Жетісу облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Ақсу, Алакөл, Сарқан, Ескелді, Көксу, Қаратал, Кербұлақ аудандардағы ауылдарда және Панфилов ауданының шекара маңында орналасқан елді мекендерінде 15 дәрігерлік амбулаторияны, 39 фельдшерлік-акушерлік және 5 медициналық пунктті қоса алғанда, барлығы 59 денсаулық сақтау мекемесінің құрылысы басталды.
Ауыл медицинасы жаңғыра түседі
222
оқылды

Кейінгі жылдары өңірде денсаулық сақтау саласының халыққа қолжетімді және барынша сапалы болы жолында үлкен істер атқарылуда. Осы бағытта қолға алынған шарапатты шаралардың арқасында соңғы 2 жылда денсаулық сақтау нысандарын жаңарту деңгейі 50%-дан асқан. 

Облыстық Денсаулық сақтау басқар­ма­­­сының мәліметінше, облыстағы ең шал­ғай орналасқан аймақтардың бірі бо­лып саналатын Алакөл ауданының өзін­де ғана жоғарыда айтылған Ұлттық жо­ба аясында 9 заманауи денсаулық сақ­тау нысанының құрылысы басталыпты. Атап айтар болсақ, олардың қатарында Ек­пінді, Жайпақ, Бескөл ауылдарындағы 3 дәрігерлік амбулатория және Жанама, Са­пақ, Үшбұлақ, Қызылқайың, Қайнар жә­не Ақжар ауылдарындағы 6 фельд­шер­лік-акушерлік пункт бар. Қазіргі кезде Ақ­жар ауылындағы ФАП құрлысының 40%-ы аяқталып та қойыпты. 

– Біздің міндетіміз – денсаулық сақ­тау нысанын белгіленген уақытта салу, ірге­лес аумақты абаттандыру және қоршау ор­нату. Сонымен бірге 35 млн теңгеге жуық сомаға заманауи медициналық жаб­дық­тар сатып алуға өтінім бердік. Соған сай іргетасын құюдан бастап, барлық жұ­мысты толық атқарып, нысанды толық дайын күйге жеткізіп барып, пайдалануға тап­сырамыз. Құрылысқа шеттен келген ма­мандардан басқа 10 жергілікті тұрғын тар­тылған, барлық қажетті техникалар бар. Жұмысты белгіленген мерзімде орын­дауға барлық мүмкіндік бар, – деген ме­дицина мекемесінің құрылысын жүргі­зіп жатқан мердігер ұйым өкілі Құрбанәлі Омаровтың айтуынша, құрылыс жұмыс­тары тамыз айының басында басталған.

Аудандағы ірі елді мекендердің бірі бо­лып саналатын Ақжар ауылында 1 500 адам тұрады. Салынып жатқан фельд­шер­лік-акушерлік пункт 60 жылдары салын­ған бейімделген ғимаратта орналасқан ес­кірген медициналық пункттің орнына тұрғызылды.

– Ауылдағы медпункт ескірген және нор­малар мен талаптарға сәйкес келмейді, қыста мекеме іші салқын болады. Сон­дық­тан да ауыл тұрғындары өздерінде за­ма­науи денсаулық сақтау мекемесінің тұрғызыла бастағанына, алдағы кезде медициналық қызмет көрсету сапасының артатынына барынша қуанышты. Шілде айында біздің ауылдық округтің Қоңыр ауылында блокты-модульді медициналық пункт іске қосылған болатын. Былтыр мұн­да мектеп жөнделіп, 150 орындық жаңа мәдениет үйі салынды. Осындай ел үшін жүзеге асырылып отырған игі істер бәрімізді қуантады. Өйткені мұндай шара­­лар ауыл тұрғындарының өмір сүру са­пасын арттыруға тікелей әсер етеді, – деп жерлесін қостаған Ақжар ауылдық ок­ругінің әкімі Елес Жапарғалиев алдағы жоспарларымен де бөлісе кетті. 

Облыстық Денсаулық сақтау басқар­ма­сының басшысы Арман Жансеңгіров атап өткендей, ауыл тұрғындарына көрсе­ті­летін медициналық қызметтердің сапа­сын арттыру мақсатында жергілікті бюд­жет есебінен өңірде блокты-модульді ме­­­­­дициналық пункттер салыну жалғаса бер­мек. Оның айтуынша, Алакөл ауда­нын­да ғана былтыр Қарлығаш, Байзерек, Ынталы ауылдарында блокты-модульді ме­дициналық пункттер іске қосылыпты. Биыл осындай нысандар Бибақан, Арқар­лы және Қоңыр ауылдарында пайдалануға беріледі. Сондай-ақ Достық, Қабанбай және Ақтүбек ауылдарына 3 санитарлық авто­көлік сатып алынған. Жыл соңына дейін аудандық аурухана заманауи меди­ци­налық жабдықтармен қамтамасыз еті­ле­ді. Бұдан басқа, 200 төсектік стационары бар орталық емхана құрылысы үшін жо­ба­лық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Жалпы, соңғы екі жылда Алакөл ауда­ны­на инфрақұрылымдық және әлеуметтік ны­сандардың құрылысына, сондай-ақ жо­балау жұмыстарына облыстық бюд­жет­тен 32,2 млрд теңге бөлінді.

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы