«Қазгидромет» РМК республикада ауа райының бұзылуына байланысты бірнеше өңірде ескерту жариялады.
Синоптиктер Нұр-Сұлтан қаласы мен бес облыста күн құбылатынын айтып отыр. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласында көктайғақ болып, оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с жетеді.
Сондай-ақ Ақмола облысының кей жерлерінде тұман түсіп, көктайғақ, жаяу бұрқасын күтіледі. Түркістан облысының кей жерлерін түнде тұман басып, күндіз оңтүстік-батыстан соғатын желдің күші 15-20 м/с артады. Қызылорда облысының кей жерлерінде тұман сақталады. Оңтүстік-шығыстан, оңтүстіктен жел соғып, таңертең және күндіз оның күші кей жерлерде 15-20 м/с жетуі ықтимал. Қостанай өңірінде тұман, көктайғақ, бұрқасын көтеріледі деп болжанып отыр. Желдің екпіні кей жерлерде 15-20, 23-28 м/с артуы мүмкін.
Сонымен бірге Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде тұман түсіп, көктайғақ болады, түнде бұрқасын соғады.
P.S.
Боранды күндері ескертуге қарамай, жолға шығып кеткен жүргізушілерге айыппұл салынуы мүмкін. Ішкі істер министрлігі заңға осындай жаңа норма енгізу мәселесін талқылап жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін журналистерге берген жауабында Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер мәлімдеді. Ол бұл ережені Әкімшілік жауапкершілік кодексіне енгізу ұсынылғанын атап өтті.