Өзін-өзі жұмыспен қамту – бұл қызмет көрсететін немесе тауар сататын адамдар ресми түрде салық төлеп, әлеуметтік және медициналық қызметтерді ала алатын шағын кәсіпкерлікті заңдастырудың бір амалы. Елімізде көптеген адам ресми жұмыс істемесе де, бейресми түрде табыс таба алады.
Тәуелсіз жұмыскердің тәуекелі – өзі
коллаж: Елдар ҚАБА
305
оқылды

Бұл азаматтар медициналық көмек сияқты әлеуметтік кепілдіктерді пайдалана алуы үшін 2018 жылы өзін-өзі жұмыспен қамту жүйесі енгізілген еді. Осының арқасында олар жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде тіркелмей-ақ өз қызметін заңдастыруға мүмкіндік алды. Бұл өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға мемлекеттен несие мен көмек түрлерін алуға жол ашады. Дегенмен сарапшылар бұл көлеңкелі экономиканың көрсеткіші әрі елдегі жұмыссыздық деңгейін әспеттеп көрсетудің бір көрінісі деген пікірде.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған қазақ­стан­дық­тардың көпшілігінің (96%) табысы жалдамалы жұмыскерлердің орташа айлық жалақысынан төмен, тәуелсіз жұмыскер­лердің 48%-ы айына 100 мың теңге және одан аз алады. Мұндай деректерді Halyk Finance талдаушысы Мадина Кабжалялова Қазақстанның еңбек нарығы бойынша 2023 жылғы есебінде келтіреді.

2024 жылға дейін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар салық, медициналық көмек және зейнетақы аударымдарын қамтитын бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) төледі. 2024 жылдан бастап бұл төлем жойылды, енді сіз басқа салық режимін таңдауыңыз керек немесе жеке кәсіпкер ретінде тір­кел­уі­ңіз керек.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қазір жылына бір рет жеке табыс салығын (ЖТС) төлейді (табыстың 10%), бірақ Медицина­лық және әлеуметтік аударымдарды қамти­тын табыстың 4% мөлшерінде жаңа жеңіл­дік салығын енгізу жоспарлануда. Бұл ста­тус­қа ие болуы үшін барлық кәсіп­тер жарай бермейді. Мысалы, сіз көкөніс­терді сатуға өсіре аласыз, бірақ оларды нарықта сатпайсыз, үйде киім тігуге болады, бірақ сіз коммерциялық ателье аша алмайсыз. Өзін-өзі жұмыспен қамты­ғандар заңды тұлғалармен жұмыс істей алмайды, тек жеке тұлғалармен істес болуы мүмкін. 

Дегенмен екінші деңгейлі банктер ірі несиелер беру кезінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың табысы туралы анықтама­ларға сене бермейді. Өйткені Halyk Finance сарапшыларының айтуынша, өзін-өзі жұ­мыс­пен қамтыған халықтың табысын қада­ғалау әлдеқайда қиын. Себебі олар ұлт­тық статистика бюросының сауалнама­лары негізінде бағаланады. Ал жалдамалы жұ­мыс­шылардың жалақысы үнемі бақы­лау­да. ҰСБ мәліметтеріне сәйкес, 2023 жыл­ғы III тоқсанның қорытындысы бо­йын­ша өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны 2,2 млн адамды құрайды. Оның ішінде 1,6 млн – жеке кәсіпкерлер, қалған 0,6 млн – тәуелсіз қызметкерлер және басқалар. 

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың табысы:

16%-ы 60 мың теңгеден төмен;

32%-ы 60-100 мың теңгеге дейін;

19%-ы 100-150 мың теңгеге дейін; 

12%-ы 150-200 мың теңгеге дейін;

17%-ы 200-300 мың теңгеге дейін;

4%-ының ғана табысы одан жоғары.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың бар­лығы дерлік экономиканың бірнеше секторында жұмыс істейді: саудада (31%), ауыл шаруашылығында (28%), көлікте (12%) және құрылыста (8%).     

«Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың барлығы дерлік жалдамалы қызметкер­лердің орташа жалақысынан төмен табыс табады, жартысына жуығы 100 мың теңге, ал 16%-ы немесе кемінде 350 мың адам ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз сома таба­ды», – деп жазады сарапшы Мадина Каб­жалялова.

Сарапшылардың айтуынша, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың көпшілігі шағын бизнеспен шұғылданады. Алайда елімізде жеке сектор мен ШОБ әлі де еңбек өнімділігінің өсу көзіне айналған жоқ. Керісінше, олардың тоқырауы байқалады дейді маман. Сәйкесінше, статистикаға «сүйеу» болып отырған – нарықтағы әлсіз және тиімсіз компаниялар. Олар негізінен мем­лекет, қолдау мен көптеген саладағы «мемлекет рөлінің артуына» байланысты жұмыс істеп келеді. 

Еңбекақысы төмен «тәуелсіз қызметкерлер»

Әлемдік стандарттар бойынша Қазақ­станда орташа жалақы төмен. Республика табысы орташадан жоғары елдер тобына кіргенімен, жалақы сол топтағы көптеген елге қарағанда төмен дейді мамандар. Тіпті, кейбір елдерде екі есе немесе одан да көп. Сондықтан өзін-өзі жұмыспен қамтыған­дарды жіктеу мәселесі елдегі жұмыссыздық деңгейін төмен етіп көрсетуі мүмкін. Сарап­шының пікірінше, жұмыс­сыз­дықтың төмен деңгейі жасырын сипат­қа ие, ұзақмерзімді жұмыссыздықтың үл­кен үлесін қамтиды және әйелдерге көбірек әсер етеді.

Еңбек экономикасында «жасырын жұмыс­сыздық» ұғымы жұмыс іздеуді тоқ­татқан немесе еңбек әлеуеті мен дағды­лар­ын толық пайдаланбаған адам­дарды сипат­тайды. 2023 жылдың екінші жар­тысында Қазақстандағы ресми жұмыс­сыздық көр­сет­­кіші тарихи ең төменгі көрсеткішті көрсе­тіп, 4,7%-ға дейін төмендеді. Бірақ Halyk Finance талдау орталығы маманы бұл көрсеткіштің объе­ктивтілігіне күмән кел­тір­іп отыр. Мысалы, Еуропа одағында был­тырғы жылдың қазан айында еңбекке жа­рам­ды ресми жұмыс­сыздар үлесі 6% бол­­ды. Атап айтқанда, Финляндияда бұл көрсеткіш 7,5%, Данияда – 5,4% құрады. Қазақстан­дағы ресми жұмыссыздық бұл ретте ұзақ уақыт бойы шамамен 5% тұрақты төмен деңгейде ұсталып келеді.

«Халықаралық зерттеулер жасырын жұмыс­сыздықтың еңбек нарығы үшін де, жалпы экономика үшін де көптеген жа­ғым­сыз әсері бар екенін көрсетеді. Өзін-өзі тиімсіз жұмыспен қамтығандардың саны Қазақстандағы барлық тәуелсіз жұмыскер­лер мен жұмыссыздардың жартысына жуығын құрайды. Сондықтан мемлекет осы жағдайға назар аударып, оны жою бо­йынша тиімді шаралар әзірлеуі қажет», – дейді сарап­шылар.

Сарапшылар 2019 жылы Қазақстан заңнамасында «өзін-өзі жұмыспен қамты­ған­дар» термині «тәуелсіз қызметкерлер» ұғымына, яғни қызметті мемлекеттік тір­кеу­сіз табыс алу мақсатында тауарларды, жұмыс­тарды және қызметтерді өз бетінше өндіретін (өткізетін) адамдарға ауыстырыл­ғанына назар аударады. Осылайша, өзін-өзі жұмыспен қамтыған және тәуелсіз жұмыс­шылар мен жеке кәсіпкерлер ресми статис­тикаға еніп кетті. Көптеген нәтиже­сіз жұ­мыс­пен қамтылғандар жұмыссыздық бо­йын­ша жәрдемақылардың төмендігіне байланысты жұмыссыз ретінде тіркелгісі келмеуі мүмкін. Мұның барлығы жасырын жұмыссыздықтың алғышартына айналуы мүмкін.

Тәуелсіз сарапшы Андрей Чеботарев демографияның дамуы алдағы уақытта бұл мәселеге өзге қырынан қарауға мәжбүр етуі мүмкін екенін алға тартып отыр. «Қазақ­стан­да ресми жұмыссыздық бірнеше жыл­дан бері айтарлықтай өзгерген жоқ және 4,7%-ды құрайды. Алайда туу деңгейін ес­керсек, жастардың саны айтарлықтай өсе бермек. Бұл оларға лайықты жұмыс орын­дарын табу туралы сұрақтар туғызып отыр. Жас азаматтар – бұл бір жағынан экономи­ка­мыздың мүмкіндігі, екінші жағынан сынақ», – деді ол.

Кедейліктің кебін кигендер

Ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2024 жылдың бірінші тоқсанының соңында табысы ең төменгі күнкөріс дең­гейінен аз халықтың үлесі 4,6% немесе шама­мен 1 млн адамды құрады. Бұл осал халық­тың ең үлкен тобы, мемлекет негізі­нен әлеуметтік саясат аясында осы топты азайту үшін көп күш жұмсап отыр. Алайда бұл көрсеткіш елдегі кедейлік деңгейін қаншалықты көрсетеді? Өйткені оған мем­лекеттің әлеуметтік қолдау стратегиясы тәуелді. 

«Біздің ойымызша, оның объектив­тілігіне бірнеше факторлар әсер етеді, ал ке­дей­ліктің нақты деңгейі ресми белгілен­геннен 2-3 есе көп болуы мүмкін. Бірін­шіден, Қазақстандағы кедейліктің орташа деңгейі 4,6% болғанымен, бұл көрсеткіш нақты жағдайды сипаттай алмайды. Өйт­кені елдің әртүрлі өңірінде кедейлік дең­гейі айтарлықтай ерекшеленеді. Мысалы, Түркістан және Абай облыс­тарын­да кедей­лік тиісінше 9% және 8%-ға жетеді, ал ең тө­мен кедейлік көрсеткіші елордада (Астанада)  – 2,4%. Көріп отыр­ғанымыздай, кей­бір аудандарда кедейлік деңгейі едәуір жоғары, ал басқаларында төмен, сондықтан жалпы көрсеткіш ахуал­ды нақты сипаттай алмайды. Ал еліміздегі «кедейлік шегі» халықаралық стандарт­тардан едәуір төмен. Қазақстанда бұл ең төменгі күнкөріс дең­гейінің 70%-ы ретінде белгіленген. Соны­мен қатар кедей отбасы­ларға арналған атау­лы әлеуметтік көмекті есептеу үшін пай­даланылады», – дейді Halyk Finance сарапшылары.

Алайда Дүниежүзілік банк жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табыс (ЖҰӨ) деңгейі бар елдер үшін, кедейлік шегі 2,6 есе жоғары болуға тиіс деп атап өткен болатын. Осылайша, Қазақстандағы ке­дей­лік деңгейі халықаралық стандарттар­мен салыстыр­ғанда төмен және бұл мәсе­ленің ауқымын толық бағалауға мүмкіндік бермейді.

«Дүниежүзілік банктің 2023 жылдың соңында жүргізген сауалнамасының нәти­желері бойынша респонденттердің 20%-дан астамы өздерін «кедей» деп көр­сеткен. Бұл адамдардың арасында халық­тың осал топ­тары бар: кедейлік шегінен төмен отбасы­­лар, қарттар, жұмыссыздар, мүге­дек­тер, әйелдер мен балалар елдегі эконо­ми­калық жағдайдың нашарлауын қатты сезінеді. Сонымен қатар сауалнамаға қаты­су­шы­лардың төрттен бір бөлігі күтпе­ген шығын­дарды жаба алмайды және бұл негізінен табысы төмен отбасылар. Сауал­на­маға қатыс­қандардың 90%-дан астамы елдегі табыс алшақтығына және халықтың әлеу­меттік осал топтарын қолдау саясаты­на нар­аз­ылығын білдірген. Осылайша, Қазақ­стан­дағы экстремалды кедейлік про­бле­ма­сы бұрыннан шешілгенімен, халықтың жет­кілікті үлкен үлесіне өзінің базалық қажеттіліктерін жабуға қаражат жетіспеу қау­пі бар, ал табыстың көп бөлігі азық-түл­ік­ке жұмсалады», – делінген сар­ап­та­ма­да.

Кәмила ЕРКІН