Иә, бабы мен бағы бірдей сынға түскен бұл жолғы тұлпарлардың тұрпаты ерекше болды. Шынын айтқанда, шыдамы мен жарауы жан жағынан сәйкескен ат бәйгесі көпшіліктің назарында болғаны анық. «Ұлы дала жорығы» ат бәйгесі биыл халықаралық деңгейде бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Алдын ала айтылғандай, аталмыш марафон V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бастамасы іспетті еді.
Дүбірлі доданың Солтүстік Қазақстан даласындағы Ботай мәдениетінің қонысы болған мекеннен басталуы да тегін емес. Бір назар аудартқан дүние – осы жолғы ат бәйгесінде шабандоздар арасында қыздардың көп болуы. Желмен жарысқан кіл жүйріктерді тізгіндегендердің 22-сі – бұрымдылар. Сонымен, дүбірлі додада Қырғызстан, Кабардин-Балқар, Қарашай-Черкеш Республикасы, Оңтүстік Африка Республикасы, Татарстан, Иран, Түркия, Венгриядан келген командалардан бөлек, қазақтың Адай, Әулиеата, Найман, Жетісу жылқы тұқымдары мен Қостанай, Көшім асылтұқымды жылқыларын ауыздықтаған 9 команда қатысты.
Қанша жерден жүйрік, қанша мықты шабандоз болғанымен, 500 шақырымдық жолды еңсеру оңай болмады. Әсіресе, толастамай тұрып алған жаңбыр мен ауаның тым салқын болып кетуі де аттың кетеуін кетіре бастады. Салдарынан жолай көп жүйрік жолдан шықты. Тіпті, толық команда құрамы да келесі жүздіктен соң жарыс жолына шықпай қалды. Бұған ауа температурасының күрт төмендеп, ылғалдың мол болып кетуі мен жер қыртысының алуан түрлі кейіпке енуі себеп болды. Мұны шабандоз да, бапкер де, тіпті ветеринар маман да айтып отыр. Десе де, бабы мен бағы сай келген тұлпарлар алға озып, шабандоз тұғырға көтерілді.
Сонымен, Кабардин-Балқар командасы бірінші орынға шықса, екінші орында – Алматы, үшінші орынды Ақтөбе өңірінің жігіттері қанжығалады.
Сайыс болған соң жеңу бар да жеңілу бар. Дегенмен «ауа райы тым қатал болып кетті», – дейді қырғыз елінің шабандозы Тоқмергенов Ержан.
«Біз осы сайысқа ұзақ дайындалдық. Тіпті, Қырғызстанда 300 шақырым қашықтыққа шауып, аттарды сынадық. Сүрінген тұлпарларды тастап, ең мықты деген бес атпен келдік. Әрине, бұл жолы жаңбыр мол болды. Жер жұмсақ екен. Аттардың тұяғы жібіп, тағасы түсіп қала берді. Тұяқтары кетілген соң табандарына тас батты. Мал дәрігерлері де көп көмектесті, бірақ соңғы 100 шақырым қалғанда жарыстан шықтық. Аттарды қатты қинамаған дұрыс», – дейді қырғыз елінен келген шабандоз.
Бәйге басталған шақтан-ақ қырғыз командасы суырылып алға шықты. Тіпті, өзге командаларды жарты күндік жол қашықтығымен артта қалдырып отырды. Қырғызстандық команданың көмбеге алдыңғы болып келетіні туралы пікірлер де айтыла бастады. Дегенмен жағдай ойламаған жерден өзгеріп шыға келді. Әрине, бәйге болған соң аттың денсаулығынан маңызды ештеңе жоқ.
Журналист Аслан Қаженов: «Ұлы дала жорығынан нағыз қазақтың, яғни дала қазағының образын көрдім. Бұл жігіттер – тік мінезді, тәуелсіз. Ешқандай қитұрқылыққа көнбейді. Бұған қоса, намысшыл. Оларға сыйақы көлемі маңызды емес. Маңыздысы – өз елінің абыройын асқақтату, басқаларға есе жібермеу. Оның жолында малын да, жанын да құрбан қылуға дайын. Міне, осындай көріністерге куә болып, бір марқайып қалдым», – дейді.
Халықаралық марафон бәйгеде бағын сынап, атының шабысын аңдаған бапкерлер ендігі бәйгеге қалай және қайтіп дайындалудың қыр-сырын жақсы түсінді. Алдағы марафонға аттарын тағы да сайлап әкелетінін айтқан шабандоз бен команда жетекшілері бұл жолғы қателікті қайталамайтындарын айтып жатты.
Ұлы дала жорығы далақтап далада шабу емес. Ол жерде ұлттық мүдде, ұлттық дәстүр, ұлттық болмыс, қазақы рух жатыр. Яғни, біз жоғалтып алған біраз нәрсені қайта жаңғыртатын, қайта қалпына келтіретін бастама. Сондықтан ары қарай да жалғасын табады деген сенімдеміз.
Не де болса, бұл бәйгенің жөні бөлек болғаны шын.
Бердібек ҚАБАЙ