Ливандағы жағдайдың күрт шиеленісуіне байланысты осы елдегі елшілік Қазақстан азаматтарын қауіпсіздік талаптарын мүлтіксіз ұстануға шақырады.
«Ливаннан кете тұруға кеңес беріледі»: елшілік қазақстандықтарға ескерту жасады
Фото: BBC
496
оқылды

Қазақстанның Ливандағы елшілігі елдегі қақтығыстарға байланысты азаматтарды сақ болуға шақырды,  – деп хабарлайды  Aikyn.kz.

«Ливандағы жағдайдың күрт шиеленісуіне байланысты осы елдегі Қазақстан азаматтарын қауіпсіздік талаптарын мүлтіксіз ұстануға тағы да шақырамыз. Атап айтқанда, жергілікті билік орындарының нұсқауларын мүлтіксіз орындап, ел ішіндегі жүріс-тұрысты мейлінше азайтқан жөн. Сонымен қатар  Оңтүстік пен Бекаа жазығындағы азаматтарға ахуал оңалғанша салыстырмалы түрде қауіпсіз саналатын елдің  орталық және солтүстік өңірлеріне уақытша көшу және халықаралық рейстер барында Ливаннан кете тұру мәселелерін қарастыруға кеңес беріледі», - деп жазылған елшіліктің хабарламасында.

Еске салсақ, өткен аптадан бері Ливандағы Хезболла ұйымы мен Израиль арасындағы қақтығыстар күшейді. 23 қыркүйекте Израиль әскерилері Хезболланың 1300 нысанына шабуыл жасап, 492 адам қаза тапты.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш жағдайдың ушығып бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, «Ливан тағы бір Газаға айналуы мүмкін» екенін айтты.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.