Жуырда Қытай президенті Си Цзиньпин індет тараған Ухань қаласына арнайы барды. Өйткені білікті мамандар вирустың тарауы тоқтады деп мәлімдеген, - деп жазады nege.kz.
Сан ғасырлық тарихы бар Қытайдан осы күні шықпайтын зат кемде-кем. Күллі әлемнің өндіріс ошағына айналған Аспан асты елі коронавирусқа қарсы ем тапқанға ұқсайды. Біріншіден, егер ондай болмаған жағдайда әккі саясаткер Си Цзиньпин басын бәйгеге тікпес еді.
Біздің пайымдауымызша, аурудан жазбаса да, таралудың алдын алатын бір дүние шығарғаны анық. Өйткені күні кеше коронавирус тараған елдердің онлайн картасында Шығыстағы көршіміздің 80 956 азаматы вирус жұқтырған еді. Бүгін цифр көбеймеген, керісінше азайыпты. Бұл біздің екінші дәлеліміз. Кешегі инфографикаға тұздық болған мемлекеттерде өсу қарқыны әлі де жоғары.
Бір тәулік ішінде 2 313 италиялық, 958 ирандық, 114 корей азаматы, 500 француз, 582 испандық, 275 АҚШ пен 58 жапондық вирус жұқтырғандар қатарына қосылды. Одан өзге тағы 2 122 адам бар. Осы уақыт ішінде 359 адам вируспен күресе алмай көз жұмды.