Қазақ үшін елге сыйлы, құрметке лайық адамның бағасы – адал еңбек, маңдай тер. Кәсіби шыңдалу жол­ын­да түрлі ізденіс­тер мен талпыныстар арқылы өз мамандығының шебері болудың жөні бөлек.
Еңбек адамы – ел байлығы
397
оқылды

Ал ұс­таздық жол – ұрпаққа білім мен тәрбие беруде жалық­пас, шалдықпас ұзақ әрі ұлы жол десек болады. Білім мен білік, қа­жыр мен қайрат сынға түсетін ұстаздық қызметті өмірінің мәні де, сәні де ете білгендердің бірі – Раушан Тажібайқызы Сапарбаева. 35 жыл ғұмырын білімді ұрпақ тәрбиелеуге арнаған ұстаздың айтары көп.

Еңбек жолын Қожа Ахмет Я­сауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Фило­логия факультетінде білім ала жүріп, Шымкент қаласындағы №34 В.Терешкова атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметінен бас­таған. Жоғары оқу орнын бітірген соң, Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданындағы Атамекен ауылында №23 «Жібек жолы» орта мектебінде өзіне білім берген ұстаздарымен иық тіресе жүріп, ма­­мандығы бойынша қызмет етті. Ауылда жүріп-ақ Мақтаарал аудан­­дық «Өркен» апталық ақпар­ат-тық-сараптамалық газетінің, Оңтүстік Қазақстан облыстық «Болашақ» танымдық-тәрбиелік газетінің, «Қазақ тілі мен әдебиеті» республикалық ғылыми-педагоги­ка­лық, әдістемелік журналының авторлар құрамына енді. 2006-2007 оқу жылынан бастап Астана қала­сындағы №52 мектеп-гимназияда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұ­ғалі­мі және мектеп директоры­ның бейіндік оқыту ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып кел­еді. Яғни, туған өлкесінде – 17 жыл, Астанада 18 жыл білім сала­сын­да үздіксіз еңбектеніп етуде.

«Алты Алаш бас қосса, төр – мұ­ғал­імдікі» деп Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаев айтқандай, ұстаз еңбегі, ұстаз абыройы бәрі­нен де биік. Сондықтан да болар, қазақта атадан балаға жалғасып, ұстаздықты мұра еткен әулеттер көп. Раушан Тәжібайқызының да атасы Тәжібек Сапарбаев ұзақ жыл­дар білім саласында қызмет атқарған. Ол еңбек жолын химия пәнінің мұғалімдігінен бастап, оқу ісінің орынбасары, мектеп дир­екторы, аудандық білім бөлімінің басшысы, партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне дейін көтерілген, өте сауатты, беделді кісі болыпты.

– Әулетімізде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің, орыс тілі мен әде­биеті, ағылшын тілі, тарих, химия-биология, математика, ин­фор­матика, география пәндері­нің және бастауыш сыныптың мұғалім­дері де бар. Менің нағашы аталар­ым Құран ұстаған молда болған. Яғни, өз замандарының ең сауатты жандары, сол кезеңдегі оқытушы, ағартушы ұстаздар бол­ған. Сон­дық­тан ұстаздық менің арман, тілегімнен бөлек, қанмен, текпен дарыған мамандық, атакәсіп деп есептеймін, – дейді ұстаз.

Барлық мамандықтың өзіндік күрделілігі, шешуі қиын мәселе­лері болады. «Ұстаздық еткен жал­ық­пас» дегендей, мұғалім қойған талап пен талғамға бағыну, оны саналы түрде орындау үшін оқу­шы­ны айтпағанның өзінде ата-ана­ның да көзі қарақты, көкірегі ояу болмағы керек. Раушан Тәжі­бай­қызы ұстаздық кәсібіндегі күрде­лілік тударатын мәселе ата-аналармен қарым-қатынаста екен­ін айтады.

– Үйдегі еркелігін мектепке әке­летін оқушы мұғалімнің тала­бын, ескертуін, жалпыға ортақ тәр­тіпке шақыруын ауыр қабыл­дайды да, өз ұғым-түсінігіндегі дең­гейде жеткізеді. Ал қазіргі жас ата-аналар мәселенің байыбына жет­пей, мектеппен байланысты, мұғаліммен қарым-қатынасты шиеленістіріп жатады. Бабалары­мыз­дың «Еті сенікі, сүйегі менікі» деген қағидасының дұрыс екен­дігін жалпы көпшілік қабылдай алмай­ды. Ешбір ұстаз алдында отырған шәкірттің жаман болған­ын қаламайды, керісінше, шә­кірт­тің білім-білігін, бейім дағ­дысын ілгерілетуге барын салып, жанын садаға етіп еңбектенеді. Менің үнемі қайталап айтатын нәрсем – ұстазға дұшпандықпен емес, құрметпен қараған сайын оқушы да өз кемшілігін түсінеді, – деді ол. 

Жалпы, ұстаздың қуанышы –  шәкіртімен бірге қуана білуі. Сон­дай-ақ Р.Сапарбаеваның айтуын­ша, «Ұстаздан шәкірт озар деген» ұстанымдағы мұғалім үшін оқушы­ның кішкентай ғана жетістігін қол­дап, қуаттасаң, «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген­дей, жанарында жарқ еткен бір сәулені байқап, бейіміне қарай бағыттап жетеле­сең, шәкіртіңді өзіңнен оздыра білсең, үлкен қуаныш – сол. Дегенмен қоғамда қазіргі балалар­дың психология­сына қатысты алу­ан пікір бар. Біреулер бұрынғы бала мен бүгінгі баланың арасы жер мен көктей десе, кейбіреулер бала қай кезде де бала дейді. Біз Рау­шан Тажі­байқызынан «Қазіргі шәкірт­теріңіз мен бұрынғы шә­кірт­­теріңізді салыстыра аласыз ба? Олардың айырмашылығы бар ма?» деп сұрағанымызда, «Бала­ның бәрі білмекке құмар, бел­сенді, аш­ық шынайы болады. Десек те, бұ­рынғы шәкірттерге мұғалімнің, жалпы үлкендердің айтқаны заң болып есептелетін. Үлкенге құр­мет, кішіге ізет жасап, ұлттық құн­ды­лық­тарды, рухани құндылық­тар­ды жоғары бағалай­тын. Кітап оқуға құштар, қоғам­дық жұмыс­тарға белсене қатыса­тын, еңбек­қор болатын. Ерте есей­е­тін. Олар өз мүддесінен қоғам мүддесін жо­­ғары қоятын. Ұстаз ең сыйлы адам деп құрмет­тейтін», – деді.

Ұстаз әмбебап бол­уы керек. Бұл тұрғыда, Р. Сапар­баева заман талабына сай ұстаз керек жерінде әртіс, әнші, психо­лог, дәрігер бола білумен қатар, жал­пы ұстазға тән қасиеттер мен дағдылар­дың бәрінің толық бол­уын қолдай­ды. Оның айтуынша, заманауи ұстаз кемел ұрпақ тәр­бие­леуді өмірлік мақсат тұтқан, өзгелерге өнер-білім үйрете жүріп, өзі де өмір бойы оқып, үйрене жүре­тін сегіз қырлы, бір сырлы жан болуы қажет.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ