Бейсенбіде (17 қазан) Конституцияның сирек көшірмесі аукционда 9 млн долларға сатылды. Енді бұл құжат жеке тұлғаға тиесілі болды, ал оның кім екені белгісіз.
Конституцияның көшірмесін 9 миллион долларға сатып алған кім?
Конституцияның көшірмесін 9 млн долларға сатып алушы құпия қалған. Фото finam.ru сайтынан алынды
2,228
оқылды

Quartz сайты бейсенбіде (17 қазан) өткен аукционда құнды құжаттың көшірмесі сатыланын хабарлады. Aikyn.kz осы хабарламаға сүйеніп, Конституцияның көшірмесі неліктен сонша қымбат бағаға сатылғанын түсіндіреді.

Brunk Auctions аукцион үйінде бейсенбіде (17 қазан) АҚШ Конституциясының көшірмесі 8 минутта сатылып кеткен. Фото gq.ru сайтынан алынды

237 жыл бұрын басылған құжат Конституцияның жекеменшік қолдағы жалғыз көшірме. Оны Brunk Auctions аукцион үйінде бейсенбіде (17 қазан) 8 минутта сатылып кеткен.

Солтүстік Каролинадағы бұрынғы құлдар плантациясынан екі жыл бұрын табылған АҚШ Конституциясының сирек көшірмесін мамандар «өте құнды жәдігер» деп бағалауда. Көшірме аукционда 9 миллион долларға сатылды. Баға ұсыныстары 50 000 АҚШ доллары болатын қадаммен, негізінен телефон арқылы тез өсіп отырды. 8,5 миллион долларлық ұсыныстан кейін қысқаша тыныштық орнаған, бірақ бірнеше секундтан кейін бір адам қоңырау шалып, 9 миллион доллар деген баға белгілеген. Сатып алушының кім екені белгісіз болып қалған.

«Бір-екі секунд тоқтайықшы. 9 миллиондық сатудың атмосферасынан аздап ләззат алайық», – деген сөздерді толқыған аукционшы Эндрю Бранк айтқан.

Конституцияның жақында табылған көшірмесі бір кездері Сэмюэл Джонстонға тиесілі және қазір мемлекет меншігіндегі Солтүстік Каролина штатының Эдентон маңындағы Хейс фермасының (Hayes Farm) плантациясынан табылған.

Солтүстік Каролина штатының Эдентон маңындағы Хейс фермасының (Hayes Farm) плантациясынан табылған АҚШ Конституциясының сирек көшірмесінің 1 және соңғы 4-беттері. Фото live.brunkauctions.com сайтынан алынды

Құжат 1787 жылдан 1789 жылға дейін Солтүстік Каролина губернаторы болған Джонстонға Конституциялық конвенттен кейін жіберілген. Бірақ құжаттың құндылығы – Конституцияның көшірмесінің 13 колония құжатты бекіткенге дейін таратылуы болды. Сол кезде Конституцияның 100 данасы шығарылады, бірақ олардың азына ғана Конгресс хатшысы Чарльз Томсон қол қойып, әрбір штатқа танысуға жібереді. Hayes Farm құжаты – Конгресс ратификациялаған бүгінгі дейін сақталған Конституцияның 8 көшірмесінің бірі.

«Тарихтағы ең маңызды құжаттардың бірі, бұл мөрдің сыртқы түрі алдамшы қарапайым, бүгінгідей керемет қорғаныстары жоқ. Біздің жаңа үкімет халықтың дауысымен құрылғаннан кейін ғана пайда болады деген идея мазмұны жағынан Тәуелсіздік Декларациясынан да революцияшыл болды», – делінген Brunk Auctions лотының сипаттамасында.

АҚШ-та құлдардың еңбегін пайдаланған плантациялардың иллюстрациясы. Фото nps.gov сайтынан алынды. Авторлығы: Keith Rocco

Құжаттың табылуы да қызы. Конституция көшірмесі табылған Хейс фермасын (Hayes Farm) Сэмюэл Джонстонның ұлының бизнес серіктесінің ұрпақтары 150 жылдан астам иеленгеннен кейін Солтүстік Каролина штатына сатады. Бағалаушы Кен Фармер осы фермада сақталған антиквариат заттарды бағалап, тізімін жасау үшін келеді. Сол кезде Фармер Конституцияның көшірмесі мен Джордж Вашингтонның ратификациялауды сұраған хатын табады.

Brunk Auctions аукционы Конгрестің ратификациялау резолюциясын қабылдағанына 237 жыл толуына орай, қыркүйектің 28-інде өтеді деп жоспарланған болатын. Бірақ Солтүстік Каролинаның кейбір бөліктерін жойған Хелен (Helen) дауылына байланысты кейінге қалдырылады. Бейсенбіде (17 қазан) осы аукцион үйінде 1776 жылғы сутаңбасы бар Конфедерация баптары (АҚШ Конституцияның алғашқы нұсқасы) мен 1778 жылғы Солтүстік Каролина конвентінің Журналы да сатылды.

2021 жылы Sotheby's Конституцияның 14 көшірмесінің бірін аукционға қойды. Бұл бөлікті Citadel негізін қалаушы және бас директор Кен Гриффин 43,2 миллион долларға сатып алды, ол криптовалюталық инвесторлар тобының ұсынған бағасынан артық баға ұсынған еді.

АҚШ-тың негізін қалаушылар Филадельфия конвентінде. Фото The Indian Reporter сайтынан алынды. Авторлығы: Говард Чендлер  Кристи

АҚШ Конституциясы туралы қысқаша түсініктеме

АҚШ Конституциясы (United States Constitution) – Америка Құрама Штаттарының ең жоғары заңды күші бар негізгі заңы.  АҚШ Конституциясы 1787 жылы 17 қыркүйекте Филадельфиядағы Конституциялық конвентте қабылданып, кейіннен сол кездегі америкалық 13 штаттың барлығында ратификацияланды.

1787 жылы 25 мамырдан 17 қыркүйекке дейін Филадельфияда (Пенсильвания) өткен Филадельфия конвенті Конфедерацияның Жарғысын қайта қарау үшін шақырылады. Конвент бастапқыда тек қолданыстағы заңдарды түзету және нақтылау үшін ғана шақырылған еді. Бірақ оларды талқылау  барысында конвентке қатысушылар жаңа құжатты – АҚШ Конституциясын жасау қажеттігін түсінеді. 

Конвенцияға қатысу үшін 12 штаттан 74 делегат сайланды. Өз өкілдерін жіберуден бас тартқан жалғыз штат – Род-Айленд. Ол кездері ұзақ жол жүрудің қиындығына байланысты көптеген делегат  уақытында келе алмайды. Сондықтан конвент жұмысы 14 мамырға жоспарланғанымен, 7 штаттан тұратын кворум 25 мамырда ғана жиналады. Ал Конвентке қатысушылардың ең көп саны 55 адам болған.

Тарихи жиынға Томас Джефферсон мен Джон Адамс, Джордж Вашингтон қатысқан. Филадельфия конвентінің төрағасы болып, Джордж Вашингтон сайланды. Конвент кейін Тәуелсіздік залы деп аталып кеткен ғимаратта өткен.

Конституцияның түпнұсқа мәтінінің бірінші беті. Фото U.S. National Archives and Records Administration сайтынан алынды

АҚШ Конституциясы қазіргі ұғым бойынша әлемдегі алғашқы конституция болып саналады. Биыл 237 жыл толған Конституция 7 ғана баптан тұрады, содан бері оған тек 27 түзету енгізілген.

АҚШ Конституциясы заң шығарушы (Конгресс), атқарушы (Президент) және сот (Жоғарғы сот және төменгі соттар) тармақтары арасындағы билікті бөлу принципіне негізделген. АҚШ штаттарына заң шығару саласында кең құқықтар берілген, олардың өздерінің Конституциялары бар. Федералды Конституцияда мемлекеттік құрылым, сот жүйесі мен адам құқықтарына байланысты жалпы мәселелер қаралса, штаттардың конституциялары үкімет пен азаматтардың күнделікті қарым-қатынасын егжей-тегжейлі сипаттайтын баптардан тұрады.

АҚШ тарихында Конституцияға түзетулер енгізуге 11 мыңнан астам әрекет жасалған. Конгресс олардың 33-ін мақұлдап, ратификациялауға штаттарға ұсынды. Олардың тек 27-сін ғана штаттардың төрттен үші ратификациялаған. 

Ескерту. Түзетулерді Конгресс немесе Ұлттық конвент қабылдағаннан кейін оларды штаттардың төрттен үш бөлігі ратификациялауы керек. Соңғы Түзету Конституция мәтініне 1992 жылы енгізілген: оны штаттардың мақұлдануына 200 жыл уақыт кеткен. Түзету 1792 жылы енгізілген болатын. Бүгінгі қолданыстағы АҚШ Конституциясында бап, 4 543 сөз бар (ағылшын тілінде, түзетулермен бірге).

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.