Күні кеше "Көреміз" ток-шоуында Алтай Айнабектің өзі эфирге келіп, көрермендер біраз ақпаратқа қанық болған еді. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін "құрылысшы" мамандығы бойынша бітірген ол Алматыдағы AlmaU университетіндегі оқуын аяқтамай, оқудан шығып кеткен. Бірақ оның инженер не технолог ретіндегі білімі туралы ақпарат әзірге жоқ. Бұл туралы аталған теле-хабарда айтылды.
Осыған байланысты Aikyn.kz сайты factcheck.kz сайтында жарияланған материалға сілтеме бере отырып, Алтай Айнабек туралы маңызды деректерді оқырманның назарына ұсынады!
“Жаңбыр адам” немесе “Қазақтың Тони Старкі” деген лақап атпен танымал болған Алтай Айнабек кейінгі күндері халық арасында дүрбелең тудырып жатыр. Әлеуметтің желілерде оңтүстік өңірдегі толассыз жауған жаңбырды Алтайдың ісімен байланыстырып, кейбірі тоқтатуды талап етсе, басқасы қолдап жатыр. Алтайдың өзі “Аралға жасалып жатқан тәжірибенің Алматыға әсері болуы заңдылық” дейді. “Аралды жасанды жаңбырмен толтырамын” деп ұрандатқан Алтай Айнабек шын мәнінде кім? Осы сұраққа жауап іздеп көрдік.
Биография
Ашық дереккөздерде Алтай Айнабек туралы ақпарат жоқ. Тек оның берген сұхбаттары мен сюжеттер кездеседі. Facebook-тегі Altay Ainabek парақшасында оның Шымкенттен екені және Абу-Дабиде тұратыны, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті мен AlmaU-да оқығаны жазылған. Кәсіпкер деп көрсетілген Алтай Айнабек қазір өзін климаттық технологиялар саласындағы халықаралық эксперт деп таныстырып жүр. Алайда ғылыми карьерасын қашан бастағаны және қандай ғылыми еңбекті қорғағаны туралы ақпарат жоқ.
Компаниялары
Kompa-ның дерегінше, Айнабек Алтай Айнабекұлының атына төрт компания тіркелген және оның үшеуі ЖШС болса, біреуі Айнабектің өзі атына ашылған ЖК (ИП). Төртеуінің де бірінші басшысы Алтай, үш ЖШС-ның екеуінің құрылтайшысы да Алтайдың аты көрсетілген. Әр компаниясын жеке-жеке талдап көрсек.
“Nuray Construction LTD” шағын кәсіпорыны
Компания 2013 жылдың аяғында құрылған, 2021 жылы қайта тіркеуден өткен. Мекенжайы: Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Тассай тұрғынүй алабы, 266/1. Негізгі бағыты – құрылыс-монтаж жұмыстарын жіргізу. 2016 жылдан бері мемлекетке 803 818 теңге салық төлеген. Басшысы да құрылтайшысы да Айнабек Алтай Айнабекұлы деп көрсетілген. 2018 жылы азаматтық іс бойынша сот процесі болған. ҚР Жоғарғы сот дерегінше, “Nuray Construction LTD” компаниясы Оңтүстік Қазақстан облысы атқарушы округінің жеке сот орындаушысы Баймишев Мерей Балғабайұлының үстінен шағым түсірген. Сот шешімі бойынша компания шағымын қанағаттандырудан бас тартқан.
https://factcheck.kz/wp-content/uploads/2024/07/nuray-construction-ltd.pdf
“Nuray Construction” шағын кәсіпорыны
Жоғарыдағы компаниямен аттас бұл кәсіпорын 2013 жылы 19 маусымда тіркеліп, 2015 жылы қайта тіркеуден өткен. Бір қызығы, екі компания да бір мекенжайда орналасқан, екеуі де құрылыс-монтаж жұмыстарын жіргізеді. Басшысы Алтай Айнабек деп көрсетілсе, құрылтайшысы Айнабек Оспан Батырулы. 2015 жылдан бері 608 978 тг салық төлеген. Korter.kz дерегінше, “Nuray Construction-мен” аттас компания 2004 жылдан бері құрылыс салумен айналысады. Шымкент қаласында екі құрылыс жобасын аяқтаған, тағы екеуі уақытша тоқтап тұр. Себебін “құрылыс салушы компаниясымен байланысу мүмкін емес” деп көрсеткен.
https://factcheck.kz/wp-content/uploads/2024/07/nuray-costruction.pdf
“АЙНАБЕК А.А” жеке кәсіпкерлігі
Бұл компания да жоғарыдағы мекенжайда тіркелген, бірақ нақты қай уақытта ашылғаны белгісіз. Негізгі бағыты – асыл тастарды (гауһар тастардан басқа) және жартылай асыл тастарды өндіру. Басшысы Алтай Айнабектің өзі. Үш лицензиясы бар, екеуі жарамды, біреуі жарамсыз. 2017 жылы азаматтық іс бойынша бір сот процесі болған.
https://factcheck.kz/wp-content/uploads/2024/07/ip-aynabek-aa.pdf
Central Asian center of climate change technologies ЖШС
Бұл компания 2009 жылы тіркелген, 2022 қайта тіркеуден өткен. Бағыты – кәсіптік, ғылыми және техникалық қызметтерді топтастыру. Басшысы да, құрылтайшысы да Айнабек Алтай Айнабекұлының өзі. 2016 жылы ғана 4 242 тг салық төлеген. Алтай Айнабек тек Орталық Азияда ғана емес, сондай-ақ, БАӘ-нің Абу-Даби қаласында тіркелген International Center of Climate Change Technologies (ICCCT) компаниясын да басқарады. Ресми сайтында бас директор ретінде көрсетілген. Компанияның басты мақсаты – әлемде болып жатқан құрғақшылық және ауаның ластануымен күресу үшін революциялық иондану технологиясын қолдана отырып, климатты өзгерту. Негізгі аймақтары ретінде Азия, Африка, Аустралия, Оңтүстік және Солтүстік Американы көрсеткен.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі не дейді?
Алтай Айнабектің істеп жатқан жұмысына қатысты сұрақ көп. Жұмысы атмосфераға қаншалықты зиян, Аралды расымен жаңбыр суымен толтыруға бола ма, Алтай мен Қазгидрометтің болжамы қаншалықты сәйкес келеді? Осы сұрақтарды білу үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігіне ресми сауал жолдадық.
https://factcheck.kz/wp-content/uploads/2024/07/otvet-kasatelno-vyzova-osadkov-aral-aa.docx
Экология және табиғи ресурстар министрлігі Алтай Айнабектің істеп жатқан жұмысына баға беру “Қазгидромет” құзыретін кірмейтінін айтты. Аралды жауын-шашынмен толтыру мүмкін бе деген сұрағымызға былай жауап берді:
Арал маңы Қазақстан бойынша континенталды климатпен сипатталатын, құрғақ әрі ылғал тапшы аймақ болып табылады. Аталған аймақта жылдық жауын-шашын мөлшері 100-130 мм шамасында болса, жылдық булану мөлшері одан ондаған есе жоғары яғни 1 250-1 450 мм құрайды. Бұл өз кезегінде жауын-шашын есебінен үлкен аумақты су ресурстарымен қамтамасыз ету мүмкіндіктерін шектейді, – делінген ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми жауабында.
Сонымен қатар, “Қазгидромет” болжамы бойынша 2024 жылдың мамыр-шілде айларында Қазақстан аумағында циклондық белсенділік басым болып, әртүрлі қарқындағы жауын-шашынның түсуіне әкелді дейді. Яғни Алтай Айнабектің жұмыс жүргізген уақытына сәйкес келіп тұр.
Мамыр айында (04-08, 13-14, 16-22, 24-25 мамыр) Оңтүстік Каспий және Оңтүстік циклондардың Қызылорда облысының аумағынан жиі өтуі нәтижесінде 0,1-ден 12 мм-ге дейін жауын-шашын байқалды, ал 05 мамырда түнде облыстың орталығында 19-27 мм шамасында қарқынды жауын-шашын тіркелді. Маусым айында Оңтүстік және Атлантикалық циклондардың ықпалына байланысты 06-09 және 22-30 маусымда 0,1-ден 4 мм-ге дейін жауын-шашын түсті. Шілде айында (01-22 шілде) облыс аумағы баяу қозғалатын Оңтүстік циклонның ықпалында болды, сонымен 06, 08 және 10-20 шілде күндері 0,1-ден 13 мм-ге дейін жауын-шашын түсті. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Қызылорда облысы мен Қызылорда қаласында түскен жауын-шашын табиғи синоптикалық жағдайлармен байланысты болғанын және 10 күнге дейінгі дәлдікпен алдын ала болжанғанын атап өткен жөн. Маусым-шілде айларында түскен жауын-шашын мөлшері орташа көпжылдық норма шамасында немесе одан төмен болды, – дейді Экология және табиғи ресурстар министрлігі.
Біздің “бұлттарды жасанды жолмен белгілі бір аймаққа апару мүмкін бе?” деген сұрағымызға Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның осы тақырыпқа байланысты жасаған шолуымен жауап берді. Жауапқа сәйкес, табиғи метеорологиялық жүйелердің энергиялық қоры соншалықты үлкен болғандықтан, жаңбыр жаудыратын бұлт жүйелерін құру, желдің сипатын өзгертіп, белгілі бір аймаққа су буын әкелу немесе қауіпті табиғи құбылыстарды толығымен жою мүмкін емес. Осы тұрғыда бұлттар географиялық бір аймақтан екінші аймаққа тек табиғи жолмен ғана тасымалданатынын айтады.
Сондай-ақ, Оңтүстік өңірлердегі жаңбырдың жиі жаууына Алтай Айнабек әдісінің қатысы бар ма? деген сұрағымызға Экология және табиғи ресурстар министрлігі былай жауап берді:
– Биыл маусым-шілде аралығында синоптикалық процесстердің жүрісінде жылдың мезгіліне, белгілі бір аймақтың географиялық және климаттық ерекшеліктеріне қатысты өзгерістер орын алған жоқ. Барикалық құрылымдардың әрекеттесуі және бұлттылық жүйелерінің қалыптасуы, жауын-шашынның түсуінде ауытқушылықтар тіркелмеді. Маусым-шілде айларында түскен жауын-шашын мөлшері орташа көпжылдық норма шамасында немесе одан төмен болды, – делінген.
Қорытынды
Қорытындылай келе, Алтай Айнабектің істеп жатқан жұмысына қатысты нақты баға беру қиын. Дегенмен “Қазгидрометтің” жауабына қарасақ, Алтай Айнабектің ісі алдын ала болжанған, яғни маусым-шілде айларында жаңбырдың жауатыны айтылған. Сондай-ақ, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның ақпаратына сәйкес, бұлттар географиялық бір аймақтан екінші аймаққа тек табиғи жолмен ғана тасымалданады. Бұған дейін де factcheck.kz сайты жаңбыр тартқыш “мосы” ағашы туралы жазған. Ол жерде де құрылғының “жаңбыр жаудыратыны” туралы ешқандай ғылыми дәлел табылмады.