4-5 қазан күндері «Астана Балет» театрының сахнасында Almaty Theatre бірлесуімен «Киелі би» балет-триптихының премьерасы өтті.
Түркі-славян елдерінің дәстүрін бір сахнада үндестірген «Киелі би»
399
оқылды

4-5 қазан күндері «Астана Балет» театрының сахнасында Almaty Theatre бірлесуімен «Киелі би» балет-триптихының премьерасы өтті.

Режиссер-хореограф Мукарам Авахри мен «Астана Балет» театрының солистері түрлі мәдениет пен тарихи құндылықтар әлеміне бойлап, заманның рухани байланысқа ден салған. Автордың біздің кім екеніміз және бұл дүниеге не үшін келгеніміз деген мәңгілік сұрақтарға жауап іздеп, ішкі диалогін мың бұралған би арқылы көрерменге жеткізуге тырысты.

 «Үйлену той», «QASH» және «Рух» атты үш бөлімнен тұратын балет славян мен түркі елдерінің дәстүрін бір жерге тоғыстыра отырып, әртүрлі мәдениеттің адамдарын рухани құндылық біріктіретінін көрсетті.  

Абылай Әбілқасымұлы музыкасына жазылған «Рух» туындысы көрермендерге ежелгі әлем бейнесін көрсеткендей болды. Байырғы ата-бабамыз, яғни скифтердің рухын, олардың күн, жел және көк аспанмен терең байланысын сезіндіріп, бойына күш-қуаттың толысып, серпіліспен арпалысқа түседі. Үйлесуі мүмкін еместей көрінетін дүниелердің қабысуы өзіңізді уақыт шеңберінде саяхат құрғандай әсерде қалдырады.

«QASH» бөлімінде мәдениеттің ешбір шектеуге көнбейтін, қалыпқа салуға болмайтын құбылысты ашады. Оның бағынбаушылығы, дербестігі мен құбылмалығы жайында толғайды. Әр халықтың тарихы бір демде әрі сол қалыптан танбай қалмайтыны  анық. Себебі әрбір мезет ерекше мағынаға толы шексіз импровизация.  Бұл бөлімде Chemirani тобы мен Муштари Исламованың вокалдық орындауында «Le Retour de Molla Nasr’din» ұсынылды.

Игорь Стравинский музыкасына жазылған «Үйлену той» жай ғана үйлену той емес, мағынасы терең салт-жоралғы. Жас жұбайлардың іштен тынған ойлары мен сезімдері арпалысады.

– Кез келген спектакль ұжымның бірлесе істеген шығармашылығынан туындайды. Бұл жағынан көп нәрсе әртістердің көңіл күйіне, шығарманы қалай қабылдауына байланысты. Шынын айтқанда, қойылымды декоротивті элементтер мен күрделі тарихи көне киімдермен толтырмадық. Би мен әуеннің үйлесуімен адам бойындағы сезімді ойта отырып, айтар ойымызды жүрек түкпіріне жеткізгіміз келді. Десе де, әр бөлімнің өзінің айтар ойы бар, – дейді режиссер-хореограф Мукарам Авахри.

  Талантты әртістердің ғажайып музыкалық ырғаққа ілесіп, биді мәнерімен орындап, шеберлігімен көрерменді киелі би әлеміне жетелеп әкетті. Әр көрермен өзін сахнадағы көрініспен тұтасқандай сезініп, тарих пен мәдениеттің өткені мен бүгініне саяхат құрғандай күй кешкеніне шек келтірмейміз.