Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен егін жинау науқаны бойынша жедел штабта экспортқа астық жеткізуді ұлғайту мүмкіндіктері қаралды.
Астық экспорты артады
502
оқылды

«ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарушы директоры Бауыржан Орынбасаров биылғы 9 айда қазақстандық астық пен ұнды теміржолмен жеткізудің негізгі нарықтарын таныстырды. Астықты тиеп жөнелтудің жалпы көлемі 6,6 млн тоннаны құраса (былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21%-ға аз), тартылған өнімдерді тасымалдау көлемі пропорционалды түрде өскен – 2,7 млн тонна (2023 жылдың 9 айымен салыстырғанда 21%-ға артық). 6,6 млн тонна астықтың 5 млн тоннасы экспортқа жіберілді, тек қыркүйекте ғана 900 мың тонна жөнелтілді. Тартылған өнімдердің экспорты 2,1 млн тоннаны құрады, оның ішінде – 310 мың тонна қыркүйек айына тиесілі.

«Қазақстанның астығы жеткізілетін негізгі елдер – Орталық Азия (2,9 млн тонна), Қытай (1,3 млн тонна), Ауғанстан (127 мың тонна), бұл биылғы 9 ай ішіндегі көлем. Салыстырмалы түрдегі тыныштықтан кейін Иранға 211 мың тонна астық жеткізу қайта жанданды, оның 140 мың тоннасы қыркүйек айына тиесілі. Басқа елдерге – Италияға, Түркияға және Ресейге 423 мың тонна жөнелтілді. Негізгі елдерге қаңтар-қыркүйек айларында 495 мың тонна – Орталық Азияға, 639 мың тонна – Қытайға, 666 мың тонна – Ауғанстанға жөнелтілді», – деп хабарлады Бауыржан Орынбасаров.

Вице-премьердің айтуынша, біздің алдымызда биыл Қытайға 2 млн тонна астық жеткізу міндеті тұр, біз оның көлемін 3 млн тоннаға дейін арттыра аламыз. 

«Сондай-ақ Ауғанстанға ұн жеткізуді ұлғайту қажет. Жаңа келісімшарттар мен логистика Алматыда өтетін Қазақстан–Ауғанстан бизнес-форумының басты мәселелерінің бірі болуға тиіс», – деді жедел штаб отырысының қорытындысында Серік Жұманғарин.

7 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда дәнді дақылдардың барлық алқабының 94%-ы, картоптың 90,5%-ы, көкөністердің 84,6%-ы, майлы дақылдардың 30%-ы, қант қызылшасының 23%-ы жиналды. Егін жинау науқаны басталғалы элеваторларға 4,4 млн тонна астық түсті.