Қызылорда қаласын орталықтандырылған ыс­тық су жүйесіне қосу ісі көп жылдан бері ше­шімін таппай тұрған түйінді мәселенің бірі болатын. Бұл түйткіл биыл түбегейлі шешімін табуы мүм­кін. Жергілікті әкімдік мәселенің жақын күндері шешілетінін айтып, жұртшылықтан сүйінші сұрап отыр.
Сыр халқының арманы – ыстық су
304
оқылды

Су жылытқыш құрылғымен жан бағып отырған Сыр халқы сонау Кеңес кезеңінен бермен қарай ыстық суды тек түсінде көріп келеді. Тіпті, Қызылорда еліміз бойынша ыстық су жүйесіне қосылмаған бірден-бір облыс саналады. 

Шынын айту керек, аталмыш мәселе жергілікті әкімдіктің де назарынан тыс қалып тұр деп айтуға болмас. Жыл сайын қаланы орталықтандырылған ыстық су жүйесіне қосу жайы арагідік болса да сөз болып қалады. Алайда бұл жобаны толық жүзеге асыру қыруар қаржыға тіреліп, тек сөз күйінде қалып жүр. 

Тиісті мамандар әрдайым Қызылорда қаласын ыстық сумен қамтуға Сыр өңіріндегі жылу-электр стансасының әбден тозығы жеткенімен түсіндіріп келді. Соған орай қаланы ыстық сумен қамту үшін бірнеше жүйе де ойластырылды. Атап айтқанда, әрбір тұрғын үйдегі өжіреге бройлер орнату арқылы халықты ыстық сумен қамту жайы ойластырылса, екіншісі, ашық жүйе арқылы тұрғын үйлерге ыстық суды құбыр арқылы жеткізу жолдары қарастырылды. Бірақ өкінішке қарай, бұл жобалар өз тиімділігін көрсете алған жоқ.

Бұған дейін осы мәселеге орай өңірде арнайы брифинг те ұйымдастырылып, жауапты мамандар жұртшылық көптен күткен жобаның жүзеге асыру жайын мәлімдеген еді. 

Қызылорда облыстық Энергетика, және тұрғын үй коммуналдық шаруа­шылығы басқармасының мәліметіне сәйкес, өңірді ыстық сумен қамту жобасын екі кезең бойынша жүзеге асыру жоспар­ланып отыр. Соған орай биыл 187 үй бірегей жобаның игілігін көретін болады. Оған Үкімет резервінен 11 млрд теңге бөлінген. Бүгінде 107 үйге тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. Ал 2025 жыл еншісінде 237 тұрғын үйді ыстық су жүйесіне қосу көзделуде. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін демеушілер есебінен 32 жоба әзірленіпті.

«Бұл жоба Мемлекет басшысының былтыр Сыр өңіріне сапарындағы тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып отыр. Соған орай облыс әкімінің бастамасымен көптен күткен бірегей жоба қолға алынды. Осының негізінде 17 жоба бойынша 186 көппәтерлі тұрғын үйді ыстық сумен жабдықтау үшін Үкіметтің резервінен қаржы бөлінді. Осы жоба бойынша биыл қаладағы Шұғыла, Сырдария, сол жағалау, Тәуелсіздік және Бейбарыс көшелеріндегі тұрғын үйлерге ыстық су жүйесіне жүргізу көзделіп отыр», – деп түсіндірді сол брифингте басқарма басшысы Медет Усаин.

Басқарма таратқан мәліметке сәйкес, бұған дейін Қызылорда қаласында тұрғын үйлер электрлі су жылытқыш немесе газбен жылытатын құрылғылар арқылы ыстық суды тұтынуға мәжбүр болды. Соның ішінде әрбір үйде кем дегенде 50 литрлік аристон құрылғысы пайдала­нылады. Бұл құрылғы суды ысыту үшін кем дегенде 3 киловатт электр энергиясын қажет етеді екен. Бұған кететін шығындар 1700 теңгеден 2000 теңгеге дейінгі аралықты құрайды. Ал ыстық суға қосылған үйдің шығыны 5 есеге арзан түсетіні анықталған. Сондықтан ыстық су жүйесін жүргізу тұрғындар үшін электр энергиясын үнемдеуге де зор ықпал болатынын алға тартады.

Ақжолтай хабарды өңір жұртшылығы да жылы қабылдап отыр. Дейтұрғанмен жоба сиырқұйымшақтанып кетпей, жүйелі жүргізілсе деген тілегі бар.

«Игі бастаманың қолға алынғанын естіп, қуанып жүрміз. Тиісті орындар тарапынан халықтың көптен күткен арманы көп ұзамай іске қосылатынын айтып, сендіріп отыр. Бұған дейін қысы-жазы аристон құрылғысын пайдалануға мәжбүрміз. Электр энергиясын айтпа­ғанның өзінде, ұдайы тоққа қосылып тұратын құрылғының қауіпсіздігіне де ешкім кепіл бола алмайды. Ойда-жоқта тұйықталу орын алса, мұның соңы қайғылы оқиғаға соқтыруы әбден мүмкін. Сондықтан әрдайым қорқыныш құшағында жүреміз. Тұрғын үйлерді орталықтан­дырылған ыстық су жүйесіне қосу жұмысы жүйелі жүргізілсе, көптеген түйткілдің түйіні тарқатылар еді. Тек басталған істің соңы сиырқұйымшақтанбай, игілігін ел көруге тиіс. Сонымен қатар халықтың қалтасына салмақ салмайтын мүмкіндік қарастырылғаны жөн», – дейді қала тұрғыны Света Махашова.

Бүгінде қаладағы 174 үйді ыстық суға қосудың мүмкіндіктері қарастырылып жатқаны мәлім болды. Ал тағы 424 үй қаржыландыруды қажет етеді екен. Жоғарыда айтып өткеніміздей, демеушілер есебінен дайындалып жатқан 32 жоба осындай қаржыландыруды қажет ететін тұрғын үйлерге негізделсе керек.

Бүгінде Қызылорда қаласында жаңадан ЖЭО салу жобасы қарқын алды. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың ықпалымен жүзеге асырылып жатқан бұл бастама Сыр халқының көптен күткен үмітіне серпін берді. Өңірде қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын заманауи үлгідегі стансаның іргетасы қаланып, көп жылдан бері шешімін күткен мәселенің бір парасының түйіні тарқатылатын күні жақын. Түрік компаниясы қолға алған бірегей жоба 2025 жылы толықтай аяқталады деп күтілуде. Соған орай халықтың қолын ыстық суға малып отыратын күнін күтіп жүргені жасырын емес.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы