Елімізде игеріліп жатқан мұнай қорының таусылуға жақын қалғаны мамандарды алаңдатып, жаңа кен орнын іздеуге бет бұрды. Теңіз ұлтанын зерттеген арнайы мамандар мұнайдың мол қорын іздеп жатқанын жалпақ жұртқа жария етті. Бірақ нәтижесі қалай болды?
Бейресми мәліметке сәйкес, Арал маңында көмірсутекті жалпы қорын құрайтын 2 млрд тонна мұнай және 2 трлн текше метр газ бар екен. Сол кездері геолог мамандар Арал акваториясында 12,5 мың шаршы шақырымды құрайтын 30-ға жуық мұнай-газ кен орны болуы мүмкін екенін айтып қалды. Егер бұл көрсеткіш шындыққа жанасса, Аралдағы қара алтынның қоры Орталық Азиядағы мұнайдың 31 пайызын құрап, газдың мөлшері 40 пайызға тең болады деген сөз.
Бір жылдары тартылған теңіз ұлтанынан ұшы-қиыры жоқ қара алтын көмбесін іздеуге өзбек ағайындар да білек сыбана кіріскені мәлім болды. Бұл тұрғыда өзбек мамандары Аралдың табанында 470 текше метр газ бар екенін алға тартты. Мұны сол уақытта жергілікті басылымдар жарыса жазып жатты.
Негізінен, Арал өңірінде мұнай мен газдың мол қоры бар екені көптен бері айтылып келеді. Нақты айтқанда, 2000 жылдардың басында Үкіметтің арнайы қаулысымен теңіз табанында геологиялық-сейсмикалық барлау жұмыстары бастау алды. Мәліметке сәйкес, алғаш бұл жұмысты «Құландыэнергоинженеринг» серіктестігі жүргізіпті. Серіктестік ол кезде Арал аумағындағы Құланды түбегіне зерттеу жұмыстарын жүргізіп, алғашқы болжамдарын жасаған. Осыдан бастап жергілікті компаниялардың ықпалымен теңіз ұлтанындағы Кәукей аймағынан бірнеше ұңғымалар қазылыпты.
Бертін келе өңірдегі «Аралмұнайгаз» кәсіпорны Арал қаласының оңтүстік-шығыс бөлігіне, Мергенсай мен Аманөткен ауылдық округтерінің аумағына барлау жұмыстарын жүргізген. Осы арқылы бұрғылаушылар қара алтынның тереңдігін бағамдап, мүнай-газ шикізатының болжамдық қорын анықтауға тырысқан.
Негізінен, Арал өңірінен шикізат қорын іздеу міндетін алған бұл мекеме сол уақытта «Қазмұнайгаз-бұрғылау» сервистік бұрғылау кәсіпорнымен келісімшартқа отырғаны да айтылып жүрді. Сол кезде бұл жобаның құны 1,13 млрд теңгеге бағаланды. Бірақ барлау жұмыстары оң нәтиже көрсетпеген сыңайлы.
Арал аумағында зерттеу-барлау жұмыстары жүргізілгенін жергілікті жұртшылық та жоққа шығармайды. Сол барлау жұмыстарына дәйек боларлық ұңғымалардың орны әлі де сақталып тұрғанын айтады.
«Бұған дейін Арал өңірінде мұнайдың мол қоры бар екені жиі айтылып жүрді. Тіпті, көршілес Өзбекстан мемлекеті де Арал теңізінің бір бөлігінен қара алтын іздеп, қарбаласқаны мәлім. Арал аумағынан еліміздің мамандары бір емес, бірнеше мәрте шикізат қорына барлау жүргізгенін естідік. Арал теңізі аумағынан қазылған екі ұңғыманы көзіміз көрді. Ол ұңғымалар әлі күнге дейін тұр. Бірақ атқарылған жұмыстар оң нәтиже бермеген болуы керек. Нақты себебін білмейміз. Қазіргі уақытта аталмыш ұңғымалар игерусіз. Жалпы, Арал аумағына қара алтын қорын іздеу жұмыстары сирек те болса бой көрсетіп қалып жатады», – дейді Арал өңірінің тумасы, қоғам белсендісі Айжарық Ералиев.
Жалпы, соңғы жылдары елімізде мұнай қоры түгесілуге жақын екені жиі айтылып жүр. Соның ішінде Сыр өңірінде қара алтын қорының азайып бара жатқанын мамандар да тілге тиек етіп келеді. Мәліметке сәйкес, 2020 жылы өңірде мұнай өндіру мөлшері 4,6 млн тоннаны құраған. Ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 4,3 млн тоннаға, яғни 16 пайызға төмендепті. Шикізатты өндіру көлемі бойынша соңғы екі жылғы көрсеткіш те мәз емес. Осыған орай, өңірде жаңа перспективалық учаскелерді барлау мәселесі өзектілігін жойған тұр.
Соңғы мәліметке сәйкес, Арал шөгінді бассейнінің «Шығыс» және «Батыс» учаскелерінде геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны мәлім болды. Бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен 6 млрд 300 млн теңге қаралыпты. Сондай-ақ биыл «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясының бастамасымен «Торғай-палеозой» кен орнында тереңдігі 5 500 метр болатын ұңғыманы бұрғылау көзделген. Алайда бұл жұмыстар қандай нәтиже беретіні әзірге беймәлім.
Осы орайда, Арал ауданы әкімдігінен шикізат қорын іздеу нәтижесін білу мақсатында хабарласып көрдік. Бірақ аудандық кәсіпкерлік бөлімі тарапынан атқарылған жұмыстар жайында нақты мәліметпен бөлісе алмады.
Бір белгілі болғаны, Сыр өңірінде, оның ішінде Арал теңізі аумағында жер қойнауынан қара алтын қорын іздеу жұмыстары әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Барлау жұмыстарына кезең-кезеңімен бөлінген қыруар қаржыда есеп жоқ. Бірақ әзірге көңіл қуантарлық нәтиже көрінбейді.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы