Талғарда төбелес салдарынан қаза тапқан Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов қазақстандықтарға үндеу жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
"Құрметті, қазақ елі! Сіздердің алдарыңызда басымды иемін! Мені қолдап, балам үшін қол ұшын беріп жатқандарыңызға көп рақмет! Мен Қонаевтағы Алматы облысының Полиция департаментінің ғимаратына келдім. Ол жерде іс оң жағынан қаралып жатыр. Бізге адвокаттар көмектесуде. Марқұм болған Салтанаттың ағасының да (Айтбек Амангелді) көмегі бар. Ол кісіге де ерекше рақмет! Алғысым шексіз", – деді ол.
Шерзаттың әкесі халықтан қантөгіс болмауын сұрады.
"Өтінішім бар, халқым. Ешқандай митингіге, қантөгіс болмасын. Мен бар жерде бір шоғырланған адамдар келіп, сол сәтті менің дұшпандарым пайдалануы мүмкін. Көтеріліс жасап, мені аяқтан шалып, бауырыма қастандық жасау үшін сондай болуы мүмкін. Сол себепті халқым, өтініп сұраймын, ешқандай көтеріліс емес, өз қағидам: заң аясында дұрыс, әділ шешім сұраймын. Артық ештеңе сұрамаймын. Шыны керек, қандай да бір ақпараттар болып жатса, өзім ғана бөлісемін. Видеожазбаға, аудиожазбаға, суреттер, фотоларға сенбеңіздер. Кім келсе де, қандай жағдай болсын, сөйлесе алам, өз басыма жауап бере алам. Ал отбасымның жеке қауіпсіздігі уайымдатады", – деді Қаржаубай Нұрымов.
Оның сөзінше, күдіктілер бірнеше рет қорқытқан.
"Мені бір емес, бірнеше рет қорқытты. Алып кетулер болды. Телефонмен де. "Заңгерміз, адвокатпыз, бірге оқып едік" деп келіп, алдап, мені далаға шақырып алып, қорқытулар болғаны рас", – деді марқұмның әкесі.
Осы тұста ол ашық сотты талап ететінін жеткізді.
"Халқымнан сұрайтыным – еш қан төгілмесін. Ашық сот болуын талап етем. Ашық сот болса, оң шешім болады. Еш арандатуға түспеңіздерші. Аналар жыламасын, балалардың қаны төгілмесін. Бауырларым, жігіттер, арандамайықшы, алданып қалмайық. Жоғарыдағы ағалар да заң аясында қолға алып жатыр. Ертең Астанадан, ІІМ-нен адам келеді деп айтылды. Сол айтарым. Балам өлді. Енді мен басқа балалардың болашағы жақсы болсын деп тілеймін. Ниетім де, арманым да осы", – деді ол.
Айта кетейік, 4 қазанға қараған түні Талғарда жантүршігерлік қылмыс болды. Қолында пышақ пен қаруы бар бір топ жігіт 16 жастағы Шерзат, әкесі мен ағасына шабуыл жасаған.
Шерзаттың әкесі жалға дүкен алып, сауда жасаумен айналысатын. Арты өліммен аяқталған төбелес осы дүкеннен басталған. Бір жігіт дүкенге келіп, сыра алып, ақшасын төлемей кете барған. Шерзаттың әкесі сыраның ақшасын төлеуді талап еткен кезде жанжал туындаған.
Шерзат осы сәтте клиенттің дүкеннен шығып кетуін сұраған. Бірақ сыра алған жігіт достарына қоңырау соғып, дүкенге үш көлікпен бір топ жігіт келген. Бір топ жігіт Шерзатты тепкілей бастаған. Бұл сәтті тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-сыныпта оқитын Шерзат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты. Қансыраған бір отбасының мүшелері ауруханаға жеткізілген. Көп ұзамай Шерзат жансақтау бөлімінде көз жұмған.
Қаза тапқан жігіттің ата-анасы полицейлер оқиғаға қатысты адамның бәрін ұстамағанын айтып, дабыл қаққан.
Алматы облысының Полиция департаменті кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Оқиғаның барлық қатысушылары ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.