Бұдан былай қоғамдық орындарда ақша жинап, мұқтаж жандарға көмектесіп жүрген еріктілер тексеріледі.
Еріктілердің артында алаяқтардың тұруы мүмкін: Қазақстанда қайырымдылыққа қаржы жинайтындар тексеріледі
Ашық дереккөз
1,572
оқылды

Өйткені соңғы кездері елімізде қайырымдылықпен айналысатындар көбейген. Ішкі істер министрлігі өкілдерінің айтуынша, мұндай еріктілердің артында алаяқтар тұруы мүмкін. Ал анықталған жағдайда, оларға қандай жаза қолданылатыны әзірге белгісіз, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Десе де, мұқтаж жандарға шынымен көмектесіп жүргендер де бар. Мәселен, 11 жасар Әлихан церебрал сал ауруына шалдыққан. Анасы баласымен бірнеше рет шетелге барып қаралыпты. Қайда болмасын, аттап бассаң, "ақша қажет ететін қымбатшылық заманда дертіне дауа бар, алайда қаражат жоқ" дейді. Айтуынша, ай сайын Әлиханның еміне 600 мың теңгеге дейін қаражат кетеді екен. Жұбайының жалақысы шайлығынан артылмайтын отбасына қорлардың бірі қаржылай ғана емес, азық-түлікпен де қамтамасыз еткен.  

“Баламда церебрал сал ауруы. Бұл диагнозбен балада еш үзіліс болмауы керек. Әйтпесе сүйегі қисая бастайды. Осы кісілерді тауып, Қайрат мырзаның арқасында балам қорғаулы. Сол кісілерден көмек сұрағанмын. Аллаға шүкір. Бір рет емес, үш рет көмегін алдым. Қаржылай алдым. Өйткені балама қаржылай көмек керек. Баланың жәрдемақысы өзіне жетпейді”, – дейді Айсұлу Қаукенова  КТК арнасына.

Қор өкілдері сал ауруына, ауыр дертке шалдыққан 350-ден астам баланың еміне қаржылай қолдау көрсетіп келеді екен. Бұл қор еліміздің төрт қаласында бар екен.

“Қоғамдық қорымыз бір отбасына нақты сома дайындап қойғанбыз. Кейде өздері сұрайды, осыншама сома керек деп.  Сол кезде қанша уақытта жинап боламыз, содан кейін келесі балаға жинап береміз. Бір балаға бір аптада жинап қоямыз. Кейбіріне бір айда жинаймыз, кейбіріне төрт аптада. Кезекпен. Ол жерде есеп беріледі, бухгалтерияға барады ғой. Актімен қабылдап аламыз”, – дейді "Халықаралық дүние руханият" қоғамдық қорының президенті Жанболат Орынбасар.

Аталмыш қордың жұмыс істегеніне алты жылға жуықтаған. Мұнда еріктілерден жасақталған арнайы топ та бар. Олар науқас бүлдіршіндердің суреті жапсырылған қорапшалармен қоғамдық орындарды аралап, көпшілікті сауабы мол, игі іс көрсетуге шақырады.

“Науқас сәбилердің еміне көмек беріп жатырмыз. Ерекше балалардың. Осындай "Халықаралық руханият" қорымен бірге іс-шаралар ұйымдастырамыз. Сол іс-шараларға атсалысып, көмектесіп жүремін. Қоғамдық орындардан, базарлардан немесе автобустардан. Қоғамымызда қаншама науқас сәби көп, солардың еміне мен де көмектескім келеді”, – деді ерікті Нұрлы Сарыбай.

Десе де, ерекше балалардың атын жамылып, заңсыз жолмен ақша жинап жүрген топтар да жоқ емес. Жақында осы мәселені Сенат отырысында да көтерген. Енді елімізде автобустың ішінде ақша жинайтын еріктілерді полицейлер тексереді.

“Қарап көрейік, зерттейік. Бірақ жақсылық жасау  – әр адамның өз еркінде. Ақша жинап жүргендер ешкімді бопсаламайды. Бергіңіз келсе – бересіз, бергіңіз келмесе –  бермейміз. Бұл – бірінші мәселе. Екінші мәселе  —  еріктілердің артында алаяқтардың тұруы да мүмкін. Егер сондай жағдай кездесіп жатса, онда ол біздің құзыретімізде”, – деген еді Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха. 

Ішкі істер министрлігі қоғамдық орындарда ақша жинап жүрген еріктілерді енді жіті тексермек. Өйткені қаражат жинайтындардың көбі – жасөспірім. Сондықтан түсіндіру жұмысына олардың ата-аналары да тартылады. Ал алаяқ болып танылғандарға нақты қандай жаза қолданылатыны әзірге белгісіз.