Қызық енді басталды: Anthropic-тің жаңа чат-боты ChatGPT-4-тен де ақылды болып шықты

Anthropic AI стартапы жасанды интеллектің жаңа үлгісін ұсынды. Ол ең мақтаулы ChatGPT-4-ден асып түсті. Олардың қандай айырмашылықтары бар?

Quartz сайты технологиялық алпауыт Amazon қолдайтын жасанды интеллект стартапының үлгісі ерекше сипатымен таңғалдыратынын жазды. Осы материалға сүйенген Aikyn.kz олардың мүмкіндіктерін салыстырады.

Бакалавриат пен магистратура деңгейінде Opus чат-боты OpenAI-дің ChatGPT-4-інен және Google-дің Gemini-нен де үздік. Фото lablab.ai сайтынан алынды

2021 жылы құрылған Anthropic AI стартапы жасанды интеллект модельдерінің Claude 3 деп аталатын жаңа тобын жариялады. Топтың құрамына ең ақылды модель саналатын Opus та  кіреді. Компанияның хабарлауынша, бұл үлгі бірқатар тапсырмалар бойынша OpenAI GPT-4-тен асып түседі.

Жаңа ЖИ тобына Sonnet және кейінірек қолжетімді болатын Haiku кіреді. Бакалавриат пен магистратура деңгейіндегі ой-пікірлерді, математика мен жалпы білімді қоса алғанда, салалық эталондық бағалаулар сериясында Opus чат-боты OpenAI-дің ChatGPT-4-інен және Google-дің Gemini-нен де үздік екенін көрсеткен.

Корпорация сайтында «Anthropic – ЖИ-ді және оның қауіпсіздігін зерттейді. Біз сенімді, түсінікті және басқаруға көнетін жасанды интеллект жүйелерін жасаймыз» деп жазылған.

Anthropic стартапы өзінің Claude чат-боттар модельдерін пайдаланушы үшін қауіпсіз екенін үнемі айтады. Басқа ЖИ жүйелерімен салыстырғанда Anthropic өнімдері қауіпті тақырыптарды айналып өтуге үйретілген.

«Ол адамға жақын түсінік пен күрделі тапсырмаларды орындауда еркін икемділік деңгейін көрсетеді, жалпы интеллектке жол көрсетеді», – дейді Anthropic жаңа Opus туралы.

Haiku диаграммалар мен графиктерді қамтитын «үлкен ақпарат пен деректері бар зерттеу жұмысын «үш секундтан аз уақыт ішінде» оқиды. Фото linkedin.com сайтынан алынды. Авторлығы: UNmiss.com аккаунты

Anthropic талдау және болжау, контент жасау, код генерациялау және ағылшын тілінен басқа тілдерде, соның ішінде жапон және француз тілдерінде байланысу салаларында барлық үш модель де жетілдіріліп жатқанын айтады.

Жаңа үлгілерді тұтынушылармен нақты уақыттағы чаттарда, автотолтыру және деректерді алу үшін пайдалануға болады. Компанияның айтуынша, Haiku диаграммалар мен графиктерді қамтитын «үлкен ақпарат пен деректері бар зерттеу жұмысын «үш секундтан аз уақыт ішінде» оқи алады.

Басқа ЖИ жүйелерімен салыстырғанда Anthropic өнімдері қауіпті тақырыптарды айналып өтеді. Фото scalefocus.com сайтынан алынды

Жаңа модельдер визуалды форматтарды, соның ішінде фотосуреттерді, диаграммаларды және графиктерді өңдей алатын құрылғылар арасында үздік деп бағаланған. Сондықтан кәсіби пайдаланушылары енді осы үлгілерді PDF файлдары мен презентация слайдтарын оқу үшін пайдалана алады. Бұл өте жақсы мүмкіндік.

Қолданыстағы модельдерден айырмашылығы, Anthropic компаниясы Claude 3 үшін жүйенің қауіпсіздігі күшейтілгенін айтады. Компания сонымен қатар дәлдікті көрсету үшін жаңа үлгілерге сілтемелер мен цитаталар қосқан.

«Әрине, ешбір модель мінсіз емес және менің ойымша, бұл туралы алдын ала айту өте маңызды. Біз бұл модельдерді мүмкіндігінше тиімді және мүмкіндігінше қауіпсіз етуді мақсат еттік», – дейді Anthropic-тің негізін қалаушы және OpenAI-дің қауіпсіздік және саясат жөніндегі бұрынғы вице-президенті Даниэла Амодей.

2021 жылы OpenAI-дан өз еркімен кеткен ағалы-қарындасты Дарио мен Дэниел Амодейлер Сан-Францискода Anthropic корпорациясын тіркеген. Фото aiomnitech.com сайтынан алынды

2021 жылы OpenAI-де жұмыс істеген Даниэла мен оның ағасы Дарио негізін қалаған Anthropic компаниясы ЖИ бәсекелестеріне қарағанда «қауіпсіз» чат-боттарды әзірлеуді мақсат етеді. Стартап Google мен Amazon-ды «демеушілер» деп санайды және өткен жылы қолдаушылары бөлген 7,3 миллиард долларды игерді.

Қыркүйек айында Amazon бұл стартапқа тағы да 4 миллиард доллар инвестиция салатынын және компания акцияларының шағын пакетін сатып алатынын жариялады. Google болса қазан айында 2 миллиард доллар инвестиция салды.

OpenAI-дің чат-боттарындағы қауіпсіздік саясатымен келіспей, өз еріктерімен кеткен ағалы-қарындасты Дарио мен Дэниел Амодейлер 2021 жылы Сан-Францискода Anthropic корпорациясын тіркеген.

2023 жылдың мамырында Aikyn.kz дәл осы Anthropic туралы, оның Claude деп аталатын чат-боты туралы сараптамалық материал жариялады: «Романды бір минутта оқып, сұрақтарға толық жауап беретін робот жасалды» мақаласында жазды.

Anthropic қоғамдық корпорациясы жасанды интеллекті адамға зиян келтірмейтін, жауапты қолдану этикасын ұстанған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.