Кеңестік кезеңде ақиқаты құпия «құлпына» таңылған орындар аз болмады. Алайда ел егемендігін жариялағаннан кейін жоғал­ға­ны­мыз қайта табылып, ұмыт болғанымыз жаң­ғыра бастады.
Қордай асуындағы уран: Мұзбел ауылы жайлы ақиқат
2,239
оқылды

Міне, сондай жердің бірі – Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Мұз­бел ауылы. Аталған елді мекенде уранның ең көп мөлшері шығарылғанын жалпақ жұрт бұ­ған дейін білмеген еді. Енді, міне, Кеңес дәуі­ріндегі атом өнеркәсібінің өркендеуіне сүбе­лі үлес қосқан ауыл жайлы ақиқат айтыла бас­тады. 

Жалпы, Мұзбел ауылы ау­дан орталығынан 40 ша­­қырым жерде орналасқан. Қор­­дай асуының қақ ортасы, теңіз дең­гейінен 1 200 метр биіктіктегі тау жоталарын бойлай орын теп­кен елді мекенде бүгінде 30-ға тар­та ғана түтін түтеп тұр. Асу­дағы ауыл­дың ауданға жа­қын­ды­ғына қа­рамастан мұндағы тір­шілік кеңес­тік кезеңде құпия сақ­талып кел­ген. Себебі мұнда уран­ның мол көлемі өндіріліп, атақты Пан­­­­филов дивизиясы да осын­да тұрақ­таған. Сондай-ақ мұндағы қаз-қатар қойылған белгісіз тас­тар мен «Өлі көл» ата­ла­тын су ай­­­­дыны да талай құпия­ны осы күн­ге дейін бүгіп жатыр. 

Қордай жеріндегі алғашқы уран өндірісі сонау қырқыншы жылдардан бастау алады. Қуатты энергия көздерін іздестіріп, атом өнеркәсібін дамытуға мықтап кіріс­кен Кеңес үкіметі 1946 жылы құ­пия түрде «Волков» экспеди­ция­сын жасақтайды. Білікті гео­лог­тар мен түрлі сала маман­да­ры­нан құралған топ бірнеше бағытта Қа­зақстан аумағындағы уран кен орындарын барлау жұмыстарын жүр­гізіп, 1951 жылы ең алғашқы кен орнын анықтайды. Бұл «Кур­дайс­кое» деп аталатын Мұзбелдегі уран кені еді. Сол кездегі гео­лог­тар­дың мәліметінше, оңтүстік Қа­зақстан аумағынан табылған бұл уран «провинциясы» әлемдегі ең үлкен уран қоры деп танылды. Осының арқасында Қазақстан өңдеуге жарамды әрі таза шикізат қоры жағынан әлемдегі көш­бас­шы елге айналды. Бұл жайында «Вол­ковгеология» АҚ директо­ры­ның орынбасары болған В.Северныйдың мынадай естелігі сақталған: «Қордайдың ураны КСРО аумағында, қала берді бү­кіл әлемде өндіріліп жатқан уран­ның ішіндегі ең тазасы. Сон­­дық­тан алғаш атом өнеркәсібіне де, атом бомбасына да, «Чернобыль» АЭС-інде де дәл осы уран пай­да­ланылды. Әлемдегі уранның ең көп қоры да сол аумақта орналас­қан», – дейді геолог жазбасында. 

1952 жылы кен орны ашыл­ған­нан кейін Мұзбелге жан-жақ­тан мамандар тартылып, ауыл­да­ғы тіршілік қайнай бастады. Геологтар мен шахтерлар алға­шын­да асудың асау табиғатымен ар­палыса жүріп, ағаш күркелер мен палаткаларда өмір сүрсе, кейін­­нен оларға арналған үйлер са­лынды. Ауылда қоғамдық орын­­­­­д­ар пайда болып, әлеуметтік ны­сандар бой көтерді. Кейбір де­рек­терге сүйенсек, шахтаның ұң­ғымалары мен карьерлерін қазу­ға түзету мекемелерінде жа­засын өтеушілер де қатысқан. Мұн­дағы жұмысшыларға тәу­лі­гіне 14 сағаттан демалыссыз жұ­мыс істеуге тура келді. Қысы-жа­зы жұмыстың басым бөлігі қол­мен істелді. Өйткені техника жоқ, оның орнына есекке жегіл­ген арбалар тартылды. Осы кезде шахтерлар мен «ала көйлекті» тұт­қындардың арасында жан тап­сыр­ғандар аз болмаған көрі­неді. Алай­да бұл жайында бірде-бір құ­жатта дерек жоқ. Бірақ шах­та­ның солтүстік-шығыс беткейін­де­гі қаз-қатар тізілген құпия тас­тар­ды кейбір дереккөздер осында қаза болған адамдардың құ­лып­тастары деуде. Алыстан қарағанда көз­­ге оғаш көрінетін ірі тастар расында жіпке тізгендей түп-түзу орналасқан. Көлемі ірі, саны жүз­ден асады. Осы жайтқа бай­ла­нысты «Волков» экспедиция­сы­ның өкілі, геолог В.Северный ес­­телігінде: «Рас, жұмыс оңай бол­­­­ған жоқ. Күн суық, қар қалың. Ауыл мен шахтаның ортасында адамдар боранды күні адаспас үшін темір арқан тартылатын. 1 ке­лі таза уран алу үшін 1 тонна то­пырақты қопару қажет болса, бір реактордың жұмысына 50 тон­на уран дайындалуы тиіс еді. Жұ­мыстың көлемі мен ауыр­лы­ғын осыдан-ақ аңғаруға болады. Әри­не, адам шығыны да болды, оны неге жоққа шығарайын. Егер біз геологтар идея үшін өз ер­кі­міз­бен табанымызды тоздырсақ, «ала көйлекті» азаматтар мерзімін өтеп жүрді…», – деп жазба қал­дыр­ған.

Шахтадағы жұмыс­шы­лар­дың қазасы уран­нан шыққан радиация емес, сол кез­дегі жұмыс жағдайының тө­мендігі жә­не ауырлығынан болса керек. Себебі уран арнайы өңдеу­ден өт­пейінше, яғни ты­ныш күйін­де адам ағзасы мен қор­шаған ортаға әсері әлсіз. Зиян­дысы – тек уран­н­ың бөлінуінен туындайтын ра­дий мен родон. Осыны түсінген ма­мандар қиын­дықтарға қара­мас­тан он жылдан астам уақыт бойы атомдық өнер­кәсіп кеше­ні­нің тұрақты жұ­мы­сын қам­та­масыз етіп отырған. 

Кейіннен кеңестік билік уран өндірісін тиімсіз деп танып, 1967 жы­­лы кен орны жұмысын тоқ­тат­ты. Бір жылдан соң сол кездегі ере­­­жеге сай ондағы құрылғылар мен нысандар жойылып, ондаған шақырымдық шахталардың кі­реберісіне бетон құйылды. Алай­да қоршаған ортаны сауықтыру мә­селесі назарға алынбады. Осы­ған байланысты бертін келе Мұз­белдің маңайындағы топырақ пен сулардың құрамы тексеріліп, кен орнын қайта консервациялау, қоршаған ортаны сауықтыру, қал­дықтарды радонға қарсы эк­ран­мен жабу және санитарлық-қор­ғаныс аймағын құру сынды жұ­мыстар жүргізілді. Нәти­же­сін­де, ауылдың төңірегіндегі ра­диа­ция аясы қалыпты деңгейге же­тіп, тұрғындардың үрейсіз өмір сүр­­­­уіне мүмкіндік туды. Осы тұс­та Мұзбел ауылының маңынан та­биғи жолмен «Өлі көл» су ай­ды­­ны пайда болғаны таңғал­ды­ра­ды. Ауыл тұрғындарының ай­туын­ша, көлдің тереңдігі 150 метр­ден асады екен. Батыстан шы­ғысқа қарайғы ұзындығы 570 метр болса, ені 200 метрге жуық. Бір қарағанда табиғаттың тамаша сыйы. Алайда мұнда шомылуға, су­ды қандай да бір мақсатқа тұ­тынуға, тіпті жағалауында серуен­деу­ге де тыйым салынған. Қазір көл­дің айналасы тікенді сым­дар­мен қоршалған. Сон­дық­тан көл мен оның суының құ­­­­рамы жайлы тереңірек мағ­лұ­мат алу мүмкін емес. 

Мұзбелдегі тағы бір тарихи оқи­ға – мұнда Панфилов ди­ви­зиясы тұрақтаған. 1970 жыл­дар­дың орта шенінен 1980 жыл­дар­дың соңына дейін мұнда әйгілі ге­­нерал Панфилов атындағы 8-гвар­диялық атқыштар ди­ви­зия­сының 23-полкі орналасады. Үлкен гарнизонда артиллерия және танк, мотоатқыштар, зе­нит­шілер мен саперлар ба­тальо­ны сынды бірнеше әскери бө­лімдер бол­ған. Осы кезде Мұз­белдегі адам саны 10 мыңнан асып, Че­хов атындағы зәулім мек­теп, қос қабатты тұрғын үй­лер, бірнеше ба­лабақша мен тақ­тай­дай түзу кө­шелер салынған.

– Мен осында туып-өстім, мек­­­теп бітірдім. Уран өндіру жұ­мыс­тары аяқтала салысымен мұн­да білдей бір гарнизон құрыл­ды. Қазір айтсам сенбейсіздер, бі­р­ақ сол кезде Мұзбеліміз қана­тын кеңге жайып, гүлдене түсті. Ауылда саябақ, монша салынып, орталықтандырылған ауызсу жүйесі жүргізілді. Тұрғын үйлер мен әскери бөлімдердің барлығы бір типтес еді. Көшелері қаз-қа­тар түзу, жол жиектері әктелген, бір түйір артық шөп жатпайтын. Тіп­ті, өзге жерлерде «дефицит» бол­­ған заттар біздің әскери дү­кен­де сатылатын. Бұл аз десеңіз, Кеңес Одағының батыры, пан­фи­­ловшы В.Клочковтың музейі де, әскери зауыт та, банк филиалы да біздің ауылдан ашылған. Әт­тең, бүгін ол дүниелер келмеске кет­ті, – дейді ауыл ақсақалы Б.Кү­­місбеков күрсініп. 

Қарияның сөзінен байқалған мұң­ның себебі түсінікті. Бір кез­дері жайқалып тұрған мекеннің бүгінде шаңы бұрқырап жатқаны өкінішті әрине. Десе де, өмір өзен бір орнында тоқтамайды. Кейінгі жылдары ауылдан бес келушіге арналған жаңа медициналық ме­кеме салынса, «Нұрлы жол» бағ­дар­ламасы аясында жолы да рет­ке келтірілуде. Ал атомдық өн­діріске пайдаланылған уран­ның орнын жаңғырмалы энергия көзі – жел электр стансалары ал­­­­мастыруда. Қазір мұнда Vista International, «Ветро Инвест» және «Изен су» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің елуге тарта жел электр стансалары қойыл­ған. Әр құрылғының биік­тігі – 60 метр, салмағы – 180 тон­на, ал өндірістік қуаттылығы жы­лына 50 миллион кВт/сағатты құ­райды. Осының арқасында өңір­дің электр энергияға тәуел­ді­­лігі төмендеп, ондаған жаңа жұ­­мыс орындары ашылған. Осы­лайша, Қордайдың қоңыр желі кә­д­еге жарап, Мұзбел ауылы да жаңа дәуірді бастан кешіруде. Кім біледі, бәлкім тағы бір он­да­ған жылдан кейін Мұзбел ауылы қай­та түлеп, байырғы гүлденген ке­зеңіне оралар. Ол күнді кейінгі ұр­пақ көреді деп сенеміз...

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы