Байырғы заманнан бертінге дейін қазақтар ризашылығын ақ батамен білдірген. Қазіргі заманда қоғамдық тамақтандыру орындарында ақшамен алғысын білдіру жоралғысы қалыптасқан.
Министр «шайлықты» неге заңдастырды?
591
оқылды

Оның көлемі клиенттің қолының ашықтығына және қаншалықты риза болғанына байланысты еді. Енді «шайлықты» төлеу міндетті талапқа айналмақ. Сауда министрлігі мейрамхана-дәмханалардың қонағына қызмет көрсеткені үшін 10% қосымша ақы алуын тарихта тұңғыш рет заңдастырып берді. Бұл бастама қоғамда резонанс тудырып отыр. 

Қосымша алым дәметкені жөн бе?

Жалпы, әр адам өзіне сеніп тап­­сырылған жұмысты адал әрі жауапты атқаруы және сол үшін тұтынушыдан қосымша ақы дәметпеуі тиіс деген ұс­та­ным­ды берік ұстанатын принципті адам­дар бар. Мысалы, шенеунік қыз­мет алушыларының алдында құр­дай жорғалап, мәселесін заң жү­зінде шешіп берсе, сапалы қыз­мет көрсетсе және сол үшін ақы алу­ға дәніксе, бұл «парақорлық» деп аталады. Ол үшін жаза қарас­ты­рылған. Бірақ «Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл тура­лы» заңның және басқасының та­лаптары мемлекеттік қыз­мет­ші­лер, биліктегі тұлғалар, әс­ке­­­рилер сияқ­ты бірқатар санатқа ға­на тарала­ды. Жеке секторға қа­тысты ондай қатаң тыйым жоқ. 

Көкшетаулық журналист Әділ Төлепбергенов қоғамдық тамақ­тан­дыру орындары чекке қосатын міндетті «сыйақыға» қарсы шы­ғып, әлеуметтік желіде тиісті тү­сін­­­­дірме жұмысын жүргізіп келді. Оның пікірінше, бұл ақы заңсыз жә­не тамақтың жасанды түрде қым­­баттауына соқтырады. Ше­неу­­­ніктердің өз бұйрығымен клиент­­терді он пайыздық «шай­лық» беруге міндеттеуін ол құпта­май­ды. 

– Қоғамдық тамақтандыру орын­дарының 10% ақыны шотқа заң­сыз қоса салатынын білемін. Бұ­рыннан әлеуметтік желіде ай­тып келемін, бірақ адамдар көз жұ­­ма қарайды. Бірде анамды және қа­­рындасымды ертіп, түрік ка­фе­сіне бардым. Соңынан әкелген чек­ке 10% үстемеақыны заңсыз қо­­­сыпты. Дереу даяшы қыздан ар­тық алымды алып тастап, чекті қай­та басып әкелуді талап еттім. Ол қызмет көрсету ақысы менюда жа­зылғанын көрсетті. Бірақ мәзір Конс­титуция емес қой. «Ертең оған «құздан секір!» деп жазып қой­саңдар, клиент солай жасауы ке­рек пе?» деймін. Ол қыз келіс­кен­дей болып, кетіп қалды. Ізінен жі­гіт келді. Менімен «еркекше» сөй­лес­кісі келді. Онысынан нәти­же шық­пасын көріп, тайып тұрды, – дейді Әділ.

Ақыры ол өз дегеніне жетіп, алы­­мы жойылған екінші чек ал­ғыз­­ды. Журналист дәмхана қо­жайы­нының қалтасына кетіп қал­­мауы үшін шайлықты даяшы­ның қолына ұстатқанды жөн кө­ре­тінін айтады. Дегенмен Сауда министрі Арман Шаққалиевтің командасы Әділ сияқты әділдікке құмар жандардың аяғын байлап-матап тастады: «Ішкі сауда қағи­да­ларына» 2024 жылы енгізілген өз­герістерге сәйкес, енді мә­зірде жазылып тұрса, онда қан­ша пайыз болса да, клиент қызмет көр­сету ақысын қоса төлеуге мәж­­­­­­бүр-міндетті болады.

«Шайлықты» қандай құжат міндеттеді?

Іс басындағы Сауда және ин­тег­рация бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың (министрдің м.а. мәртебесінде) қол қоюымен 2024 жылғы 24 шілдеде «Ішкі сауда қа­ғи­даларын бекіту туралы» Ұлт­тық экономика министрінің мін­де­тін атқарушының 2015 жылғы 27 наурыздағы №264 бұйрығына өз­ге­ріс енгізу туралы» №290-НҚ бұйрығы қабылданды. Аты айтып тұрғандай, құжат ескі «Ішкі сауда қағидаларын» өзгертті. 

Соның нәтижесінде, бұл қағи­далардың 228-бабын­да жаңа нор­ма пайда болды: «Ке­лу­шілерге қоғамдық тамақтану объек­тілеріндегі мәзірді ұсыну мә­зірде көрсетілген тамақ пен су­сындарды қабылдау қызметтерін ұсы­ну бойынша шарт жасасуға ұсы­ныс (жария оферта) деп таны­ла­ды. Ұсынылатын өнім ассор­ти­менті мен көрсетілетін қызметтер тіз­бесі құнының мәзірінде мә­ліметтер болмаған кезде қоғамдық та­мақтандыру объектілері осы қыз­меттер үшін ақы талап етпей­ді», – делінген жаңарған қағида­лар­да. 

Мұның нені білдіретінін Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев «Атамекен» ұлттық кә­сіпкерлер палатасының, бөл­шек сауда және қоғамдық тамақ­тан­дыру саласындағы қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен, сон­дай-ақ бизнесмендермен кезде­су­де түсіндірді. Жүздесудің күн тәр­­тібі­не жаңа қағидаларды және қо­ғам­дық тамақтандыру қыз­мет­терін жетілдіру ұсыныстарын тал­қылау мә­селесі шығарылды. Мұн­да мей­рам­ханалар мен дәм­ха­наларда қыз­мет көрсету үшін қонақтардан ор­та есеппен 10% алым алу тәжі­ри­бесінің, сондай-ақ депозиттік жүйенің заңдылығына басты на­зар аударылды.

– Азаматтық кодексте жария офер­та деген бар. Қоғамдық та­мақ­­тандыру орындарында мәзір  ұсы­ну – жария оферта бо­лып есеп­те­леді. Яғни, мәзірді қол­ға алған клиент онда жазыл­ған­мен келісе­ді, келіс­пе­се кетіп қа­лады. Тиі­сін­ше, қыз­мет көрсету үшін қосымша ақы тө­леу қажет­ті­лігі туралы ақ­парат мә­зірде мін­дет­ті түрде көр­сетілуі тиіс. «Ішкі сау­да қағида­лары­на» ен­гізген өз­герістеріміз мей­рам­ха­н­а­лар-дәм­ха­наларға мә­зірде тиісті ақпарат болған жағ­дайда қызмет ақысын алуға мүм­кін­дік береді. Мұндай ақ­парат бол­­маса, ақы алу заңсыз са­налады, – деді Сауда ми­нистрі А.Шаққалиев. 

Басқаша айтқанда, министрлік «қызметім үшін» деп қосымша 10% ақы алуды заңдастырып бер­ді. Өйткені бұған дейін азаматтар «шайлық» беруге келіспесе, ол тіпті мәзірде жазылып тұрса да чек­тен оны алып тастауды талап ете алатын. Мәзір – мемлекеттік құ­жат емес. Мысалы, жуырда Қара­ғандыдағы танымал дәмхана по­лиция шақыртты: тапсырыс бер­ген бойжеткен қызмет үшін қо­сымша төлемді төлеуден бас тарт­қан. Бұл жанжал бейнеленген видеоролик әлеуметтік желіні ке­зіп кетті. Шақыртумен жеткен іш­кі істер органдарының қыз­мет­кер­лері қыздың әрекеті заңсыз емес екенін айтып, оны қоя берді.

Алайда енді шақыруымен жет­кен полиция нарядына мей­рам­ха­на-дәмханалардың жағына шы­ғу­ға тура келуі мүмкін. Өйткені Ішкі сау­да қағидаларында тиісті талап бар: қоғамдық тамақтандыру ор­ны мәзірге қызметі үшін 10 емес, 100% ақы сұратса да қонақтар со­ны төлеуі керек. Мұндай ақы­ның жоғарғы мөлшері қағидаларда еш шектелмеген. Тек ол төлем ту­ралы ақпаратты менюге жазып қой­са жетеді. 

Салғырт клиенттің соры қалың

Кездесуде қазақстандық­тар­дың мәзірді мұқият оқы­майтыны, тіпті оны ашып па­­­­рақтауға ерініп, даяшының кеңе­сімен дәмді не танымал деген тамаққа тапсырыс бере салатыны айтылды. Мұндай жағдайда асын ішіп болған адам чектегі санды кө­ріп шалқасын түсе жаздауы мүм­кін. Қосымша ақы алатыны ту­ралы ескертуді көрмегенін ай­тып, жанжал шығаратын клиент­тер көбейері даусыз. Сонда қайт­пек керек? Мұндай жағдайда не іс­теу қажеттігі Сауда министр­лігі­нің Ішкі сауда қағидаларында жа­зылмаған. Іс-қимыл алгоритмі де жоқ.

Қоғамдық тамақтандырудың өзін-өзі реттейтін ұйымының тө­райы­мы Вероника Нұрпейісова мұн­дай тығырыққа тірелмеу үшін мей­рамханалар мен дәмханаларға қызмет көрсету үшін қосымша ақы алынатыны және оның көлемі қандай болатыны туралы алдын ала хабардар етуге кеңес берді. Мы­салы, кіреберісте қонақтарды кү­тіп алатын хостес немесе зал­да­ғы меню таситын даяшылар ке­лу­шілерге осы ақпаратты жет­кі­зуі тиіс. Бұған келіспеген адамдар уа­қы­тын жоғалтпай, бірден теріс ай­налып, шығып кете алады.

– Біз қызмет көрсету үшін ақы алынатынын мәзірде міндетті түр­де жазамыз. Даяшы немесе басқа қыз­меткер кіреберісте келу­ші­лер­ге қызмет ақысы алынатынын ес­­­­кертуі қажет. Қазір мейрамхана-дәм­ханалардың бір бөлігі 10%-дай ақы алады, қалған бөлігі қызмет көр­сеткені үшін ақы алмайды, келу­шілердің өз еркімен «шай­лық» төлеуіне мүмкіндік береді. На­рық­тағы қағидалар бәріне ор­тақ, бір­дей болғаны жөн. Біздің бә­ріміз қызметіміз үшін не ақы ала­мыз, не алмаймыз. Қағида­лар­да барлық ойыншы үшін бірыңғай ере­же бе­кі­тілсе, жақсы болар еді, – деді өзін-өзі реттейтін ұйымның бас­шы­сы.  

Өйткені қызметі үшін қосым­ша ақы алатындар клиенттердің ақы алмайтындарға жаппай кетіп қалуынан қорқатын болса керек. Сондықтан егер бәрін ақы алуға міндеттесе, «теңдік» орнайды деп көк­сейді. Шайлықты заңдас­тыр­ған Сауда министрлігі енді қо­ғам­дық тамақтандыру орындарын со­ны алуға міндеттей ме, уақыт көр­сетеді.

«Депозиттік жүйеге» тыйым салынды

Айтпақшы, кездесуде кіру жар­­насын талап ететін депозиттік жүйеге тыйым салынғаны белгілі бол­ды. Танымал, сәнді-сал­танат­ты мейрамхана-дәмханалардың, клуб­тар мен барлардың әкімшілігі келу­шілерден белгілі бір көлемде ал­дын ала депозит енгізуді талап ете­ді. Егер қонақ ақыр соңында ен­­­гізген депозитінен аз сомаға та­мақ пен сусын ішсе, ақшасының қал­­ған қалдығы оған қайта­рыл­май­­ды. Осы арқылы аталған орын­­­­­дардың иелері клиенттердің ең тө­менгі тапсырыс беру сомасын бе­кітеді. Бұл тетікті негізсіз баю­дың көзіне айналдырған.

Қоғамдық тамақтандыру орын­­дарында депозиттік жүйенің заң­сыз екенін Сауда және интег­ра­ция министрлігінің Тұтыну­шы­лардың құқықтарын қорғау ко­ми­те­ті былтырдан бері айтып келеді. 

«Депозиттік тәсіл – заңсыз. «Тұ­тынушылардың құқығын қор­ғау туралы» заңына сәйкес, тұ­тыну­шыны тауарды өзіне қажетсіз кө­лемде немесе ассортиментте са­тып алуға мәжбүрлеуге тыйым са­лынған. Тұтынушы депозит тө­леуден бас тартқан жағдайда оған қыз­мет көрсетуден бас тарту да – заң­сыз», – делінген комитеттің түсі­ніктемесінде. 

Сондықтан Сауда министрі Арман Шаққалиев те жаңа қағи­далар бойынша «депозиттік жүйе­ге» тыйым салынғанын мәлімдеді. Тамақтандыру және көңіл көтеру орындарына кіру тегін болады. Бірақ VIP бөлме немесе караоке-ка­бинкалар үшін ақы алуға рұқсат етті. 

«Қоғамдық тамақтандыру объек­тісіне кіру үшін келушілер­ден ақы алынбайды, бұл ретте келу­­­­шілерге жабық VIP-кабина­ны, караоке-кабинаны ұсыну сияқты қосымша қызметтер үшін ақы белгіленуі мүмкін», – делінген жаңарған қағидаларда. 

«Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер палатасының басқарма төр­а­ға­сының орынбасары Тимур Жәр­кенов қоғамдық тамақтандыру са­ласындағы қағидаларды ары қа­рай жетілдіру үшін тұтыну­шы­лардың да, бизнестің де мүд­де­лерін ескеретін ұсыныстарды дайындау бағытында бірлескен жұ­мыс жүргізіліп жатқанын жет­кізді. Ендеше бұқараны тағы қан­дай «қызық» күтетіні белгісіз.

– Кейбір мәселе шешілді. Бас­қасы бойынша тұтынушылар­дың да, бизнестің де мүддесін ескеретін ұсы­ныстар дайындап жатырмыз. Болашақта мұның бәрі норма­тив­тік-құқықтық актілерде қалай рет­телетінін түсіну үшін біз мем­ле­кеттік органдармен мәселенің мән-жайын, егжей-тегжейін қо­сымша талқылауымыз керек, – де­ді Т.Жәркенов.

Қорыта айтқанда, Қазақстан «шай­лықты» министрліктің нор­ма­тивтік-құқықтық актісімен заң­­­­­дастырған әлемдегі жалғыз мем­лекетке айналғанға ұқсайды. Туризм саласының маманы Ольга Заславскаяның түсіндіруінше, мұн­дай тәжірибе әлемде жоқ. Мы­салы, АҚШ-та мейрамхана-дәм­ханада тапсырыстың шамамен 15%-ы сомасында қызмет көрсету ақы­сын төлеу «міндетті дәстүрге» ай­налған. Оны бұзғандардың ісі оғаш көрінеді. Бірақ бұл талап еш­бір мемлекеттік құжатпен бе­кі­тілмеген, тиісінше бәрібір ерік­ті, ардың ісі болып қалды. 

Куба мен Доминиканда қыз­мет көрсетуші персоналдың не­гіз­гі табысы шайлықтан құралады, сол себепті турист ынталандыру ақы­сын бергісі келмесе, даяшы­лар, гидтер, таксишілер оның ізі­нен қалмай, қыңқылдап сұрауы мүм­кін. Түркия, Вьетнам, Грекия, Тун­ис, Марокко және басқа да көп­теген туристік тартымды елде шай­лық міндетті емес. Ал Жапо­ния, Қытай, Корея сияқты бір­қа­тар елде шайлық ұсыну «қорлау» ре­тінде қабылдануы мүмкін. 

Елдос СЕНБАЙ