Көрші үйден түн ортасында тап осылай қатты дауыс шықты.
Депутат болсам
312
оқылды

 – Түс деймін.

 – Түспеймін.

 – Мен саған түс, дедім ғой.

 – Қойшы, түскім келмейді.

 – Түс...

Көрші үйден түн ортасында тап осылай қатты дауыс шықты. 

 – Түсесің, – дейді көрші әйел айқайлап. Ұйқым ашылып төсектен басымды көтердім. Дөңбекшіп жатқан әйелім де оянып кетті. Бажырайып бетіме қарады. Мен теріс қарадым. Таң атты. Сыртқа шықсам, аулада түндегі оқыс дауыс қайта естілді. 

 – Түс дедім ғой саған...

 – Түспеймін, – дейді көрші еркек. Құдай-ау, бұлар түнімен қайда мініп, қайдан түсе алмай жатыр десем, бетім-ай, көрші әйел алқаш еркегіне «сайлауға түс» дейді, күйеуі «түспеймін» дейді. Ал біздің қатын түнде оны басқаша түсініпті. Бәсе, маған бет-аузы жыбырлап қарауы жаман еді. 

 – Жұрттың еркектері тым жақсы халқы үшін сайлауға түсіп жатыр, сенің олардан қай жерің кем? – дейді әйелі Маңқагүл. 

Көрші еркек:

 – Мен сайлауға қалай түсемін, депутат болу үшін әнші не спортшы болу керек, – деп ол айтқанынан қайтпайды. Тап осы көріністі біздің үйдегі әйел естімесе деп тілеп едім. Қайдағы, есінеп қасымда тұр екен.

 – Сайлау, – дейді. Көзі аларып кетті. Бұл туралы мұның құлағына әлі жетпеген болатын. Алдыңғы сайлауда маған «неге түспедің?» деп миымды жаңғақша шағып жеген еді.

 – Ойбай-ау, мен неге білмей қалғанмын, жүр үйге,  – деп мені дырылтатып ішке кіргізді. Лекция басталды.

 – Көрдің бе, көршінің алқаш байы сайлауға түскелі жатыр. 

 – Түсе берсін, маған сайлау не керек?

 – Сүмелек-ау, неге керек емес, сахнада би билеп, ән салып жүрген әншілерден қай жерің кем? Естуімше, қазірде алқаш, жемқор, манияктар да сайлауға түсуге болады екен. Ешкімге шек қойылмайды деп жатыр. 

 – Соқ өтірікті. Қайдағыны айтпашы, мен ондай емеспін.

 – Мейлі, әншейінде үйде отырып сайрайсың, оданда мәжіліске барып мәселе көтер. Көрші Маңқагүлдің жаман байынан он есе артықсың. Шофер не, адам емес пе?

 – Сайлауға түсу үшін саясатты, заңды білу керек, ол жер халықтың, елдің тағдырын шешетін орын ғой. 

 – Шешіледі, шешілмейтін түйін жоқ, шешеміз, – деп әйелім қояр емес. 

 – Депутат болғым келмейді, – дедім.

 – Басымды қатырма, сайлауға түс!

 – Түспеймін!

 – Түс!

 – Түспеймін!

 – Түсесің!..

Үш күн бойы осылай айтыстық. Ақыры көндім. Сайлауға түсуге бел будым. 

Әйелім қолыма былай деп бадырайтып бағдарлама жасап берді.

«Құрметті арыстандай ағаларым, бұқадай балдыз­дарым, жолбарыстай жиендерім, нардай нағашыларым, түлкідей таныс-тамыр, туыстарым!

Міне, өзіме емес әйеліме сеніп, әрине сіздерге де сеніп, депутаттықтан дәмеленіп өз кандидатурамды ұсынып отырмын»...

Біріншіден: Күйеуге шыға алмай жүрген қыздарға бизнесмен, ақшасы көп еркек тауып беремін. Екі әйел аламын деп есірген еркектерді елден қуып шығамын. Оларға қар құшақтатып, мұз сүйдіремін...

Екіншіден: Мәдениет – өнер қызметкерлеріне, ақын-жазушыларға, ай сайын ақысыз алғысымды ауызша, жазбаша аямаймын. Қанша сұраса да үйіп-төгіп беремін...

Үшіншіден: Жағымпаз болмайтын, пара алмайтын, бөспейтін, жемейтін, ішпейтін, шекпейтін, тартпайтын, ұрламайтын, қызғанбайтын адамдардан мекеме басшыларын тағайындауға атсалысамын... 

Төртіншіден: Жұмыссыз жүрген еркектердің қолына бір-бір сапты күрек, кетпен, айыр, балта, балға тауып беремін. Ал әйелдерге оқтау, ұршық, қазан, бесік, келісап, ине-жіп ұстатамын...

Бесіншіден: Депутаттардың кезектесіп қайта-қайта сайлануына шектеу қоямын. Өз басым қайта сайланбаймын деп қорадағы тоқал ешкімнің ақ сүтімен ант етемін...

Алтыншыдан: Күн сайын көшеде жаяу жүріп халықтың тыныс-тірішілігін бақылаймын. Ұйымдасқан қылмыскерлерді ұстап алып ұялтамын.

Жетіншіден: Үйлену, қыз ұзату, сүндет тойлар бұдан былай ақысыз өтеді. Асабалар мен әншілер тойларыңа тегін қызмет көрсететін болады... 

Басым ботқадай пісіп, жүрегім жылып, ішім бір қапшық жақсылыққа толып, халқыма адал қызмет еткім келеді. Әзірге әйелімнің айтқандары осы. Егер осы сайлауда депутат болсам, рас айтамын, әйтеуір бір көмегім тиеді. 

Маған дауыс беріңіздерші...

Ерсін ҚАЙРОЛЛА