Жақында «Нобель сыйлығы» иегерлерінің есімі белгілі болды. Әлем жұрты беделгі сыйлықтың жаңа лауреаттарын танып, өз таңданыстарын айтып жатыр.
«Ақсақ құлан жайлы аңызға ерекше тебірендім» – Александр Затаевич пен Ромен Ролланның хат алмасуы
Фото: автордың жеке мұрағатынан
2,575
оқылды

Осы орайда «қазақтан шықпаса да, өз уақытында қазақ жайлы өз пікірін айтқан қай Нобель сыйлығы лауреаты бар екен?» деп баспасөз беттерін шолып шықтық. Ең алғаш көзге түскені Ромен Ролланның сөздері. 

«Француз мықтысы Роллан қазақ музыкасы жайлы жақсы пікір айтқан екен» деп естіп жүрсек те, нақты жазғандарын көрмедік. Бүгін ғана реті келді. Александр Затаевичпен өзара жазған бірнеше хатында Роллан қызықты да құнды пікірлері бар екен. Оқырманға ұсынбақпыз. Дегенмен әуелі «Роллан кім?» деген сұраққа жауап берейік. 

Ромен Роллан – француз жазушысы. 1915 жылы әдебиет саласынан Нобель сыйлығын алған.  Музыканы бір кісідей білген. Сарбонна университетінде операның шығу тарихы жайлы диссертация қорғап, кейін «Байырғы музыканттар, «Гендель» секілді бүгінгі музыкатанушылар арасында құнды еңбектерді жазған. Лев Толстоймен аралас-құралас болған. 1935 жылы Максим Горькийдің шақыруымен Мәскеуге барып, Сталиннің жеке қабылдауында болған.

Әңгімені Затаевич пен Роллан хаттарына қарай бұрайық. Хат мәтіні «А. Затаевич. Зерттеулер, естеліктер, хат пен құжаттар» атты 1958 жылы жарық көрген жинақта жарияланған.

Хат алмасу Затаевичтен басталады. Алғашқы хатында қазақ халық жайлы, 1920-1923 жылдары қазақ даласын кезіп, ән мен күй жинағын  жазып, нәтижесінде жарық көрген «Қазақ халқының 1000 әні» еңбегін және халық әндерінің сарынында жазылған фортепианоға арналған шығармалар жинағын сыйға тартады. «Сіз жайлы біздің елде көп жазылады. Әрі сіздің халық музыкасына деген ықыласыңызды білеміз. Сондықтан осы еңбегімізді қабыл алсаңыз» деп жазады Затаевич. Жауап көп күттірмейді.

«Менің туған күніме орай жіберген екі кітабыңызды алдым. Алдымен сіздің қажырлы еңбегіңізге құрметімді білдіремін. Ауру мен аштық жайлаған кезде істеген еңбегіңізді құрметі екі есе артады. 

Мен орысша оқи алмаймын. Бірақ жанымдағы көмекшілер еңбектердегі алғы сөз бен түсініктемелердің кейбір маңызды тұстарын аударып берді. Мен  Ақсақ құлан жайлы аңызға ерекше тебірендім. Сырдария жайлы әннен де даланың күші мен әдемілігін сезгендей болдым.

Бір қызығы, бұл әндер маған жақын сияқты. Біздің еуропалық әндерге туыс сарындас келеді. Әрине, қазіргі Еуропа музыкасы жайлы айтып отырғаным жоқ. Менің айтпағым Еуропа музыкасының халықтық сарындағы әлі сақталған кез.

Фортепианоға арналған шығармаларыңыз да ұнады. Әсіресе, «Қарғам-ау» жалғыз жүргенімде ыңылдап жүретін әуеніме айналды. Басқалары да шабыт берер дүниелер екен.

Қазақтың әндері маған үшін жаңа леп әкелгендей. Өзгеден көрмегенім осы жерде бар. Сізге де менің «Байырғы музыканттар» және «Бұрынғы уақытқа музыкалық саяхат» атты екі еңбегімді сыйлыққа жіберейін. 

Құрметпен Ромен Роллан. Швейцария. Сәуір айы, 1926 жыл».

Бұл хатқа жауап ретінде Затаевич өзіңіз рақметін айтып, «Қазақ халқының 1000 әні» еңбегіндегі бірнеше әнге назар салсаңыз дейді. Сонымен қатар «жақын арада Қазақтың 500 ән мен күйі» жарыққа шығады деп хабарлайды. Естелікке фото жібереді. Фотода өзі, қырғыз комызшы Мұратәлі Күренкеев және қияқшы Тоқтомамбет (Қарамолда) Орозов. Затаевич бұл екеуі де Ыстықкөл жағасында тұрады деп жазып кеткен.

Сөз орайы келгенде жазып кетейік. Бұл фотоны кейбір журналистер «Затаевич қазақ өнерпаздарының арасында» деп ақпарат таратып жүр. Оларға А.Затаевич тек қазақ емес, іргелес жатқан қырғыз музыкасын да жазып, құндық еңбектер қалдырып кеткенін ескертеміз.

«Құрметті Затаевич мырза! Сіздің қазақ пен қырғыздың өнерін хатқа түсіру еңбегіңізге тәнтімін. Еңбектеріңіз тарих қойнауынан өз орнын табатынына сенімдімін. Бұл жерде деректі ұсынудың көркем түрін таңдағаныңызға ерекше назар аударғым келеді. 

Жазғаныңыздан өзіңіздің ерік-жігеріңізді көрсете білдіңіз. Құрметім шексіз. Сізге де өз фотомды жіберейін. Бұл фото Бетховенның 100 жылдық мерейтойында Венада түсірілген.

Ромен Роллан, Швейцария, қыркүйек айы, 1929 жыл.

1931 жылы Затаевич Ролланға тағы хат жазады. Бұл жерге негізгі әңгіме «Қазақтың 500 ән мен күйі» жинағы жайлы болады. Хат мәтінмен бірге, еңбектің бір данасында салып жіберген екен.

Жоғарыда жазғанымыздай, Роллан 1935 жылы Мәскеуге келеді. Осыған орай, Затаевич хат жазып, жаңадан шыққан бірнеше еңбегін сыйға тартқан екен.

«Құрметті Затаевич жолдас! Сіздің хатыңыз бен сыйлығыңызды алдым. Еңбектеріңізді мұқият қарайтыныма күмәніңіз болмасын. Сізбен жеке кездескім келсе де уақыт өте тығыз. Сондықтан реті келмей тұр. Ертең Мәскеуден шығып, Горькийдің саяжайына барамыз.

Сізге деген құрметпен Ромен Роллан. Мәскеу, «Савай» қонақүйі, маусым 1935 жыл».

Әлем мойындаған Ромен Ролланның Затаевичпен хат алмасқаны  – осындай. Олардың жеке кездескені, кездеспегені жайлы дерек нақты емес. Кейбір деректерде олар Мәскеудегі Глинка атындағы музыка мұражайында кездескен дейді.

Рүстем НҮРКЕНОВ, күй зерттеушісі