Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен «Адал азамат» тұжырымдамасының бір тарауы сол еңбек адамынан басталады. Адал аза­мат дегеніміздің өзі – жақсы қасиеттерге ие бол­ып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қоятын жан.
Адал ісімен көпке үлгі
434
оқылды

«Озық ойлы ұлт болу үшін бү­кіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылық­тарды орнық­тыруы керек. Әрбір адам «Адал аза­мат» деген атқа лайық болса, елі­мізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамай­тын ұғымдар. Осы үш тағанды оз­ық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады», – деп атап өтті Мем­ле­кет басшысы өз сөзінде. 

Қыркүйек айының соңғы жек­сен­бісінде аталып өтетін Ең­бек күні қарсаң­ында біз де елі­мізге сіңірген еңбегімен, адал қа­сиеттерімен танылып жүрген нағыз маңдай тер, адал еңбектің нанын жеп жүрген жандар жөнін­де, қарапайым еңбек адамы жай­лы айтсақ деген едік. Пайызхан Есалиев Түркістан облысы Арыс қаласындағы Арыс локомотив пай­да­лану депосында вагон қа­был­даушы болып жұмыс істейді. Алғашқы еңбек жолын осында бастап, табан тіремей ширек ғас­ыр­дан аса еңбек етіп келе жатқан нағыз қара күштің иесі. 

Құрамында локомотивтерге тех­ни­калық қызмет көрсету пункті, құммен жабдықтау қоймасы бар Арыс локомотив пайдалану депосының ғасырдан астам тари­хы бар. Арыс-Тараз-Арыс және Арыс-Сарыағаш-Арыс бағытын­да жүк тасымалдау қызметтерін ат­қаратын қызмет көрсету ауқы­мы кең депода Пайыз­хан Қожан­ұлы­ның өзімен бірге әкесінің де талай жылғы еңбек ізі жатыр. «Ор­талық Азия қақпасы» атанған Арыс қаласында теміржолшы отбасында туған оның әкесі осы депода жұмыс істепті. Құр­метті теміржолшы атанып, айнала­сына сүйкімді  болған жан­ның ұлы да әке­сіне еліктеп өскен. Өскенде мен де темір­жолшы боламын деген қиялы оны ақыры осы салаға жетектеп келіпті. Ал­ғаш­қы еңбек жолын сонау 1986 жылы слесорлық­тан бастап, ва­гон жөндеу бойынша бри­гадир, доңғалақ цехтың шебері баспал­дақтарынан өтіп, қазір Арыс ло­ко­мотив пайдалдану депосын­ың вагон қабылдау­шысы қызмет­ін атқарып жүр. Таңғы 9-да баста­латын жұмыс кешкі 9-ға дейін жал­ғасады. 12 сағат жұмыс кесте­сімен вагон­дардың жөндеу жұ­мыс­тарын қадағалайды. 5 бөл­шек­тен тұратын вагондарға әр 3 жыл сайын күрделі жөндеу жұ­мыс­тары жүреді. Ал Пайызхан Қожанұлы осынау вагон­дардың сапалы қызмет етуі үшін келген вагондарды қабылдап, оны ары қарай жолдауды жауапкершілікке алған. 

Арыс қаласының тоғыз жол­дың тора­бы атануы да тектен-тек емес. Мұнда жолаушылар төрт тарапқа кетеді. Орта­лық Азия мен Қазақстанды біріктіріп тұр­­ған ірі станса бар, тоғыз жолдың тора­бы аталуы да сол себептен. Сон­­дықтан болса керек, халқы­ның басым көпшілігі шойын жол саласында қызмет етеді.

Бүгінде 5 ұл-қыз тәрбиелеп, әр­қайсы­сының өз жолын тауып кетуіне себепкер болып отырған отағасының ұжымында да абыр­ойы асқақ. Адал еңбек, маңдай терін бағалаған ұжымдастары оны бірнеше марапатқа ұсынған. Арыс локомотив пай­далану депо­сының пойыздар қозғалысы­ның қауіпсіздігін сақтауды арттыруға қосқан үлестері үшін Президент­тің ал­ғыс­хатымен, министрліктің және облыс­тық, аудандық дең­гей­дегі билік өкілдері­нен мара­паттар алған. «Ұжымда ауыз­бір­­ші­лік мол, менікі, сенікі демей кез келген жұмысты бір кісідей ат­қарып, бір-біріне қолдау көр­сет­іп тұрады. Осындай ұжыммен жұмыс істегеніме қуаныш­тымын. Жұмысым өзіме ұнайды», – дейді Пайызхан Қожанұлы бізбен әңгі­ме­сінде. 

Мемлекет басшысы «Біз құ­рып жат­қан жаңа қоғамда еңбек адамы ең бірінші орында тұруы керек» деген ұстанымын қолдау мақсатында біз де жұмысшылар­дың тыныс-тіршілігіне үңілдік. Қара­пайым азаматтар күнделікті өмірде көр­сет­іп жатқан іскерлік, еңбекқорлық қас­иет­тер шын мән­ін­де біздің отаншыл­дық рухы­мызды көтереді деген сенімд­еміз.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы