Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген кесенеде жүргізіліп жатқан кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысты. Аймақтағы білім беру, мәдениет және спорт нысандары мен бірқатар кәсіпорындарға атбасын бұрып, өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларды талқылады.
Жаңадан бой көтерген «Достық үйін» аралап көріп, жергілікті зиялы қауыммен және Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелерімен жүздесті. Мұнда «Қоғамдық келісім» мекемесі, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Ардагерлер кеңесі, Аналар кеңесі, Медиация кеңесі және аймақтағы 11 этномәдени бірлестіктің өкілдіктері орналасқан.
– Қастерлі Түркістан жеріне арнайы келіп отырмын. Түркістан өңірінің келешегі жарқын деп ойлаймын. Жастарымызға үлгі-өнеге көрсетіп жүрген ардагерлерге алғыс айтқым келеді. Ең алдымен, жастарға қолдау білдіруіміз керек. Біз бәріміз бірігіп, ел үшін еңбек етуіміз қажет. Сырттан келетін тәуекелдер аз емес. Ахуалды жақсы білесіздер. Түркістан облысында 50 ұлт өкілі тұрады. Ауызбіршілікті сақтау және елімізді дамыту жолындағы ерен еңбектеріңізге ризашылық білдіремін. Қазақстанда ешқашан ешқандай фобия болған емес, болмайды да. Біз – бірлігі мығым, толерантты, ұстамды әрі еңбекқор халықпыз. Ең бастысы – осы. Сондықтан ынтымағы жарасқан қоғамның іргесін әлі де бекіте түсеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазіргі күні Түркістан ескі мен жаңаны үйлестіре аз күнде адам танымастай түрленіп, көрікті, таза қалаға айналып үлгерді. Бұл ретте Мемлекет басшысы Түркістанға облыс мәртебесін берген еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор екенін атап өтті. Кездесуде Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов Түркістанның облысқа айналған сәтінен бері болған оң өзгерістерге тоқталып, халық саны тығыз орналасқан өңірге мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық үшін алғыс айтты.
Президент қаладағы Мұз сарайын да аралап көрді. Заманауи үлгіде жабдықталған кешенде шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және хоккей сияқты қысқы спорт түрлерімен жыл бойы айналысуға қажетті барлық жағдай жасалған. Нысанда Италия, Канада, Германия, Финляндия елдерінде шығарылған қондырғылар орнатылған. Арнайы технология алаңның пішінін өзгертуге мүмкіндік береді. Сол арқылы мұз айдынында бір мезгілде бірнеше спорт түрімен шұғылдануға болады. Қасым-Жомарт Тоқаев Мұз сарайын аралап көріп, балалардың өнерін тамашалады. Сондай-ақ бапкерлермен және спортшылармен кездесті. Президент отандық спортшыларды әрдайым қолдайтынын, жетістіктерін бақылап отыратынын айтып, оларға сәттілік тіледі. Кездесу барысында жергілікті Turan Tigers хоккей клубының спортшылары Мемлекет басшысына команданың жейдесін сыйға тартты. Жалпы, Түркістанды әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сай облыс орталығында «Түркістан-арена» стадионы, көпбейінді «Олимпик» орталығы және Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені, «Тұран» футбол академиясының ғимараты бой көтерген. Сонымен қатар 7 теннис корты салынып, жалпы ұзындығы 51 шақырым веложол төселген.
Соңғы жылдары қалада халық саны да жылдам өсіп келеді. Сондықтан да әлеуметтік бағыттың әлеуетін арттыру маңызды саналатыны әу бастан белгілі. Әсіресе, білім беру, денсаулық сақтау салаларында жаңашылдыққа ұмтылу – басты міндет. Қазір облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 29 мектеп салынып жатыр. Жемқорлардан тәркіленген қаржыға тағы 20 білім беру нысаны бой көтереді. Оның 13-і биыл пайдалануға берілмек. Осылайша, апатты және үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешіледі. Ғимараты жаңадан бой көтерген мектептің бірі – Білім инновация лицейі. Лицей жаратылыстану-математика бағытын ағылшын тілінде оқытады. ҰБТ-да оқушылары орташа 112 балл жинапты. Биыл республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша он бірінші орынға тұрақтаған. Мемлекет басшысы Білім инновация лицейінде білім беру процесінің ерекшелігі мен оқушылардың ғылыми-зерттеу жобаларына назар аударды. Мұнда ұстаздар оқушылардың академиялық жетістіктеріне ден қояды. Нәтижесінде, олар республикалық, халықаралық пән олимпиадаларында және спорт сайыстарында үздік атанып жүр. Лицейде бүгінгі күні 500-ден астам оқушы білім алуда.
Президент оқу және үйірме кабинеттерін, спорт залын аралап көріп, оқушылармен әңгімелесті. Мемлекет басшысы еліміздің келешегі жас ұрпақтың қолында екенін айтып, олардың оқуда озат болуына тілектестік білдірді.
Түрленген Түркістанда инвестициялық жобалар қарқыны да ауыз толтырып айтарлық болып тұр. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі инвестициялық жобалар шоғырланған SPK TURKISTAN өндірістік паркін аралап көрді. 100 гектар жерге жоспарланған өндірістік парктің құрылысы екі кезең бойынша жүзеге асырылады. Индустриялық алаңның бірінші кезеңінде 30 гектар жер телімі бөлініп, тиісті инфрақұрылыммен және коммуникация желілерімен қамтамасыз етілді. Бастапқыда жалпы құны 96,9 миллиард теңгені құрайтын 29 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде инвестиция көлемі 36,5 миллиард теңге болатын 8 өндіріс іске қосылып, 712 жаңа жұмыс орны ашылды.
Ал көкөніс сақтау қоймасында 3,5 мың тонна көкөніс пен 500 тонна бакалея өнімдерін сақтап, Түркістан, Кентау және Арыс қалаларын маусымаралық кезеңде азық-түлікпен қамтамасыз ету көзделген. Жобаны «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «М-Адал» компаниясы жүзеге асырды. Алдағы уақытта аймақтағы Леңгір, Жетісай, Шардара, Сарығаш секілді ірі елді мекендерді әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін Сарыағаш қаласынан 2 мың тонналық қойма салу жоспарланған. Осы орайда Президентке өңірде агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізгі бағыттары таныстырылды. Атап айтқанда, облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға, су үнемдеу технологияларын енгізуге, жылыжайларды көбейтуге және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ден қойылмақ. 2030 жылға қарай өңірде суармалы жерлердің 40 пайызына су үнемдеу технологиялары енгізіліп, аумағы 602 гектарды құрайтын жаңа жылыжай кешендері іске қосылады. Сонымен қатар алдағы үш жылда 105 инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлермен әңгімелесіп, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру мәселесі жөнінде пікір алмасты.
– Жұмыс өте сәтті жүзеге асырылып жатыр екен. Үкімет өңірге көмек көрсетеді. Түркістан облысының жағдайы жаман емес. Әкім жақсы жұмыс істеп жатыр. Қолынан іс келеді. Сондықтан облыстың келешегі зор деп ойлаймын. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді Президент.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы су үнемдеу технологиясын енгізудің маңызды екеніне назар аударды. Президент жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын BNK Group серіктестігінің өндіріс цехтарының жұмысымен танысты. Кәсіпорын америкалық Nelson Irrigation компаниясымен бірлесіп, BNK IRRIGATION сауда белгісімен айналмалы және фронтальды жаңбырлатқыш машиналар өндірісін іске қосқан. Келесі кезекте тамшылатып суару қондырғыларын шығаратын екі зауыт ашуды көздеп отыр.
Президент білім беру мекемелеріне арналған жиһаз шығаратын Аqniet Holding өнімдерін көрді. Соңғы үш жылда компания 50-ге жуық мектепті жабдықтаған. Мұнда «Жайлы мектеп» стандартына сай жиһаздар, KAZMEDPRIBOR компаниясымен бірлесіп, медицина мекемелеріне арналған жабдықтар жасалады. Бұдан кейін Президент тоңазытқыш және мұздатқыш жабдықтарын өндіретін Jasyl suyq Qazaqstan кәсіпорнының өндіріс алаңына барды. Өнімдерін Орталық Азия елдеріне импорттап келе жатқан болгариялық UBC Group холдингі Түркістан облысында екі ірі өндіріс желісін ашу жөнінде шешім қабылдаған. Инвестор жобаның бірінші кезеңіне 5 миллион еуро көлемінде қаржы құяды. SPK TURKISTAN аумағындағы өндіріс алаңында 350-ге жуық жұмыс орны ашылады. Ал «Тұран» арнайы экономикалық аймағында іске қосылатын екінші зауытқа 7,5 миллиард теңге инвестиция салынады. Нәтижесінде, айына 10 мыңға дейін тоңазытқыш жабдығын шығарып, мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, өңір экономикасының дамуына тың серпін беру үшін 2024-2027 жылдар аралығында жалпы құны 2,5 триллион теңге болатын 145 инвестициялық жобаны жүзеге асыруды мақсат етіп отыр. Нәтижесінде, аймақта 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны пайда болады деп жоспарланған. Инвестиция тарту мақсатында қазір қытайлық Xinjiang Lihua (Group) Co.Ltd компаниясымен өңірде мақтаның элиталық сұрыптарын өсіру және тоқыма кластерін құру жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, ірі жобалардың қатарында қуаты 926,5 МВт бу-газ қондырғысының, 800 МВт күн және жел электр стансаларының, Түркістан қаласындағы бес жұлдызды қонақүйдің құрылысы, дрон және бейнебақылау камералары, газ қазандықтары, тұрмыстық техника, тау-кен және металлургия кешеніне арналған құрылғылар, алюминий бұйымдар өндірісі секілді маңызды бастамалар бар.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ордабасы ауданының Бадам ауылында орналасқан «Бөрте Милка» ЖШС тауарлы сүт фермасын аралап көрді. 2016 жылы негізі қаланған бұл кәсіпорын Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде биыл 403 бас сиыр сатып алды. Нәтижесінде, қосымша 15 жаңа жұмыс орны ашылды. Жобаға мемлекеттен жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыз болатын жеңілдетілген 2,4 миллиард теңге несие берілді. Бүгінде құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Ферма DeLaval швед технологиялық кешенімен жабдықталған. Ферма тәулігіне 25 тонна сүт өңдеп, 20-дан астам өнім түрін шығарады. Кәсіпорынның тауары негізінен Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарына, сондай-ақ Шымкент, Алматы қалаларына жеткізіледі.
Президент Ордабасы ауданында JNRAY Group серіктестігі биыл іске қосқан тігін фабрикасының жұмысымен де танысты. Аумағы 6 мың шаршы метр болатын жеңіл өнеркәсіп нысанын ашуға мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасы аясында 1,4 миллиард теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген. Қасым-Жомарт Тоқаевқа фабрикада киім-кешек, төсек жабдықтары және арнайы киім түрлері шығарылатыны жөнінде мәлімет берілді. Бүгінде кәсіпорында 300 адам жұмыс істейді. Келешекте өнім түрлерін көбейтіп, тігіншілер санын 500-ге дейін жеткізу жоспарланған. Қажетті шикізат көршілес Өзбекстан мен Қырғызстан елдерінен жеткізіледі.
Мемлекет басшысы тігін цехын аралап көріп, өнім үлгілерімен танысты.
Тілек ҚАБЫЛ