Соңғы жылдары Сыр медицинасы қарқынды дамып келе жатыр деп ауыз толтырып айтқанымызбен, ауыл-аймақ елді мекендерде білікті мамандардың тапшылығы сезіледі. Соның салдарынан дертіне шипа іздеген жандар дәрігер таппай, облыс орталығына, ірі қалаларға сенделіп баруға мәжбүр.
Сыр медицинасы маманға мұқтаж
коллаж: Елдар ҚАБА
290
оқылды

Осындай қиындықтың құрсауында қалған алыс ауылдардағы ағайын сан мәрте дабыл қаққанымен, бұл мәселенің түйіні тарқатылар емес. Мемлекет тарапынан тиісті шаралар қолға алынса да, маман тапшылығын түбегейлі жою мүмкін болмай тұрған сыңайлы.

Алыстағы ауылдар мен аудан орталықтарын айтамыз-ау, арагідік мұндай келең­сіздік облыс орталығындағы емдеу мекемелерінде де қылтиып көрініп қалып жатады. Мәселен, бірнеше ай бұрын облыс орталығындағы медициналық емдеу мекемесінде маман тапшылығы бар екені жа­йында шу шықты. Атап айтқанда, қаладағы «Сенім» емханасында бала дәрігері мен хи­рург маманының жетіспеушілігі болып, әлеуметтік желіде дау туғызғаны ел есінде. Сол уақытта бұған дейін жоғары деңгейде қызмет көрсеткен емхана құрылтайшысы ауысқаннан бастап емдеу мекемесінің жұ­мыс сапасы төмендеп кеткені сөз болды. Соған сәйкес, медициналық мекеме тарапынан кадр тапшылығы қыспаққа алып тұрғанын жоққа шығармай, түйткілдің түйінін тарқатудың тиімді тетіктері қарас­тырылып жатқанын алға тарт­қан бо­латын. 

Негізінен, медицина саласының бі­лікті маманға мұқтаждығы кешелі-бүгін туындаған мәселе емес. Еліміз бойынша бұл келеңсіздік көп жылдан бері шешімін таппай, қордаланып тұр.

Кей деректерге сәйкес, былтырдың өзінде еліміз бойынша медицина саласындағы мамандықтардың бөлінісінде 787 – анестезиолог-реаниматологтар, 291 – акушер-гинекологтар, 304 – педиаторлар, 104 – неонатологтар, 65 – балалар инфекционистері, 51 – балалар неврапотологтары сынды көптеген кадр тапшылығы болып тұрғаны жайында мәлімет тарады. Нақтысы ел аумағында 7 606 орта медициналық персонал жетіспеушілігі сезілсе, оның ішінде 6 468 маман қалаларда, 1 138 маман ауылдарда тапшы екені айтылып қалды. 

Бұл көрсеткіште Қызылорда облысының да үлесі жоқ емес. Халықтың пікіріне сәйкес, әсіресе алыс ауылдарда жыл са­йын жаңадан медпункттер салынып, ел игілігіне пайдалануға бе­­­­­­­ріл­генімен, онда ем-дом жүргізетін ма­­­ман тапшылығы жиі сезіліп жатады. Сондай-ақ облыс аумағында гастролог, гемотолог, вирусолог, инфексиолог, эпелептолог, невролог, гостроэнтеролог сынды дәрігер мамандардың аз­дығы халық тарапынан жиі сөз бо­лып жүр. Бұдан өзге, жоғарыда ай­тып өткеніміздей, дефектолог, невро­лог, хирург сияқ­­­­­ты дәрігерлердің тапшылығына тап болып жататын сәттер де жиі бо­лып тұрады. 

Бүгінде облыс орталығының өзінде Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасы, облыстық балалар ауруханасы, теміржол ауруханасы, онкология орталығы, периниталды орталық, Қызылорда қалалық көпсалалы ауруханасы мен көп­­теген емхана тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге негізделген. Мұнан өз­­ге аудандарда орталық ауруханалар, ауыл­дарда медициналық пункттер және Байқоңыр қаласында облыстық көпбейінді ауру­ханасының филиалы жұмыс істейді. Алайда бұл емдеу мекемелерінің барлығында маман тапшылығы бір бүйір­ден тартып тұрады. Дейтұрғанмен, дер­тіне дауа іздеп сабылған жандардың жанайқайын ескеріп, құзырлы орындар бұл түйткілдің түйінін тарқатуға неге құ­­­­лықсыздық танытып келе жатқанын халық түсінбей дал.

Осы орайда кадр тапшылығы төңі­ре­гінде Қызылорда облыстық Денсаулық сақтау басқармасынан сұрап көрдік. Басқарма тарапынан облыс аумағында маман тапшылығына қатысты мәселе бар екенін жасырмады. Бұл келеңсіздікті қалыпқа келтіру мақсатында кезең-кезеңімен тиісті жұмыстар атқарылып жат­қанын алға тартты. 

«Емдеу орындарындағы маман тап­­­шылығына қатысты олқылықты еңсеруде бірнеше бағыт бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, медицина қызметкерлеріне сапалы жұмыс істеуіне жағдай туғызу үшін бар­лық ау­­­дандық аурухана мен емхана жаңадан салынып, халық игілігіне пайдалану­ға беріліп келеді. Соған орай маман же­тіспеушілігі мәселесін түбегейлі жою мақсатында жалпы тәжірибелік дәрігерлерді даярлау­ға Қызылорда облысы әкімінің 147 гранты, сондай-ақ буынды мамандарды резидентурада даярлауға 156 грант бөлініп, жергілікті бюдждеттен қаржыландырылды. Бұл жайт медицина ұйымдарын акушер-гинекологтармен, неонатологтармен, анестезиолог-реаниматологтармен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар жалпытәжірибелік дәрігерлер 2025 жылдан бастап бітіре бастайды. Осы арқылы саланы аймақтық дәрігерлермен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бо­лады. Бұдан өзге былтырғы жылдан бастап, 4 аудандық аурухана көпбейінді болып қайта құрылуына байланысты оған қажетті нейрохирург, ангиохирург, рентгенолог және УДД дәрігерлер даярлануда. Сол сияқты жергілікті бюджеттен аса тапшы мамандарға бірмезеттік көтермеақы жыл сайын 20 маманға ЖБ есебінен 500 АЕК көлемінде беріліп, қазір 99 жас маман қамтылды. Осы орайда тағы бір айта кететін жайт, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті және С.Асфендияров атындағы Ұлттық медицина унивеситетімен басқарма арасында меморандум жасалып, жас мамандарды тарту, жұмысқа тұрғызу және тұрақтандыру шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылуда», – деп түсіндірді бұл жайында Қызылорда облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Осылайша, басқарма тарапы­­нан, өңірде өршіп тұрған маман тап­­шылығын еңсеру бағытында атқарылып жатқан шаралардың нәтижесін көретін күн алыс емесін алға тартады. Бұл тұр­­ғыда қазірдің өзінде кейбір мамандарға деген мұқтаждық азая бастағанын ай­тып отыр. 

Ал емханалардың есігін тоздырып, дертіне шипа беретін дәрігер таппай, Ал­маты мен Астана қалаларында сенделіп жүрген халықтың жалғыз талабы бар. Қоғамның медицина мамандарына мұқтаждығы жедел шешілгенін қалайды.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы