Қазіргі қазақ әйелінің бейнесі, қарапайым, бояусыз тұрмысы бейнеленген фильм санаулы күндерде отандық киноиндустрияда көп касса жинаған кино болды. Осы фильмде қарапайым қазақ әйелінің өмірін үлкен шеберлікпен алып шыққан Ғайни Кукатовмен жақынырақ танысып, сұхбат алудың сәті түсті.
– Танымал актрисасыз. Театрда да, кино әлемінде де жүресіз. Уақытыңызды қалай үйлестіріп жүрсіз?
– Шыны керек, жалғыз өзім отырып сұрақтарға жауап беру – мен үшін алғашқы тәжірибе. Бұған дейін бірнеше телевизиялық сұхбаттарға барып, әріптестеріммен бірге қатысатынмын. Сондықтан жеке өзімнен сұхбат алуға уақыт бөлгеніңіз үшін алғыс айтамын.
Осы жерде бір шындықты айтайын, біз қазір Атырау мен Алматының ортасында жүрген отбасымыз. Өзімнің туып-өскен жерім – Атырау. Жолдасым да атыраулық. Дәл қазіргі сәтте екі қаланың ортасында жүруіме өнерім себеп болып отыр. Қазір Алматыға әбден орналасып алдық десек те болады. Атырауға жұмыс бабыммен, кейде отбасылық шаралар үшін келіп тұрамын. Себебі қайын жұртымның барлығы Атырауда тұрады. Әрине, өнерді отбасылық өмірмен қатар алып жүрудің өзіндік жауапкершілігі бар. Мейлі театр, мейлі кино болсын, кез келген картинадағы роль арнайы дайындықты қажет етеді. Дайындық уақытты, көңіл бөлуді талап етеді.
Дегенмен мен үшін ең бастысы – ол баланс. Егер жұмысыма қатты көңіл бөліп кетсем, өзімді «жеп қоямын». «Балама уақыт бөлмедім», «жолдасыма уақыт бөлмедім», «Ғайни, сен қандай анасың?» деп өзімді сөге бастаймын. Үйде отырып қалсам, «ешнәрсеге қол жеткізбедім» деген ойлар мазалай бастайды. Мұндай ішкі күйдің құбылуы шығармашылық адамға тән де болар деп ойлаймын. Сондықтан қандай жағдайда да өзімді, ішкі әлемімді баланста ұстауға тырысамын.
– Өнер әлеміне қалай келдіңіз?
– Актриса боламын деп мақсат қойдым, кешенді жоспар арқылы осы күнге жеттім десем, томпақтау болып кететін сияқты. Актриса болу – мен үшін мамандық емес, жанымның қалауы деп айта аламын. Себебі бала күнімнен өнерге жақын болып өстім. Кино қарап отырып, кей әртістердің сөздерін, қылықтарын айна алдына барып, қайталайтынмын.
Өз-өзімді айна алдында сынап жүріп, үлкен өнер әлеміне қалай келіп қалғанымды байқамай да қалған сияқтымын. Осылайша, кішкентай кезімнен өзімді актрисалықтан басқа салада көре алмадым.
Шыны керек, ата-анам менің полиция саласында еңбек еткенімді қалады. Тіпті, оқуға түсіруге тырысып, үгіттеді де. Бірақ мен өзімді қатал тәртіп саласынан көре алмайтынымды түсіндім. Өнер саласына келгеніме еш өкінбеймін.
– Кино әлеміне қадам басқаныңа біраз уақыт болды. Бірақ шыны керек, өзіңді «Түпсана және жасыл нәски» фильмі жаңа бір белеске көтеріп тастады десек болады. Осы киноға шақырту қалай түсті, қандай қызықты сәттер болды?
– Бұған дейін «Тоғжан», «Бір тоқсан» киноларына түстім. Күні кеше «Асау» фильмі жарық көрді. Мен үшін өзім түскен әр фильмімнің рөлі бар. Дегенмен «Түпсана немесе жасыл нәски» киносының мен үшін маңызы ерекше.
Мәселен, «Тоғжан» фильмі – демалысқа шығар алдында, ана болуға аяқ басқан кезімде жасалған түсірілім. «Тоғжаннан» кейін театрдан да, кинодағы жобалардан да бас тартып, ұзақ демалысқа шығып кеттім.
Ал «Түпсана және жасыл нәски» фильмі – менің саналы түрде өнерге қайта оралуыма себепші болған жоба. Ана атанып, сәбиім алты айдан асқаннан кейін, өзімді қамшылап, қайтадан жұмысқа шығып, жаңа дүниелер жасауым керек деп ойлана бастадым. Әріптестерімнің театрда жаңа спектакльдер ойнап, жобалар жүргізіп, киноға түсіп жатқандарын көріп, өзімді ояттым. Сөйтіп, өзгеріс жасау мақсатында шашымды қиып тастадым.
Имиджімнің өзгеруі өнер әлеміндегі өміріме үлкен өзгерістер алып келді. Киноға шақырту алдым. Режиссер мені екі рөлге байқап көргісі келді. Бірі – «Түпсана немесе жасыл нәски» фильміндегі басты рольдегі отбасылық жұптың оқушы қызының рөлі немесе сол Айнаштың рөлі. Бірақ оқушы қызға түрім келмеді. Айнаштың рөлін алу да оңай болмады. Үш кезеңнен тұратын кастингтен кейін Айнаштың рөлін мен алдым.
Мен үшін ең қызықтысы, кино түсірілімі болып жатқан кезде жолдасымның баланы түсірілім алаңына алып келіп жүруі болды. Режиссерден сәл үзіліске рұқсат алып, бөпемді емізіп отыратынмын. Кино қиындықсыз бір деммен түсіріліп шықты. Себебі ол жердегі актерлік құрам, жалпы шығармашылық топтың барлығы кәсіби мамандар болатын. Мен үшін бұл фильм үлкен тәжірибе болды.
– Осы фильмнің көп касса жинауының құпиясы неде деп ойлайсың?
– «Түпсана және жасыл нәски» бір қарағанда комедия болып көрінгенімен, онда қазіргі өмірдің ащы шындығы жатыр деп ойлаймын. Интернетке байланған өмір, ақыл үйрететін психологтер, тренингтер, отбасындағы абюзерлік, ішкілікке жақындық, феминизм – бәрі-бәрі бір фильмге топтастырылған. Және мықты сценарий, шебер актерлар, режиссерлік мықты жұмыспен толыққанда осындай сапалы картинаның шығуы да заңды еді. Қалай десек те, өмірден алынған дүниелер халыққа өтімді деп ойлаймын.
– Феминизм деп айтып қалдыңыз, экраннан көрген Айнаш мен шынайы өмірдегі Ғайнидің арасында байланыс, ұқсастық бар ма?
– Шыны керек, Айнаш мен үшін мүлде қарама-қарсы кейіпкер болды. Сондықтан Айнаштың образын көрерменге толық беру еңбекпен келді деп айта аламын. Ұқсастығымыз – бірбеткейлігімізде. Себебі мен де, Айнаш та кез келген дүниені тіке айта аламыз.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар? Осымен сұхбатымызды қорытындыласақ.
– Дәл қазіргі уақытта Атыраудағы жастар театры жаңа спектакльді дайындап жатыр. Театрымыз жақында ғана өз алдына дербес ғимаратты иеленді. Осындай жаңалықтар нәтижесінде театрда үлкен өзгерістер болып жатыр. Өзім кино әлеміне театр арқылы келгендіктен, театр әлеміндегі кез келген жаңалық мен үшін өте маңызды. Театрдан қол үзбей, спектакльдерде ойнап жүруімнің де себебі – осы.
Қазіргі уақытта ресейлік жобалардан ұсыныстар түсіп жатыр. Мен үшін ең бастысы – тәжірибе. Егер табиғатыма, өмірлік ұстанымдарына қайшы келмейтін рөлдер болса, ел ішіндегі, халықаралық жобаларда да өзімді сынауға дайынмын. Мен үшін әр жоба – үлкен мектеп, тәжірибе. Сондықтан өзімді дамытудан тоқтамаймын.
Әңгімелескен
Баян ЖАНҰЗАҚ