Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығы­мен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Үкіметтері арасында оңайлатылған кеден дәлізін құру туралы келісімді қарады және өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.
Еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру маңызды
357
оқылды

«Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы оңайлатылған кеден дәлізін құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң ке­дендік операциялар процесін жеделдетуге және тиісті рәсімдер құжаттарының санын қысқартуға арналған. Сондай-ақ құжат сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға және Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасындағы өзара экономикалық интеграция­ны нығайтуға ықпал етпек.

«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру мәселесіне ерек­ше тоқталып, нақты тапсырмалар берген болатын. Бұл – тәуелсіз мемлекетіміздің алдында тұрған стратегиялық маңызы бар міндет­тердің бірі. Бүгін қаралған заң осы мақсатқа қол жеткізуді көздейді. Келісім Түркі мемлекеттері ұйы­мына мүше мемлекеттер арасында жеңілдетілген кедендік бақылау орнату үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Мақұлданған заң жүктерді тасымалдау көлемін арттырып, тараптар арасында сауда-экономикалық белсен­діліктің өсуіне оң әсерін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшім­баев.

Сонымен қатар палата отыры­сында сенаторлар депутаттық сауал­дарын жолдады.

Нұрлан Бекназаров сот сарап­шы­ларының әлеуметтік мәрте­бесін көтеру туралы ұсыныс жа­сап, осы саладағы кадрлар тап­­­­шы­­­лығына қатысты проблема­ларға тоқталды. Сондай-ақ ол сот сараптамасы орталықтарының материалдық-техникалық база­сын жақсарту қажет екенін атап өтті.

Нұртөре Жүсіп елімізде демо­г­рафиялық саясат саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның болмауына алаңдаушылық біл­дірді. Сенатордың айтуынша, осыған байланысты халықтың қартаюы, бақыланбайтын урбани­зация және көші-қон сияқты демографиялық сын-қатерлерді еңсеру жолындағы жұмыстар уақытылы жүргізілмей келеді.

Андрей Лукин Үкіметті әскери қызметшілерге арналған әлеу­меттік жеңілдіктерді қайтаруға және олардың мәртебесін көтеруге шақырды. Ол үшін «Әскери қыз­мет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды.

Сүйіндік Алдашев цифрлан­дыру саласындағы мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жоба­лардың тиімсіздігіне назар аудар­ды. Депутат цифрландыру бойын­ша жаңа бағдарламаларды іске асыру кезінде бұрын жіберілген қателіктерді талдап, одан сабақ алу керек екенін айтты.

Сергей Карплюк Ақмола об­лысындағы нәтижесіз бастама­ларды назарға алып, елімізде туристік саланың инвестициялық тар­тымдылығы төмен екенін айтты. Осыған байланысты ол заңнамалық өзгерістер ұсынып, мәселені шешу жолдарын атап көрсетті.