Кеше Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Сондай-ақ Қазақстан мен Қатар үкіметтері арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады.
Сот жүйесін реформалау заңы екінші оқылымда қабылданды
329
оқылды

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатымен сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасына депутаттар бастамашы болды. Бірінші оқылымда мақұлданғаннан ке­йін түзетулерге біршама өзгеріс енгізілді. Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Има­­шеваның айтуынша, кассациялық қадағалауды жетілдіруге қатысты нормалар қайта қаралған.

«Биыл 5 шілдеде Мемлекет басшысы қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша тәуелсіз кас­­сациялық соттар құруды көздейтін Конституциялық заңға қол қойды. Ол 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енеді. Осыған байланысты сот ісін жүргізудің барлық түрі бойынша кассациялық сотқа жүгінудің және сот актілерін қайта қараудың бірыңғай қағидаларын енгізу ұсынылып отыр. Істер кассациялық соттарда алдын ала қаралмастан, үш судьядан тұратын ал­қаға тікелей жіберілетін болады. Кассациялық соттың істерді қарау мерзімі алты айдан аспайды. Сот процесі тараптар шақырыла отырып, ауызша жүргізіледі», – деді С.Имашева.

Сонымен бірге кассацияға қатысты қолданыстағы шектеулер 2027 жылы 1 шілдеден бастап алынып тасталады. Азаматтық істер бойынша талап қою сомасы 200 АЕК-тен төмен жеке тұлғалардың және талап қою сомасы 30 мың АЕК-тен төмен заңды тұлғалардың мүліктік мүддесіне байланысты даулар бойынша шектеулер, теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жөніндегі шектеулер алынып тасталады. 

Сондай-ақ Жоғарғы Соттың рөлі өзгереді. Оның негізгі мақсаты – сот тәжірибесін нақтылау және біркелкілігін қамтамасыз ету болады.

«Сот актілері ерекше жағдайларда Жоғарғы Сот судьясының ұсынысы не­месе Бас прокурордың наразылығы бойынша Жоғарғы Сотта қайта қаралуы мүмкін. Мұндай жағдайларға мыналар жатады: сот практикасы біркелкілігінің бұзылу жағдайы, мемлекет немесе қо­­ғам мүддесін қозғайтын жағдай, қабыл­данған сот актілері айқындалмаған тұл­­­­­­­ғалар тобының құқығын бұзатын не адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін орны толмас ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін жағдай және тағы басқалар», – деді С.Имашева.

Дауыс беру қорытындысы бойынша, депутаттар заңды екінші оқылымда қабылдап, одан әрі Сенаттың қарауына жолдады.

Мәжіліс сондай-ақ 2023 жылы 12 желтоқсанда Дохада қол қойылған Қазақ­стан мен Қатар үкіметтері арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады. Құжат бо­йынша Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев баяндама жасады.

«Қатар – араб әлеміндегі еліміздің маңызды саяси және экономикалық серіктесі. Оған қоса, әскери ынты­мақ­тас­тықтың перспективалық бағыттары бар. Келісімді ратификациялау тараптарға әскери білім беру, ғылым, әскери медицина және басқа да өзара келісілген салаларда әскери ынтымақтастықты жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – деді Қорғаныс вице-министрі. 

Мәжілістің Халықаралық істер, қор­ғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан қосымша баян­дамасында әскери саладағы мәдени-спорттық іс-шаралар, бейбітшілікті сақтау, жауынгерлік даярлық және өзге де салаларға байланысты мәселелер бойынша консультациялар өткізу көзделгенін айтты. 

Бұдан бөлек, бүгін Мәжілістің Заң­нама және сот-құқықтық реформа комитеті Қазақстан мен Қатар арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа алды. 

 Жалпы отырыс соңында мәжіліс­мендер әлеуметтік-экономикалық та­­­­­қы­­рыптар бойынша мемлекеттік ор­­­гандарға 18 депутаттық сауал жолдады. Мәселен, Жанарбек Әшімжанов Премьер-­Министр мен Бас прокурорға жолдаған депутаттық сауалында қоғамдағы кейбір жастардың шалыс қадамынан үрейленетінін айтты.

«Өкінішке қарай, соңғы уақыттарда қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған тұлғаларға тас атып, мансұқ­тап, бағытынан адасып жүрген жас­­­­­­­­­тарымыздың қатары көбейіп барады. Ұлы Абайды – кришнайт, Сәкенді – сат­қын, Мұстафаны – қашқын, Әли­ханды – жөйіт, Жыр алыбы Жамбылды – «туфли жалағыш», Шәмшіні «арақ­кеш» деп, батырларымызды – байғұс, тұлғаларымызды тулақ етіп жатқан мысалдар аз емес. Жақында әлеуметтік желіде бір желөкпенің ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың бейнесін бас салып тоқпақтап, жұдырықтап жатқа­­­­нын көріп жанымыздан түңілдік. Ұлттың Арын жарты шөлмек шарапқа, намысын бүтін нанға сататын, көңілін ит жалаған, ниетіне қасқыр шапқан замандастарымның қатары көбейіп бара жатқаны қынжылтады. Ал күні кеше надандық пен топастықтың қиылысқан нүктесінен бүр жарған жас бала қазақ поэзиясының таутұлғасы Мұқағали Ма­­­­қатаевтың аруа­ғына тіл тигізіп, елдің есін екеу, түсін төртеу қылды. Тұл­ғалардың бәрі – ұлтқа ортақ. Талдап, та­­­­­­­разылап жатпайын, бұл келеңсіз оқиға бүкіл қоғамның жанын түршіктірді», – деді ол.

Осы тұста ол Мемлекет басшысының тапсырмасын еске салды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жаһандану кезінде ел жат жұрттың ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кетеді. Мәжбүрліктен емес, санасының улануы арқылы өз еркімен торға түседі. Сондықтан жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет!» – деген болатын. Ендеше елдің ертеңін сеніп тапсыратын ұрпақ қалыптастырамыз десек, үкіметтік деңгейде жеделдетіп Ұлттық құндылықтар жүйесіне арналған мемлекеттік Бағдарлама әзірлеу қажет. Балабақшаларда, мек­тептерде, оқу-ағарту бағытында бұл­жымас ұлттық тәрбие мен патриоттық іс-қимыл шараларын жүзеге асырылуы тиіс. Үкімет ұлтымыздың ұлы тұлғаларына тіл тигізуге, қорлауға жол бермейтін ша­­раларды заңдық тұрғыдан қолға алуы керек. Ел мақтаныштарының ар-­намысын аяққа таптағандар заң алдында жауап беріп, тиісті жазасын алған жағдайда ғана ұлттық құндылықтарымызды қас­терлей аламыз.

Келесі депутаттық сауал да қоғам кеселі болып отырған проблемаға ар­налды. Үкімет басшысы Олжас Бектеновке сауал жолдаған депутат Ринат Заитов қазақ жастарын азғындатып, болашағымыздың тамырына балта шап­қысы келетін әлемдік деңгейдегі жауыз ұйым – ЛГБТ мен феминизм туралы мәселе көтерді.

«Аталған ұйым өңірлерді аралап, кәмелетке толмаған ұл-қыздарымызға өз насихаттарын ашық жүргізгенде, Алматының көшелерінде өрімдей жас­тарды жинап алып митинг өткізгенде де, ашық сұхбаттарда басқасын былай қойып, тіпті 2 аптада 50 мыңнан астам қол жинаған Бағила Балғабаеваның бастамасымен жазылған петицияға да дабыл қағып, әрқайсысына 11 Мәжіліс депутаты қол қойып, сауал жолдағанда да құқық қорғау органдары саусақ қозғалтқан жоқ. Осыдан кейін еш жа­заға тартылмасына көзі жеткен азғындар күні кеше Алматыда Құрылтай өт­кізе­­ті­нін ашық хабарлады. Әлмисақтан ел мен жердің, ұлыс пен ұлттың тағдыры талқыланатын құрылтай деген қастерлі ұғымды осынша төмендеткенде біз неге қарап қалуымыз керек?!» – деп ашынған ол Премьер-Министрден Қазақстан Рес­публикасының 2005 жылғы 18 ақпандағы «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» №31 заңының 1-бабына сәйкес, феминита қауымдас­тығына Қазақстан Республикасының аумағында шектеу қоюды және ЛГБТ-ны насихаттауға толықтай тыйым салуды талап етті.

Өз кезегінде «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Нартай Сәрсенғалиев Бас прокурор, Ішкі істер министрі, Оқу-ағарту министріне жолдаған сауалында Алматы облысы Талғар ауданында болған оқиғаны ашына жеткізді.

«Қоғамды қамықтыратыны сол, соңғы уақытта жасөспірімдердің бір-бірін аяусыз соққыға жығуы, қорлауы, ең сорақысы, арты өлімге апаратын қайғылы жайттар жиілеп кетті. Телеарнаны қосып қалғанда, газет бетін ашып қалғанда, радионы басып қалғанда азаматтар бірі-бірін ұрды, соқты деген ақпараттан көз ашпайтын болдық. Кеше ғана Талғардағы дүкенде болған жағдай есімізді екеу, түсімізді төртеу қылды. Талғардағы тексіздердің тентектігінен 16 жасар бала, бір әулеттің аймаңдай азаматы Шерзат көз жұмды. Әкесі мен бауыры соққыға жығылды. Баланың ажалына не себеп деген сұрақ туады. Сон­дағысы – бір бөтелке алкоголь. Қазақ: «Арақпен достастым дегенше, адамгершілікпен қоштастым де» дейді. Ішкіштің өзі адам­гершілігімен қоштасып қана қоймай, кінәсіз кісілердің өмірімен қоштасуына себеп болғаны қатты қапаландырады. Осындайда біздің қоғам қауіпсіз бе өзі, заң кімнің жағында деген сұрақ туады. Себебі Шерзаттың әкесі тергеудің тұ­ралап тұрғанын, аудандағы құзырлы орын өкілдерінің істі созбаққа салып жатқанын, қылмыскерді қойып баласынан айырылған отбасын түнде тергеуге шақырып алып өктем сөйлегенін айтып, бейнеүндеу жасады. Ел өре түрегелді, артынша «істі ІІМ-і өз бақылауына алды» деген ақпарат тарады. Қоғамды қорқытатыны – осы, қылмыскерді жа­­за­­­лау үшін, әділдікке жету үшін бейнеүндеу жасап әр істі бір министрдің бақылауға алғанын күтіп отыру керек пе? Неге жергілікті жердегі құқық қор­ғау орындары дереу істің ақ-қарасын анықтап, әділ тергеу өткізбейді?» – деді ол.

Өз сөзінде Талғардан да өзге өңірлердегі оқиғаларды тілге тиек еткен депутат сауалын қорытындылай келе, келесідей ұсыныстар берді.

1. Алматы облысы Талғар ауданында 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс. 

2. Аталған іс бойынша барлық құ­қық қорғау органдары тізе қосып, оқи­ғаның заңды құқықтық бағасын тез арада беруі қажет. 

3. Білім беру ұйымдарында «Құқық негіздері» атты пән бар. Бірақ оның сапасына қатысты сын көп. Аталған пәннің бағдарламасын қайта жасап, балалар өмірде бетпе-бет келетін жайттар мен өмірден алынған нақты кейстерге сүйеніп оқыту керек. 

4. Мемлекет басшысы ұсынған Заң мен Тәртіп қағидатына сүйене отырып, елдегі құқық қорғау жүйесіне, полиция­ға деген халық сенімін күшейту, қоғам көзқарасын өзгерту бойынша жалпы­мемлекеттік деңгейде кешенді шаралар қабылдау қажет. Ол үшін халыққа адал қызмет ету керек, адал қызмет болмаса, сенім болмайды, ал сенімсіз ат­қарылған істің бәрі еш кететіні әмбеге аян. Осыны ұмытпайық!

Нұрлан ҚОСАЙ