп, 247.7 ұпай жинап, күміс жүлде жеңіп алды. Елге келгенде «күні-түні тілеуімді тілеген анама, менің аяқ-қолым, жүрегім болып қасымнан табылған жарыма рақмет!» деді. Осыдан-ақ шынайы сенім артқанда тау қопарарлық күш пайда боларына риясыз сенесің.
Ал Нұрдәулет Жұмағали 100 метрге брасс әдісімен жүзуден күміс медаль жеңіп алды (SB13 санаты). Финалға дейінгі іріктеуде отандасымыз Азия рекордын орнатқан-ды. Оның үстіне Токио пара ойындарында қола медаль еншілегені бар. Сондықтан тәжірибелі паратлеттің қоржынға жүлде саларын күні бұрын болжадық. Сәтін салып, Нұрдәулет финалда еркін өнер көрсетіп, күміспен күптелді.
Тағы бір параспортшымыз Дастан Мұқашбеков ядро лақтырудан F36 санатында қола медаль жеңіп алды. Мұқашбеков мүмкіндігінде 16 метр қашықтыққа ядро лақтырды. Бұл – Азия құрлығындағы жаңа рекорд. Қарағанды тумасы Паралимпиада ойындарындағы алғашқы жүлдесіне қол жеткізді. Жүлдеге іліккен соң шапан мен бөрік киіп, көк Ту жамылып, алаңды жүгіріп өтті. Кеудесін мақтаныш кернеп, тебіренгені көрініп-ақ тұр.
Бет қатталып жатқанда:
Кеше кешкісін Паралимпиада да дзюдошыларымыз Даяна Федосова – қола медаль, Ерғали Шәмей күміс медаль еншіледі.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ