"Нұсқа көп болған сайын, таңдау да соғұрлым қиын" дегендей, нарық заманында сырты жылтырағанның арасынан сапалысын шатаспай табу – өте қиын іс.
Оқулықтың әр беті – ата-баба салған сара жол
966
оқылды

Адамзат өркениетінің өресі биік өнегелі өлшемі – оқыту жүйесі. Соның ішінде мектеп – білім мен тәрбие берудің басты құралы, ал оқулық – сол құралдың негізі. Бүгінгідей цифрлық заманда оқыту процесі компьютерлік, аудиовизуалдық, цифрлық білім беруге көшкенімен, ілімнің ең ілгері күші – қағаз оқулықтар. Ешбір заманауи технологиялар кітаптың рөлі мен ықпалын әлсірете алмай отыр. Себебі жоғарыдағылардың барлығы дерлік  өз негізін дәл осы кітап мазмұны арқылы қалайды. Содан шығар сапалы оқулық жазу, оны ұрпаққа ұсыну жауапты іс саналып, қоғамның талқысына жиі түседі. Бұл  – орынды. Өйткені оқулықтардағы олқылық қоғамның оза шабуына кедергі екені есті елдің көбіне аян.

Сапалы оқулық әзірленбес бұрын, пәннің мазмұны мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарты мен оқу бағдарламасында белгіленеді. Көркем шығармалар мен ақын-жазушылардың тізімі бағдарламада әр сынып, әр пән бойын­ша беріледі. Содан соң баспалар авторлық құрамды бекітіп, оқулықты құрастырады. Баспада дайындалған жобалар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті «Республикалық  ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы» Мемлекеттік кәсіпорнына бағытталады. Уәкілетті орган мамандары жаңа оқулықтарды үш этаптық сараптамадан өткізгеннен кейін ғана мектеп ұстаздарының таңдауына ұсынуға құзіретті. Осы ретте, жақсы оқулықтың  жасалу шартына да тоқталған жөн шығар. Ол – мән-мазмұны мол, мәтіні оқуға жеңіл, ойы жинақы, көркемдік қуаты жоғары, тапсырмалары түсінікті жоба.  Осы талаптарға сай оқулықтар ғана оқыту процесін оңтайландырып, оқушыға жақсы әсер қалдырып, шәкірттің ынта-ықыласын арттырары анық. Сонымен қатар мазмұ­ны мемлекеттік білім стандартына сай болуы да қажет.

Қазіргі таңда баспаларда балама оқулықтар да самсап тұр. Солардың арасынан оқытуға оңай, көңілге қонымдысын таңдау оқушылар мен оқытушыларға  қиындық тудырып отыр. «Нұсқа көп болған сайын, таңдау да соғұрлым қиын» дегендей, нарық заманында сырты жылтырағанның арасынан сапалысын шатаспай табу – өте қиын іс. Оның үстіне, жыл сайын отандық оқулықтардағы оқулықтар мен қателер туралы дау, жанжал, арыз, шағым көп түсіп жатыр. Қаншама оқулық болса, соншама қатесі мен мәтіндік мәні шикі дүниелер де шығады.  

Оқулықтар мәселесі саналы азамат ретінде мені де бейжай қалдырмады. Сондықтан   тәуелсіз сарапшы ретінде отандық оқулықтар мазмұның зерделуге көштім. Қолыма бірнеше ірі баспалардың оқулықтары түсті.  

Осы орайда баспа оқулықтарының авторлары профессор, ғылым кандидаттары мен өңірлік мектептердегі үздік ұстаздар құрайды екен. Араларынан аса есте қалғаны Роман Алауұлының Қадырқұловтың «Цифрлық сауаттылық» оқулығы болды. Оқу материалында ұлттық құндылықтарды дәріптей келе, жасөспірімдердің санасына өз ұлты пен ұлысына деген құрметті насихаттау алға қойылыпты. «Цифрлық сауаттылық» пәні техникалық бағыттағы білім бола тұра, техника тілін көркемдеп, оқушыларға түсінікті тілде шебер жеткізіпті. Оқулықтың пәндік мазмұны бастауыш сыныптардағы ортақ тақырыптармен сәтті ұштастырылыған.  Ішіндегі тапсырмалар -  қоршаған ортаның әсемдігіне, қазақ халқының және басқа халықтардың өнер туындыларына, киіз үйге, оның жабдықтарына, тұрмыстық заттарға, ойыншықтарға, сәндік-қолданбалы өнерге қызығушылықты дамытуға бағытталғаны анық көрініп тұр. Әсіресе оқулықтағы «Scratch» программалау ортасы, робот техника бөлімдерінің пәндік мазмұны жақсы жазылған. Программалауды бастауыш сыныптан үйрету, оқушылардың ойлау және талдау қабылеттерін жақсы дамытатынын ескерсек, аталған бөлімдердің мазмұны әр түрлі шығармашылық тапсырмалар арқылы жан-жақты ашылған.  Сондай-ақ, оқулықтарға аудио және визуал материалдары бар OR-кодтар мен ұстаздарға ең қажет қысқа мерзімді жоспарлар  енгізіліпті. Бұл да бұл баспаның оқулықтарының басым артықшылығы екен. 

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының 2022 жылғы 16 қарашадағы №01-13/423 хатына сәйкес, 2023 жылға арналған Тақырыптық жоспарды қалыптастыру бойынша бастауыш сыныптарға арналған «Цифрлық сауаттылық» оқулықтары электрондық нұсқада әзірленетін болды. Сол себептен қазіргі таңда, «Цифрлық сауатттылық» Алматыкітап баспасының өз қаражатына жасалған «TopIQ.kz» білім беру платформасына енгізілді.

«TopIQ.kz» платформасында 147 электрондық оқулық, мектепке дейінгі білім беру құралдары жəне көркем əдебиет орналастырылған. Интерактивті тапсырманың бəрі логикаға, креативті ойлау мен есте сақтау қабілетіне лайықталған. Қосымша,  платформаға биылдан бастап жасанды интеллект модельдері негізінде «Qamqor» атты  көмекші құрыл кірістіріліпті. ЖИ негізіндегі көмекші оқушыларға қателерді түсініп, түзетуге, сондай-ақ күрделі тақырыптарды тереңірек зерттеу үшін қосымша ресурстарды ұсына отырып, бірден кері байланыс алуға мүмкіндік береді. Оқушылар өз сұрақтарына тез әрі дер уақытында дұрыс жауап алып, күрделі тақырыптарды түсініп, тапсырмалар бойынша ұсыныстарды көре алады. Ал мұғалімдер болса, сабақ жоспарларын жылдам жасау арқылы дайындыққа кететін уақытты үнемдейді. Ассистент материалды қайталамай, білім берудің маңызды аспектілеріне назар аударуға мүмкіндік береді

Мұғалімдерге көп-көрім көмек болар платформадағы «Qamqor» онлайн-ассистенті 2 сыныпқа арналған «Цифрлық сауаттылық» оқулығына   сынақ режимінде енгізіліп, апробациялық мектептердегі оқытушылар мен оқушылардың жоғары бағасын еншілеуде. 

«Алматыкітап баспасы» өз тарапынан, платформаға енгізілген онлайн-ассистент қазіргі білім беру саласындағы сынақтарға төтеп беретін, Қамқор атына заты сай, ең сенімді көмекші болатынына сенімді.