Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Берік Бейсенғалиев Үкіметтің көрсеткен болжамы Ұлттық статитстиканың мәліметімен сай келмей, 2029 жылғы еліміздегі жалпы ішкі өнімнің өсуіне күмен келтіріп отыр.
Тауар өндіруден Қазақстан көш соңында келе жатыр – Берік Бейсенғалиев
812
оқылды

– «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға дейін жалпы ішкі өнімді екі есеге ұлғайтып, 450 млрд долларға жеткізу туралы тапсырма берген. Оның 2 жылға жуығы өтіп кеткенін ескерсек, алдағы 5 жылда жалпы ішкі өнім 1,73 есеге жуық артуы тиіс. Бұл орташа жылдық өсу қарқыны шамамен 11% болуы керек дегенді білдіреді.

Үкіметтің болжамы бойынша Қазақстанның 2024 жылға арналған экономикалық өсімі 6% деңгейінде көзделген. Бірақ Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша елімізде жалпы ішкі өнімнің шынайы өсімі алғашқы жарты жылда 3,3%-ға жеткен. Қазірдің өзінде ішкі жоспарлы көрсеткіштерден қалып келе жатқаны анық.

Үкімет әлемде болып жатқан жағдайларға сілтеме жасайтыны сирек емес. Алайда Еуразиялық Экономикалық Одақ шеңберіндегі серіктестеріміздің көрсеткіштеріне талдау жүргізсек, ол уәжге күмәнмен қарауға мәжбүрлейді.  Еуразиялық экономикалық комиссия ұсынған статистика мәліметтеріне сәйкес 2024 жылғы қаңтар-маусым аралығында Еуразиялық Экономикалық Одақтың жалпы ішкі өнімі 2023 жылдың осындай мерзіміне қатысты 4,6%-ға өскен.

 Жалпы ішкі өнім тауарларын өндіруді 7%-дан жоғары арттыруға Қырғызстан, Беларусь және Армения қол жеткізген. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 3,6% болған, яғни серіктестерімізге қарағанда екі есе төмен.  Соғыс жағдайындағы Ресейдің өзінде санкцияға, СВИФТ-тан ажыратылуына, резервтерінің бұғатталуына қарамастан өсім Қазақстанға қарағанда жоғары.

Өнеркәсіп өндірісінде де көрсеткіштер Еуразиялық Экономикалық Одақ елдерімен салыстырғанда мәз емес. Осы реттте Үкімет Президенттің жалпы ішкі өнімді екі еселеу туралы тапсырмасын қалай орындамақшы деген еріксіз сұрақ туындайды? Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, экономика өсуін ынталандыру үшін біріншіден мемлекеттің экономикадағы үлесін төмендету. Бүгінгі таңда экономиканың 50-60%-ы мемлекеттің үлесінде болса, жұмыс орындарының шамамен 40%-ы мемлекеттік секторда шоғырланған. Экономикаға жеке инвестицияларды тартуға мүмкіндік беретін (сындыларды қоспағанда) мемлекеттік меншікті жекешелендіру бойынша реформалар қажет. 

Екіншіден, мемлекеттік активтерді басқаруды реформалау – тиімділікті арттыруға мүмкіндік беретін корпоративті басқарудың озық әдістерін және мемлекеттік холдингтердің ашықтықтарын ендіру. Үшіншіден, қажетті нәтиже бермейтін жобаларды анықтау мақсатында мемлекеттік бағдарламаларға ревизия жүргізу. Бұл тиімсіз артық шығындарды азайтуға мүмкіндік берер еді. Төртіншіден, бюджетке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік беретін мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламаларын әзірлеу және инфрақұрылым мен әлеуметтік сала құрылысына жеке капиталды қатыстыру. 

Бесіншіден, банктердің экономиканың нақты секторын кредиттеуіне жағдай жасау және шағын және орта бизнестің қаржылануына қолжетімділікті жеңілдету. Әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілікті арттыруға мүмкіндік беретін қосылған құны жоғары өнімді өңдеуді және экспорттауды ынталандыру. Экспорт көлемін ұлғайту үшін Орталық Азия елдерімен және Қытаймен сауда байланыстарын жандандыру қажет, – дейді Берік Бейсенғалиев.