Америкалық рэпер, продюсер рэкет, жыныстық сауда және әйелдерді жезөкшелікке тарту бойынша сөз байласты деген күдікке іліккен.
Америкалық рэпер P. Diddy не  бүлдірген?
Фото: YouTube
1,174
оқылды

Соңғы тәуліктердегі Шон Комбстың ұсталуы қызу талқыланып жатыр. Америкалық рэпер, продюсер рэкет, жыныстық сауда және әйелдерді жезөкшелікке тарту бойынша сөз байласты деген күдікке іліккен, – деп хабарлайды  Aikyn.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.

ШОН КОМБС ДЕГЕН КІМ?

Өткен аптада 1990-2000 жылдардағы хип-хоп жұлдыз Шон Комбс (П.Дидди, Пуффи, Пафф Дэдди, Пи Дидди лақап аттарымен танымал) қамауға алынды.

Комбс – 1993 жылы Bad Boy Records шығарған ең сәтті рэп магнаттарының бірі, продюсер, кәсіпкер, рекордтық менеджер. Грэммидің үш дүркін лауреаты. Ол кезінде Ашер, Мэри Дж. Блидж және Фейи Эванс секілді жұлдыздарды жарыққа шығарған.

Қазір 54 жастағы рэпер Нью-Йорктегі Metropolitan орталығында қамауда отыр.

НЕ ҮШІН ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ?

14 беттен тұратын айыптау қорытындысында Комбсқа негізінен үш айып тағылған. Рэкет, мәжбүрлі секс-сауда және жезөкшелікке тарту мақсатында құрбандарды мемлекеттік және халықаралық шекаралар арқылы тасымалдау. Сондай-ақ музыкант әйелдерге "оларға соққы беру, сүйреу, заттарды лақтыру және тепкілеу арқылы" шабуыл жасады деп айыпталды. 

Прокурорлардың айтуынша, ол қылмыс жасау үшін "қызметкерлерге, ресурстарға" және өзінің бизнес империясының ықпалына сүйенген. Мемлекеттік айыптаушылар Комбстың барлық активтерін – рэпер басқаратын мүлікті, қорларды немесе компанияларды тәркілеуді талап етеді.

АДВОКАТЫ НЕ ДЕЙДІ?

Адвокат Марк Антифило "АҚШ прокуратурасының Комбс мырзаны әділетсіз қудалауынан" көңілі қалғанын айтты.

"Дидди мінсіз адам емес, бірақ ол қылмыскер емес", – деді ол.

ЖАНЖАЛ ҚАШАН БАСТАЛДЫ? 

Мұның бәрі 2023 жылдың қарашасында оның бұрынғы сүйіктісі Кассандра Вентураның айыптауларынан басталды. Ол Дидди өзін жылдар бойы физикалық және жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыратты деп мәлімдеді. Вентура Комбс өзін "алкоголь мен есірткіні шамадан тыс тұтынумен байланысты өмір салтымен" таныстырғанын атап өтті.

ЖАНЖАЛ ХРОНОЛОГИЯСЫ

Осыдан кейін тағы екі әйел рэперді зорлық-зомбылық пен шабуыл жасады деп айыптады.

2023 жылдың желтоқсанында басқа азаматтық сотта әйелдің 17 жасында Комбс пен басқа екі ер адамның "жыныстық қысымына" ұшырағаны расталды.

2024 жылдың ақпанында бұрынғы продюсер Родни Джонстың жаңа айыптаулары пайда болды, ол Дидди оны қудалап, басқалармен жыныстық қатынасқа түсуге "мәжбүрлеуге" тырысты деп мәлімдеді.

Рэпер барлық айыптауларды жоққа шығарды, бірақ бір айдан кейін оның үйінде тінту жүріп, кейін қамауға алынды.

Түрмеде болған кезде Комбс тамақтан бас тартты. Бұл әрекетін ол өзін әлдекімдер улауы мүмкін деп түсіндірді. Америкалық News Nation басылымының хабарлауынша, музыкантты өзі айыптаған қылмыстарға қатысы бар адамдар құртуға тырысуы мүмкін.

Барлық айыптар расталған және сотта кінәсі дәлелденген жағдайда, Шон Комбс өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы мен миллиондаған долларлық азаматтық сот ісіне тап болады.

ҚАЗАҚСТАНҒА КЕЛГЕН

Атышулы жұлдыз Шон Комбс 2011 жылы Қазақстанға келген. Тіпті, балалар үйін аралап “домбыраның үніне ғашық болдым” деп айтқан. 

Бейресми деректер бойынша, Шон Комбс сол кезде Қазақстанға Назарбаевтар әулетінің шақыруымен келген болуы мүмкін. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.