Кәмелетке толмаған жасөспірім балалардың өз қатарластарын ұрып-соғуы, зорлауы, тіпті өлтіруі туралы хабар қазақстандықтарды дүркін-дүркін дүр сілкіндіріп тұр. Соңғы реттегі Талғардағы оқиға мұндағы жағдайдың тым күрделеніп кеткенін көрсетеді.
Балам – үйде, қылығы – түзде
384
оқылды

16 жастағы Шерзаттың кісі қолынан қаза табуы, жастар арасында криминалдық сана мықтап орнығып бара жатқанын аңғарт­са керек. Шығыс Қазақстан облысында жасөспірім қыздардың бір-біріне әлімжеттік көрсетуі ұлттық болмысымызға тіптен жат. Бұған не себеп болуы мүмкін? Қоғамда қылмысты романтизациялау белең алып бара жатқан жоқ па? Баланың бұзылуына кім кінәлі, кім жауапты: ата-ана ма, мектеп пе, әлде көше мен қоғам ба?

Бірінші кезекте ата-ана жауапты

Елімізде кәмелетке толмағандар жасайтын құқықбұзушылық деңгейі жоғары күйінде қалып отыр. Бас прокуратураның мәліметінше, биылғы 9 айда балалар қылмысы 50 фактіге, яки 4,1%-ға өскен. Былтыр осы кезеңде 1 213 қылмыс жасалған болса, биыл бұл көрсеткіш – 1 263. Осы оқиғалардың ішінен Шығыс Қазақстанда жиі қылаң беретін қыздар әлімжеттігін атай кеткіміз кеп отыр. Таяуда ғана бір құрбысын камера алдында ұрып-соғып, тізерлетіп кешірім сұратып, ақша талап еткен үш қыздың видеосы тараған болатын. Бұл қоғамда резонанс тудырып, тиісті органдар бұған жедел назар аударды. Сол сияқты оқиға былтыр наурыз айын­да да болған еді. Ойын-сауда орталығында кәмелетке толмаған екі қыз өзі қатарлас бір қызды соққыға жығып, дене жарақатын салған. Келесі күні де олар алдын ала сөз байласып, тағы да сол жасөспірімге әлімжеттік көрсеткен. Ұрып-соғып, күш көрсету арқылы қоқан-лоқы жасаған.

«Адамның ар-намысын таптап, кемсіту жолымен телефонға түсіріп, жәбірленушінің ішкиімін шешуге мәжбүрлеген. Кәмелетке толмаған қыздар бұл әрекеттерінің соңында 50 мың теңге ақша талап еткен. Оны тауып бермесе, бейнежазбаны жан-жаққа бөлісетіндіктерін айтқан» делінген сот құжатында.

Бәрін айт та бірін айт, ҚР ҚК-тің екі бабы бойынша айыпталған екі қыздың бірі 3 жылды арқалап кете барды, ал екіншісіне бір жылға бостандығын шектеу түріндегі жаза қолданылды. Сондай-ақ айыпталушылардан моральдық зиян келтіргендері үшін 9 миллион теңге көлемінде өтемақы өндірілді. Осылайша, тентек қыздар жазасын алғанымен, олардың тәрбиесіне дер кезінде ден қоймаған ата-аналары сорлап қалғаны анық. Еліміздің заңы бойынша балалары жазаланғанынан бөлек, оларға да айыппұл салынады. Мәселен, 2024 жылдың 8 айында бала тәрбиесі бойынша міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 84 мың заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 345 адам ата-ана құқығынан айырылған екен. 125 кәмелетке толмаған жасөспірім девиантты мінез-құлықты балаларға арналған арнайы мектептерге жіберілген. Еліміздің Жамбыл, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласында осындай 4 арнайы мектеп бар болса, оларда 161 бала ұстауда отыр. Ал Абай облысындағы ерекше режимдегі арнайы мектепте 13 бала білім алуда.

«Қазір балалар мен жасөспірімдер арасында қылмысқа бару күннен-күнге өршіп барады. Оған бірнеше себеп бар. Оның ішінде әлеуметтік те, психологиялық та факторлар жетерлік. Бұл жерде ең бірінші отбасындағы тәрбиеден бастау керек. Ата-аналар қазір көбісі жұмысбасты, отбасының жағдайын, балаларының болашағын жасаймын деп, тіпті балаларымен дені дұрыс қарым-қатынас жасауға, оларды қадағалауға уақыты болмай жатады. Ал балалар қазір күннен-күнге гаджеттерге өте тәуелді болып келеді. Одан көп ақпарат алады. Бірақ сол ақпараттарды көп ретте фильтрден өткізе бермейді. Сондықтан да бұл жерде ата-ана да баланы қадағалап, ол қандай әлеуметтік желілерде отыр, қандай сайттарда отыр, кіммен араласып жатыр – соны да тексеріп отыруы керек. Тек қадағалап қана қоймай, баламен диалог та құру керек. Қазіргі уақытта ата-аналар балаларымен көп сөйлесе бермейді. Шаршап келеді, ашуланады, үйінде баларына ұрысады, балалардың ашылып сөйлеспеуіне соның салдары да әсер етіп жатады», – дейді балалар психологі Анаргүл Маулиқызы.

Оның айтуынша, ең бірінші балада агрессия тудыратын нәрсе – теледидар мен гаджеттер. Елімізде шетелден келген түрлі ойын тарап жатыр. Оның ішінде теріс әрекетке итермелейтіндері де бар. Сондықтан ата-ана осының бәріне тосқауыл қойып, баламен сөйлесіп, оны мақтап, қолпаштап, ненің дұрыс, ненің дұрыс емес екенін ескертіп отыруы қажет. Өйткені оларда 12 жасқа дейін пси­хика қалыптасады. Осы уақытқа дейін олар кез кел­ген ақпаратты өзінің бойына жеңіл сіңіреді. Сондықтан агрессивті ақпараттарды да өте жақын қабылдайды. Соны практика жүзінде жасап көргісі келеді. Осылайша, агрессивті ойындар баланың агрессияны құп көруі көзқарасын қалыптастырады. Бүгінде қоғамда болып жатқан оқиғалардың бір себебі осында жатқаны сөзсіз.

«Сонымен қатар бұл проблеманың бір себебі –  балалар арасындағы құқықтық сауатсыздықпен байланысты. Жалпы мектептерде құқықтану сабағы өтетіні белгілі, бірақ онда біреудің затын ұрлап кетсе, нақты қандай жаза бар екені жазылмайды. Осындай деректерді пәндерге қосса өте жақсы болар еді. Сондай-ақ ата-аналарға да талап қойылса игі. Қазір мұғалімдерге талап өте көп, бірақ балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға ешқандай талап қойылмайды. Ата-аналар балаларына көп еркіндік беріп қояды. Мұғалім саған ештеңе істей алмайды деген сыңайдағы сөздерді көбірек сіңіріп жатыр. Балада қандай жауапкершілік, қандай міндет болу керек – көп ата-ана оны айта бермейді. Сондықтан бізде ата-аналарға арналған арнайы міндетті кездесулер ұйымдастыруды немесе оларға қойылатын талаптарды күшейтуді қолға алса дұрыс болар еді», – дейді ол.

Мұндағы тағы бір себеп – елде қатаң жаза­лардың болмауы. Қандай ауыр қылмыс жасаса да, әлеуметтік желілерден көріп жүргеніміздей, жеңіл жаза алып жатады. Оның үстіне, жемқорлықтың да әсері бар. Осыларды көрген баланың ойында не ақшаның көмегімен жазасыз қаламын, не жеңіл жаза аламын деген пікір қалыптасады. Яғни, менің қалтамда ақша болса мен барлығын жасай аламын, маған ешкім ештеңе істей алмайды деген сенімде болады. Ал егер адам жасаған қылмысына ауыр жаза алды деген ақпарат көбірек болса, кім-кім де болса ойланар еді. Соның арқасында балада жауапкершілік пайда бола бастайды. Жалпы, бұл жерде жаңа өсіп келе жатқан психологияда қорқыныш, жауапкершілік болмауы жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өсуіне әкеліп жатыр.

Уәкілетті органдарда кешенді көзқарас жоқ

Әрине, қарбалас тірлікпен отбасына көп көңіл бөлуге уақыты бола бермейтін ата-ана баласына «барып біреуді ұр немесе өлтір» деп айтпайтын болар. Сондықтан барлық жауапкершілікті олардың мойынына артып қоюға тағы болмайды. Жас­өспірімдер қылмысының алдын алу үшін заң­на­маны күшейту қажет. Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов кейбір істер бойынша қылмыстық жауапкершілік жасын төмендетуді ұсынады. Өйткені кей агрессор балалар жасына байланысты жасаған қылмысы үшін жазасыз қалып жатыр.

«Мектеп баланы қоғамға бейімдеудің алғашқы баспалдағы екенін ескерсек, өскелең ұрпақтың дес­труктивті мінез-құлқының алдын алып, оны уақытылы түзеу ұстаздар қауымының ғана қолынан келмек. Мектептегі зорлық-зомбылықты түп-тамырымен жою керек. Бірақ бүгінде кішкентай қыл­мыскерлер жасының жетпеуіне байланысты жазасыз қалып отыр. Бәлкім, біз, заң шығарушылар, кейбір қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық басталатын жастың шекті мәнін қайта қарап, жауап­кершілікті 14 жастан емес, 12 жастан белгі­легеніміз жөн болар. Мәселен, кейбір қылмыс бо­йынша, айталық, зорлау фактілеріне қатысты жауапкершілік жасын қайта қарап, Ұлыбритания­да­ғыдай 14-тен 12-ге дейін төмендету керек», – дейді ол.

Сондай-ақ депутат балалардың тәрбиесіне ерекше мән беру керектігін атап өтіп, әскер қатарында өзінің қылмыстық әрекетін жасайтын жастар мектепте теріс ортада жүргенін айтады. Оның сөзінше, ел мектептерінде зорлық-зомбылық, буллинг, бұзақылық пен қылмыстық өмір салтын романтизациялау бар. Ал оны жоюға бағытталған кешенді әдіс-тәсіл жоқ. Сондықтан депутат тиісті ведомстволармен бірлесіп, кәмелет жасына жетпеген балаларға құқықтық тәрбие беру бойынша тәсіл әзірлеу қажеттігін Үкіметке жеткізіп, нақты пози­цияны білдіруге шақырды.

«Оқу-ағарту министрлігі тек оқу-тәрбие процесіне ғана емес, сонымен қатар балалардың моральдық-этикалық мінез-құлқы мен эмоционалдық-психо­логиялық тұрақтылығы мәселесіне де ерекше назар аударуы қажет. Білім беру мекемелерінің жас­өспірімдердің қылмыстық мінез-құлқының алдын алу мен анықтауға деген көзқарасын түбегейлі өзгерту керек. Біз Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан балалар мен жасөспірімдердің өмірі мен денсаулығын дәйекті және сенімді қорғауға бағытталған әлеуметтік институт ретінде ата-аналық отбасының әлсіреуін тоқтататын біртұтас жұмыстың жоқтығын байқаймыз. Бүгінгі күні уәкілетті ор­гандардың бұл мәселелерді шешуге қатысты кешенді көзқарасы жоқ, ал егер бар болса, ол формальды сипатқа ие», – дейді ол.

Депутат бұл мәселеде халықаралық тәжірибеге жүгінуге болатынын айтады. Мысалы, Жапонияда Білім министрлігі балалар үшін қауіпсіз ортаны құру үшін ересектердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған арнайы «Қорқытуға қарсы кеңес» құрған. Педагогтерден қорлаудың әрбір жағдайына барынша қатысу және мұқият қарау, психологтар балалардың психоэмоционалдық жағдайына кәсіби қолдау көрсету, ал ата-аналар мен қамқоршылар қор­лау­дың алдын алу үшін мемлекеттік жүйемен белсенді түрде әрекеттесу талап етіледі. Осы ретте кәмелетке толмағандарды құқықтық тәрбиелеуді алдын алудың ерекше әдісі ретінде анықтау қажет. Оны барлық мүдделі мемлекеттік органдар әртүрлі деңгейде егжей-тегжейлі пысықтау керек.

Қоғам қалыс қалмауға тиіс

Қоғам арасында кәмелеттік жасқа тол­мағандардың жасаған қылмысына «ақылдары толмағаннан барды» деп қарау басым. Сондықтан ол қылмыстар құқық қорғау органдарына хабарланбай қалып қойып жатады. Ал шындығында, бұл дұрыс емес. Өйткені олар мұндай аяушылық жасалып жатқанын түсінбейді. Өзін кешіреді деп ойлап, қылмысқа баруын қоймауы мүмкін. Ал ақыры қолға түскен кезінде жасөспірімдердің бірнеше қылмыс жасағаны белгілі болады. Өйткені бұған дейін өзінің орнына ата-анасы жазаланған, сөйтіп жазадан тыс қалғаны ол үшін сабақ болмағаны анықталады.

«Тағы бір назар аударатын тұс, жасөспірімдер қылмыс жасау барысында келеңсіз жағдай бола қалса, адам өлтіру, ауыр дене жарақатын салу, қарақшылық шабуыл жасауға дейін барады екен. Бұл олардың қызуқандылығымен, психикасының қатаймауымен байланысты. Мамандар кәмелетке толмағандар арасында ең көп жасалатын қылмыс түрі – бұзақылық екенін анықтап отыр. Заңды жолмен өздерінің қажеттіліктерін қанағаттандыра алмағандықтан, жастар ақша табу үшін оны күш қолданып жасауға тырысады екен. Заңсыз бизнеспен айналысу да жиі кездеседі. Жасөспірімдердің арасындағы қылмыстың көбеюі балалардың бос уақытын ұйымдастыра алмауынан туып отыр. Сондай-ақ заңды дұрыс білмеуі, отбасындағы қолайсыз жағдай, сабаққа бармау, оқу орындарындағы тәрбиелік жұмыстардың аздығы сынды тағы да басқа факторлар әсер етеді. Одан бөлек, нашақорлық, таксикомания және алкогольдің әсерімен жасалатын қылмыстар да бар. Мәселен, әрбір бесінші қылмыс алкогольдің немесе есірткінің әсерімен жасалады екен. Қазір қыз балалардың қылмыс жасауы да жиі кездесуде», – дейді әлеуметтанушы Игісін Құсманұлы.

Оның айтуынша, көбінесе, қылмыстық топқа кіретін балалар өздері ата-аналардан сондай қатыгездікті көрген немесе ата-аналары тым еркіндік беріп жібергендер екен. Баланы балағаттап, күш көрсетіп өсірсе, ол өшпенділікке жақын боп өседі. Қылмыстық топты құратындар да, буллинг жасай­тындар да, әлімжеттік көрсететіндер де осындай балалардан шығады. Қазір мәселен бастауыш сыныптарда, әсіресе 3-4 сыныптарда буллинг көп. Сондықтан бұл жерде мұғалімдер ғана емес, ата-аналар да бірігіп әрекет етуі керек. Тағы бір жайт –  еліміздегі мектептерде психологтар саны аз. 3 000 балаға 2 психологтан келеді. Сондықтан олар анонимді түрде сауалнама жүргізсе де, әр бала туралы нақты мінездемесін біле алмай, буллингке түсіп жатқан балаларды анықтай алмай жатады. Жасөспірімдер қылмысының алдын алу туралы айтқанда, психологтар санын арттыру жайын да қозғау қажет. Бір сөзбен айтқанда, бұл проблемамен күресу үшін мемлекеттік органдар тығыз байланыста жұмыс істеуі керек. Жастар арасында патриоттық сезімін, мәдени құндылықтарды дамытып, тәрбиелеу керек. Сонымен қатар жастардың құқықтық сауаттылығын ашу керек. 

Қылмысты романтизациялауды тыю керек 

Еліміздегі криминалдық ахуалға әсер ететін бір фактор – қоғамда криминалды романтизациялау екенін жоққа шығаруға болмайды. Қазір телеарналар мен платформаларда заңға қайшы қарақшылық, есірткі, рэкетирлік, қыз зорлау, кісі өлтіру тақырыптарды қозғайтын сериалдар көбейді. Олардың қатарында «Бандитский Петербург» пен «Бригададан» бастап, «Слово пацана», «Районы», «Острые козырьки», «Во все тяжкие», «Шекер» және тағы да басқа туындылар бар. Қанша жерден қатыгездік көрсетіліп жатса да, басты кейіпкер қанша жерден қылмыс жасаса да оны қаһарман етіп көрсететін мұндай фильмдер көрген адамның, әсіресе жасөспірімдердің санасына теріс әсер етуі мүмкін. Өйткені ұнаған кейіпкеріне ұқсағысы келуі кейде оларды әлеуметтік нормаларға сәйкес келмейтін мінез-құлыққа итермелеуі мүмкін. Осы ретте ТМД аймағында мұндай фильмдер мен сериалдарға тыйым салу жөнінде дүрбелең туғаны да есімізде. Тіпті, Татарстан билігі мұндай танымалдыққа риза еместігін танытып, республика басшысы Рустам Минниханов «Қазан феномені» деп аталатын құбылысты романтизациялайтын «Слово пацана» сияқты сериалдарға жол берілмеу керектігін айтқан болатын. Сондай-ақ Татарстанның балалар омбудсмені Ирина Волынец те сериалға тыйым салуды сұрады. Бала психологтары да осы пікірді қолдайды.

«Мұндай картиналар жастар арасында қылмыстық әлем туралы жалған идеяларды қалыптастырады. Өмірлік тәжірибесі жоқ жас ұрпақ үшін бұл қауіпті. Зерттеулер криминалдық сериалдар көбінесе ха­лықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарының өкілдеріне көп әсер ететінін анықтап отыр. Теледидар мен гаджеттерде көрген барлық артықшылықтарды алуға мүмкіндіктері болмағандықтан, оларда ашу пайда болып, сол нәрсеге қол жеткізгісі келеді. Ал оның бір жолы криминал екенін осындай сериалдар айтып тұрғандай болады. Алайда жалаңаш агрессия көп мәселені ақыл-санамен шешуге шақырмайды. Керісінше, ол – өзін-өзі танытудың ең оңай жолы», – дейді психолог Эльвира Бекбосынова.

Оның айтуынша, қылмысты романтизациялауға кинода ғана емес, жалпы өмірде де жол бермеу керек. Өйткені субмәдениет насихаты қоғамды ілгері дамытпайды. Десе де, режиссерлер картинадағы мазмұнды романтизация деп ойламайды екен. «Картинада өмірді шынайы түрде, «қалай бар солай» көрсету керек», – дейді олар.

«Бұл жерде қорқатын түк те жоқ. Америкалық фильмдердің 75%-ы атыс-шабыс, ұрып-соғу, түрмеден қашу, банк тонау сынды «романтикадан» тұрады. Бірақ олардың қоғамы одан азып кеткен жоқ қой. Бір киноны көріп алып, соның әсерімен қылмыс жасалатындай жалған әсерді қою керек. Егер көрінген кадрдан қорқатын болсақ, көптеген жақсы фильмдерден бас тартуға тура келеді. Бұл кино – өнер екенін ұмытпау керек. Ал оны қабылдау әркімнің өскен ортасы мен жағдайлары, отбасы, мектебі, университетіне байланысты», – дейді режиссер Айгүл Ақсамбиева.

Дәл сол сияқты «Слова пацана» сериалының режиссері Жора Крыжовников өз туындысында зорлық-зомбылық романтизацияланғанын жоққа шығарған болатын. Оның айтуынша, көрерменге әрбір қылмыстың жазаланатыны айқын көрсетілген. Әрине, осында айтылған әр пікірдің де жаны бар. Бірақ қылмыс әлеміндегі субмәдениеттің уақыт озған сайын қоғам болмысына дендеп еніп бара жатқаны жасырын емес. Соңғы жылдары сонау 90-жылдардағы ұйымдасқан қылмыс серкелері мен белді мүшелерін дәріптеуге талпыныс күшейіп барады. Күш көрсету арқылы ісін жүргізіп, заңды белден басып, талай адамды қан қақсатқан басбұзарлар мен қаскөйлерді әспеттегеніміз қаншалықты дұрыс? Келер ұрпақ оларды ардақ тұтса, келешегіміз күмәнді болмай ма?

Нұрлан ҚОСАЙ