Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазір көптеген азаматтың мойнында бірнеше несие бар екені жасырын емес.
Қаржы нарығын қандай реттеулер күтіп тұр?
334
оқылды

Бұл – өте өзекті мәселе, қоғамдық қатер десек те бола­ды. Сондықтан осы бағытта арнайы заңдар қабылданды» деп атап өткен болатын. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі соңғы уақытта кредиттеу кезінде тәуекелдерді барынша азайту үшін бірқатар шара қабылдады. Олардың қатарына: электронды қарыздарды беру кезінде міндетті биометриялық сәйкестендіру, 90 күн кешіктірілгеннен кейін сыйақыларды есептеуге тыйым салу, әскерге шақырылу­шылар үшін қарыздарын кейінге қалдыру, жұбайының ірі несиелерге келісімін талап ету және басқа да мәселелер қамтылған.

Алғашқы түзетулер 2024 жылдың 20 тамызынан бастап күшіне енген болатын. Мысалы, қаржы ұйымдарына клиентті биометриялық сәйкестендірусіз электронды қарыздар мен онлайн-микрокредиттер беруге тыйым салынады. Одан бөлек, банк­тер мен МҚҰ барлық қолданыстағы (өтелмеген) тұтынушылық кредиттер бойынша 90 күн өткеннен кейін сыйақы есептей алмайды. Сондай-ақ мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтарға сыйақы есептелмей, қызмет ету мерзіміне және демобилизациядан кейін 60 күнге автоматты режимде банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша кейінге қалдыру берілетін болады.

Ал 1 қыркүйектен бастап қазақстандық­тарға 1000 АЕК-тен (2024 жылы 3 692 мың теңге) асатын кредитті ресімдеу кезінде күйеуінің немесе әйелінің келісімі қажет. Құжат еркін формада толтырылып, банк бөлімшелеріне немесе МҚҰ филиалына қағаз түрінде не электронды түрде ресім­деледі.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің МҚҰ-ның клиенттермен өзара іс-қимылының жаңа қағидаларын көздейтін қаулысы «Ашық НҚА» портал­ында жарияланды. 

Бұл ереже мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушылармен несие берушілердің өзара әрекеттесу тәртібін реттейді. Оған сәйкес, микроқаржылық ұйымдар борыш­кермен, оның өкілдерімен немесе шартқа байланысты үшінші тұлғалармен қатаң бел­гіленген мерзімде ғана байланыса ала­ды. Мысалы, жұмыс күндері 8:00-ден 21:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері 9:00-ден 19:00-ге дейін байланыс орнатуға болады. Бірақ бұл қарыз алушымен келісілген жағдайда ғана. Кездесулер тұрғылықты жерінде, қарыз алушының тіркелген жерінде немесе кредитордың кеңсесінде болуы мүмкін. Сонымен қатар жеке байланыс жиілігі де шектелген: апта­сына үш реттен артық емес және күні­не бір реттен артық емес. Телефон қоңыр­ауларының саны, соның ішінде интернет қосымшалары арқылы да реттеледі. Бұл ережелер қарыз алушыларды несие беру­шілердің артық қысымынан қор­ғауға бағытталған және өзара әрекет­тесудің нақты шекараларын белгілейді.

Ілеспе ақпаратта микрокредитті кешік­тіргені үшін айыппұлдарды есептеуге және Қарыз алушымен өзара әрекеттесуге қатысты ережелері түсіндіріледі. «Қарыз алушы микрокредитті қайтару немесе сыйақы төлеу жөніндегі міндеттемелерді бұзған кезде ол мерзімі өткен әрбір күн үшін тұрақсыздық айыбын төлеуге міндетті. Алайда егер іс коллекторлық агенттікке сотқа дейінгі өндіріп алуға берілсе, микро­қаржы ұйымдарының (МҚҰ) осы кезеңде кешіктірілген айыппұлдарды есептеуге құқығы жоқ. Бұл «Микроқаржы қызметі туралы» заңда көрсетілген. Бұл шектеудің мақсаты-іс сотқа дейінгі реттеу сатысында тұрған кезде қарыз алушының борыштық жүкте­месінің өсуіне жол бермеу. Осыған байланысты мәтін МҚҰ-ға қарызды реттеу процесін жақсарту және банктерге қол­жетімді арбитражды болдырмау үшін дем­ал­ыс және мереке күндері қарыз алушыларға қоңырау шалуға рұқсат беруді ұсынады», – делінген ақпаратта.

Бұл өзгерістердің нәтижесін уақыт көрсетер, ал қазір халықтың тұтынушылық несиесі күн санап өсіп келеді. Мысалы, Astana Finance Days сессиясында Freedom Банкінің Директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұлов халықтың 56%-ы нашар несие тарихына ие, бұл олардың ипотекалық бағдарламалардан бас тартуына себеп бол­ып отырғанын жеткізген болатын. Сарапшы азаматтардың қаржылық сауат­тылығының жауапкершілігі де қаржы инс­титуттарының мойнында екенін алға тартады. «Тұтыну­шылық мінез-құлыққа қатысты белгілі бір бұрмаланулар бар. Өйткені, менің ойымша, біз қаржы инсти­тут­тары ретінде белгілі бір өнімдерді шы­ғару және тұтынушылардың мінез-құлқын өзгерту арқылы үлкен жауапкер­шілікке ие боламыз. Қазақстан халқының 34%-ның салымдары бар. Бұл көрсеткіш  Орталық Азия бойынша орташа есеппен 23%-ы ғана, ал Еуропада әлдеқайда жоғары, яғни халықтың 65%-ының жарнасы бар. Елімізде 9-10 миллион экономикалық бел­сенді адамдардың 8 миллионға жуығы қандай да бір жолмен несие өнімдерін тұтынады», – деді Айдос Жұмағұлов. 

Сондай-ақ сарапшы 18 жастан 23 жасқа дейінгі жастар арасында мерзімі өт­кен кредиттердің үлесі жыл сайын өсіп келе жатқанын атап өтті. Егер 2022 жылдың басында олардың үлесі 13,1% -ды құраса, 2024 жылдың тамызында олардың үлесі 20,3% -ға жеткен. Оның айтуынша, тұт­ыну­шылық несиелер мен бөліп төлеу қазақстандықтардың тұтынушылық мінез-құлқын өзгертеді деп санайды.

– 18 жастағы жігіт немесе қыз олардың жас­ында бұл қалыпты жағдай деп қабыл­дайды және әрқашан солай болады деген ойда қалады. Бірақ 25 жасында автокөлік несиесін алғыңыз келгенде, 30 жаста от­ба­сын құрып, ипотека алғыңыз келгенде бұл мүмкіндікті пайдалана алмауыңыз мүм­кін. Қазір біз клиенттердің 87%-ына несие тарихы нашар болғандықтан, 31%-ына табысы жеткіліксіз болғандықтан несие беруден бас тартамыз, – деді ол.

Экономист Мақсат Халық та, еліміздегі екінші деңгейлі банктер ұсынатын несиенің пайыздық мөлшерлемесі тым жоғары екенін айтады. Сарапшы оның себебі Ұлт­тық банк жүргізетін ақша-несие сая­саты­ның салдары­нан деп түсіндіреді.

– Менің көзқарасым бойынша және жал­пы қоғам үшін де банктердің пайыздық мөлшерлемесінің жоғары болуы өте өзекті мәселе. Осыған байланысты банктер ұсын­ып отырған тұтынушылық несиелердің жылдық тиімді пайыздық мөлшерлемесі 56 пайызға дейін жететінін атап өту керек. Шындығында, көптеген екінші деңгейлі банк халықты несиелендіргенде өте жоғары пайызбен несиелендіріп жатыр. Бүгінде азаматтардың қарыздың қамытына тап болуы – осының нәтижесі деп айтуға толық негіз бар. Сондықтан да банктердің пайыздық мөлшерлемесін түсіру үшін ақша-несие саясатында осындай мәселе көтерілу керек. Монетарлық саясат бо­йынша базалық пайыздық мөлшерлемеге де байланысты мысалға инфляция біраз уақыт төмендеді. Дегенмен пайыздық мөл­шерлеме төмендеген жоқ, ол әлі де 14 пайыздың үстінде. Сондық­тан несиелер­дің пайыздары өте жоғары ипотекалық несиелердің пайызы жоғары. Халықтың көкейінде неге батыста, дамыған мемлекет­терде несие төмен пайызбен беріледі, бізде неге пайыздар жоғары деген сұрақ туын­дайды. Оның себебі осы ақша-несие саясатында жатыр. Президент мынадай мәселені де атап өтті: банктер көбіне тұ­тыну­­шылық несиені көп несиелендіреді, эко­номиканың нақты секторына көңіл бөлінбейді. Банктер бизнесті несиелендіруге ынта­сыз. Өйткені ол жақта көп пайда көре алмайды. Бұл істе тәуекел көп, кәсіп банк­ротқа ұшыраса, қаражат қайтпай қалуы мүмкін», – дейді ол.

Сондай-ақ сарапшы халықтың нақты табысын арттыру жолдарын да қамтамасыз ету мәселесін алға тартты. Себебі елімізде әлеуметтік экономикалық маңызы бар шешімін таппаған мәселе әлі де көп.

– Үкімет халықтың табысын арттыра­мыз деді. Бірақ табысты арттыруды кадр­лық қамтамасыз ету арқылы, яғни кадр­лары­мыз­дың біліктілігін арттыру ар­қылы, кәсіби кадрларды көбейту арқылы өсіреміз деп отыр. Дұрыс, бірақ ол тез жүзеге ас­пай­ды. Бір кадрды квал­ифи­к­ациядан өткізу үшін жылдар керек, –  дейді эконо­мист.

Кәмила ЕРКІН