Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндет», – деп атап өтті.
Амандық  Төлешов, профессор,  ҰҒА және ҰИА академигі: Ең өзекті мәселе – кадр мәселесі
401
оқылды

Бұл экономиканы инженерлік-техникалық кадрлармен қамтамасыз етуде өзекті болып табылады. Мәселе санда емес, сапада! Жыл сайын мемлекет жоғары оқу орындарында ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беруде де инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша кадрлар даярлауға жеткілікті мөлшерде гранттар бөледі. Жылдар бойы біз бұл гранттық орындарды игере алмадық немесе нашар дайындалған контингентті тартуға мәжбүр боламыз. Инженерлік мамандыққа оқуға келген студент математика, физика және басқа жаратылыстану пәндері бойынша мектеп бағдарламасын жақсы меңгерген болуы тиіс. Басқаша айтқанда, оқушының күрделі жаратылыстану және техникалық пәндерді қабылдау мен оқу қабілеті болуы керек. Онсыз баланың жақсы инженер немесе технолог болуы қиын.

Сондықтан да білім сапасын көтеру жұмысы орта білімнен басалуы қажет. Осы мақсатта Президенттің тапсырмасымен елімізде балалардың білім алуына жақсы жағдай жасалып, жекеменшік мектептерге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Мемлекет басшысы: «Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық»,– дейді. Яғни, бұл циклде басты назарды педагогикалық жоғары оқу орындарына аудару керек, олар мұғалімдердің біліктілігін арттыруға міндетті. Қазір елімізде ұстаздардың беделі артып, еңбекақы деңгейі көтеріліп, сапалы жұмыс істеуге ынталандыру тетіктері енгізілуде. Бұл ретте ұстаз бейнесі – балажан, өз елінің нағыз патриоты, шәкіртінің болашағын ата-анасынан кем ойламайтын жан ретінде қалыптасады. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына студенттерді іріктеу ерекше объективті болуы керек, ал оқу үдерісі алға жылжыған сайын болашақ мұғалімнің балаларға деген құрметті көзқарасы арта түсуі керек. 

Президент 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. ЖОО, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары бұл мүмкіндікті инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша білім беру бағдарламаларының сапасын арттыру үшін пайдалануы керек. Болашақ мамандықтар бойынша мамандар қажеттілігін анықтай отырып, жұмысшы мамандықтарының қажеттіліктері мен талаптарын егжей-тегжейлі бақылау және зерттеу жүргізу қажет. Әртүрлі кәсі­би платформаларда талқылау және пікірталас арқылы білім беру бағдарламаларына елеулі түзетулер енгізілуі керек. Бұл мәселелерді шешуде Қазақстанда филиалдарын ашқан жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының тәжірибесі пайдалы болмақ.