Салдарынан үш адам дәрігердің көмегіне жүгінді.
Оқушы талып қалды: СҚО-да мұғалім мектеп ішінде бұрыш баллонын шашқан
Daniel Karmann
359
оқылды

Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданы Талшық ауылындағы мектептің фойесінде мұғалім бұрыш баллонын шашқан, деп жазады Aikyn.kz.

Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 27 қыркүйек күні Ақжар ауданының орталығы Талшық ауылындағы мектепте оқушылардың есінен танып құлап жатқаны туралы ақпарат түскен. 

Хабарласқан адам дәлізде өткір иістің бар екенін айтқан. Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобының қызметкерлері мен учаскелік полиция инспекторы мектептен оқушыларды, ұстаздар мен жұмысшыларды эвакуациялап, мән-жайды анықтады.

Осы мектептің екі мұғалімі бұрыш баллонын тексермек болған. Олардың біреуі мұның салдары қандай болуы мүмкін екенін ойламастан, баллонның ішіндегісін шашып жіберген. Салдарынан қауіпті иіс мектеп ішіне тарап кеткен.

Нәтижесінде, аудандық ауруханаға 11 мен 9 жастағы екі оқушы, сондай-ақ 53 жастағы әйел жүгінді. Оларға медициналық көмек көрсетілген соң үйлеріне жіберілді. Бұрыш баллонын шашқан мұғалімдер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Солтүстік Қазақстан облысы Білім басқармасы баспасөз қызметі де осы оқиғаға қатысты түсінік берді.

"Мектептің бірінші қабатында өткір иіс шығысымен барлық оқушылар мен қызметкерлер далаға шығарылды. Медициналық қызметкер барлығын тексеріп шықты. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері мән-жайды анықтады. Мектептің денешынықтыру пәнінің мұғалімі әріптесіне бұрыш баллонын көрсетпек болған. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр. Балалар мен ұстаздардың жағдайы қалыпты. Соттың шешімімен ұстаздарға шара қолданылатын болады", – деді баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева.