Алғашқы бір топ өлеңдері «Қазақстан әйелдері» журналында суретімен қоса бір бетте жарық көргенде жұртшылық назар аударып, жылы қабылдаған. Марфуғаның әдебиеттегі алғаш қадамдары осылай басталды. Ақын қазақ даласын, қазақ халқын сүйді, туған елін жырға қосты. Қайда жүрсе де кербез Көкшесін ұмытпады. Ол «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» деп даңқын көкке көтерген Сәкен Сейфуллин бастаған, одан Еркеш Ибраһим, Төлеген Қажыбаев қостаған арқалы ақындар легіне қосылып, туған жерінің көркемдігін, әсем табиғат көріністерін шебер тілмен суреттеді, оның ерекше әдемі келбетін күллі шығармашылығына арқау етті. Көкше өңірі де өзін жырлаған аяулы қызын қадірлей білді. Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласындағы Емельян Пугачев көшесі заман талабына сай өзгертіліп, оған өмірден ерте кеткен Марфуға Бектемірованың есімі берілді. Енді, міне ақынның туған күні өзі оқып, бітірген 9-шы мектеп-гимназияда Марфуға Бектеміроваға ескерткіш тақта орнатылды. Бұл мектеп Щучинск қаласындағы ақын аты берілген көше бойында орналасқан.
Салтанатты жиынды Щучинск қаласының әкімі Асхат Мұхамеджанов ашты. Ол ақын қызға арналып ескерткіш тақтаның орнатылу маңызына тоқталды.
– Марфуға Бектемірованың есімі республика көлемінде көрнекті ақын ретінде жақсы таныс. Оның жауһар жырлары адамдарды, оның ішінде өскелең ұрпақты адамгершілікке, ізгілікке, мейірімділікке, патриоттық сезімге тәрбиелейді. Марфуға апайымыз осы мектепте оқыған, іргесіндегі интернатта тұрған. 14 жасында оқып жүргенде «Аққуым менің қайдасың?» атты атақты өлеңін жазып, көзге түсіпті. Барлық саналы өмірін халқына қызмет етуге арнап, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Марфуға Бектемірованың аты ел жадында мәңгілік сақталады. Өзі оқыған мектеп қабырғасына ескерткіш тақтаның орнатылуы соның жарқын айғағы, – деді қала әкімі Асхат Нұрланұлы.
Ақынның бейнесі түсірілген ескерткіш тақтаны салтанатты жағдайда аудандық «Бурабай» газетінің директоры, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Өтелбай Төлеуұлы және ақынның жары, Ресей Федерациясы психология ғылымдары Халықаралық академиясының құрметті академигі, ақын Есенгелді Сүйінов ашты.
Ауданның, қаланың бетке ұстар азаматтары, мұғалімдер, мәдениет қызметкерлері, аудандық және қалалық әкімшілік өкілдері қатысқан жиында аудандық мәслихаттың депутаты, Көкшетау-1 стансасының басшысы Ғалымжан Ержанов, Астана қаласынан келген еңбек ардагері Дина Ақмолдина, локомотив депосының бастығы Қуаныш Нұржанов ақын шығармашылығы жайлы жылы лебіздерін білдірді.
Салтанатты шарада оқушылар Марфуға Бектемірованың өлеңдерін оқып, «Қас-қағым» әнін орындады.
– Халқымыз «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деп дұрыс айтқан. Марфуға Бектемірованың соңында жалынды жырлары мен әсем әндері қалды. Бұл қазақ әдебиетіне, ұлттық руханиятымызға қосылған сүбелі үлес екені даусыз. Қолжазба күйінде қалған өлеңдері мен әңгіме, повестерін жинастырып, мемлекеттік тапсырыс бойынша шығару, туындыларын ағылшын, француз, испан, араб тілдеріне аударып, әлем жұртшылығына таныту, есімін ұлықтап, Алматы, Астана, Көкшетау, Қостанай көшелері мен мектептерінің біріне беру керек. Осы игі іске билік басындағы көзі ашық, көкірегі ояу намысшыл азаматтар, тілектес кісілер қол ұшын береді деп үміттенемін. Бүгін Марфуға Бектемірованың туған күні. Айтулы күнге орай, өзі түлеп ұшқан мектеп қабырғасына ескерткіш тақта орнатуға дәнекер болып, жанашырлық танытқан «АMANAT» партиясының басшылығына, Ақмола облысындағы Бурабай ауданы мен Щучинск қаласының басшыларына, Бибігүл Қуанышқызы басқаратын 9-шы гимназия ұжымына отбасымыз, туған-туысқандар, достарымыз, Марфуғаның шығармашылығын құрметтейтін мыңдаған оқырман атынан алғыс айтамыз, – деді Есенгелді Сүйінов.