Бүкіл ТМД кеңістігінде Қазақстан – су ресурстарымен ең аз қамтылған мемлекеттің бірі екені бұрыннан айтылып келеді. Алайда кейінгі 5 жылда сол азын-аулақ судың үлкен бөлігі жарамсыз болып қалғаны енді белгілі болды.
Ласқа «жаны қас» Кодекс
289
оқылды

Су ресурстары министрлігінің мәліметінше, елде «өте ластанған» деп есептелген су қоймаларының үлесі 2019 жылғы 30%-дан 2023 жылы 40%-ға жетті. Ластануы жалғасқан. Сондықтан сарапшылар Президент тапсырмасымен әзірленген Су кодексі жобасына үмітпен қарайды.

Су кодексінің жаңа жобасы бойын­ша жұмысқа Мәжіліс 2024 жылғы 14 ақ­панда кіріскен болатын. Содан бері құжат пысықталып жатыр. Депутаттардың асықпауының мәнісі түсінікті: маңызды кодекс бірер жылға қабылданбайды, ондаған жыл қызмет етуге тиіс. Мысалы, онда жаңбыр суын ақылы ету ұсынылып отыр. Алайда салаға жауапты шенеуніктер жауын-шашынды қалай есепке алуға, оның суын қалай сақтап, тазартуға болатынын өздері де ұғына алмапты. 

Кодекс бойынша жұмыс тобының басшысы, Мәжіліс депутаты «AMANAT» фракциясының мүшесі Павел Казанцевтің айтуынша, жобаның Парламентке кірген үкіметтік редакциясында жергілікті атқарушы органдарға жаңбыр суына тариф белгілеу құзырын беру қарастырылды.

– Бірақ біз шатырдан сорғалаған суды қалай жинау, есепке алу керектігін де білмейміз. Мұны білмесек, орта­лықтандырылған түрде емес, әр үй, әр мекеме жеке жинайтын ол судың тазалығын қалай анықтаймыз? Жаңбыр суы үшін кімнен қанша ақы жинауымыз керек? Сонымен бірге ондай суды жинауға, өңдеуге, сақтауға біреу жауапты болуы қажет. Жаһандық тәжірибе көрсеткендей, жаңбыр суын сақтап, тазалап, пайдалануға болады, – деді жұмыс тобының жетекшісі. Оның айтуынша, осы және басқа да күрделі, күрмеулі проблемалар талқыланып жатыр. 

Алайда күн тәртібінде бұдан да маңыз­­ды мәселелер тұр. Су саласының маманы, инженер Ғалымжан Омаровтың түсіндіруінше, Қазақстанда су ресурстарының тиімсіз пайдалануының бірнеше себебі бар. 

– Егін шаруашылығында су көп рәсуаланады. Басқаны айтпағанда, кей жерде суды егістікке құбырмен емес, қолмен қазылған арнамен жеткізу тәжі­рибесі сол бойы қолданылады. Ол су жол бойы топыраққа сіңеді. Елде су объек­­тілерін өндіріс орындары, тұрмыстық қалдықтар, кәріз сулары ластап жатыр. Соның ішінде, әсіресе тау-кен өндіру, металлургия, химия өнеркәсібі кәсіпорындары, ауыл шаруашылығы, коммуналдық қызметтер су атаулыны қарқынды ластайды. Содан Қазақстанда ішуге жарамды су объектілері жыл сайын азайып келеді. Республикадағы жерүсті суларының басым көпшілігі санитарлық-гигиениеналық нормаларға сәйкес келмейді, – деді Ғ.Омаров.

Сарапшының мәліметінше, Қазақ­станда 17,5 мыңға жуық көл бар. Оның тек 13 мыңы – тұщы. Мұның сыртында шамамен 9 мыңға жуық көл жазда кеуіп қалады. Өзендер мен ірілі-ұсақ бұлақтардың саны 170 мыңнан асады екен. Алайда соның ішінде тек төртеуі – Есіл, Ертіс, Жайық пен Сырдарияның ғана ұзындығы 1 мың шақырымнан көп және елді мекендерді ауызсумен қамтудың тұрақты көзі саналады. Өкінішке қарай, олардың ішінде Есілден басқасының бастаулары – Қазақстанда емес. Көршілер олардың бойына қаптатып бөген салып тастаған. Солар арқылы су ағынын жапса, қазақстандық бөлігі толық құрғап қалады. 

Отыз жылда сусыз қалмайық десек

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, су ресурстарын тиімсіз пайдаланудың негізгі себептеріне – өндіріс орындарында суды шектен тыс көп шығындайтын технологияларды қолдану, суды нысаналы жеріне тасымалдау кезінде үлкен бөлігін жоғалту, су жинау құрылыстарының суды есепке алу жүйелерімен жете жарақтандырылмауы жатады. 

– Бұдан бөлек, кәсіпорындарды озық су үнемдеу технологияларын, сумен кері және қайталама жабдықтау жүйелерін енгізуге ынталандыруға, сондай-ақ өнімсіз ысыраптарды қысқартуға арналған тиімді экономикалық тетіктер жоқ. Бұған қоса, республика су ресурстарының қарқынды ластануының салмақты проблемаларына тап болды. Кейінгі жылдары су сапасының күрт нашарлауына қатысты алаңдатарлық үрдіс-тенденция байқалады. Қазақстан су бұру жүйелерінің қолжетімділігі бойынша артта қалуы кесірінен, елді мекендердің сарқынды суларының тек 29%-ы ғана төгу алдында қайталама тазартудан өтеді. Салыстырсақ, Ұлыбританияда бұл көрсеткіш – 94%, Израиль мен Сингапурда – 100%, – деді министрлік мамандары. 

Салдарынан улы өндірістік және тұрмыстық ақаба сулар жерүсті ғана емес, жерасты суларын да ластайды. Министрлік ел аумағындағы жерасты суларының ластануының негізгі көздері ретінде тау-кен өндіру және қайта өңдеу өнеркәсіптік кәсіпорындарын, қаладағы құрылыс алаңдарын, ауылдағы мал шаруашылықтарын, егістік алқаптарын, сондай-ақ көліктерді, әртүрлі қатты және сұйық қалдықтар мен мұнай өнімдері сақталатын қоймаларды және басқасын атады. Жерасты суларының ауқымды ластану ошақтары Ақтөбе–Алға, Павлодар–Екібастұз, Қарағанды–Теміртау, Жамбыл–Қаратау, Шымкент, ШҚО, Семейдің аумақтық-өнеркәсіптік кешендерінің аумағында тіркелген. 

«Антропогендік ластау – өзендер­дің, су қоймаларының, көлдер жүйелерінің тозып, деградациялануының негізгі себептерінің біріне айналды. Адам­дардың, өндіріс орындарының айналасын ластауы су түбінде улы шөгінділердің қордалануына, су өсімдіктері мен жануарлардың ағзасында ластаушы заттардың жиналуына соқтырды. Улы заттар ауызсу және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау көзі ретінде пай­даланылатын, су биологиялық ресурстарының тіршілік ету ортасы саналатын су объектілерінің сапасын нашарлатады», – деді Су ресурс­тары министрлігінің мамандары. 

Соңғы бес жылдағы статистикалық мәліметтерге жүгінсек, 2019 жылы Қазақ­станның бүкіл су қоймаларының 30%-ы «өте ластанған» деп есептелген. 2023 жылы бұл көрсеткіш 40%-ға жетті. Мұндай алапат қарқынмен небәрі отыз жылда елдегі барлық судың 90 пайыздайы қатты ластанған болып шығуы мүмкін. Кейбір өзенде адам және жануарлар денсаулығына залалы зор ауыр металдар деңгейі рұқсат берілген нормадан 2-3 есе жоғары. 2022 жылдан бері су қоймаларының эвтрофикациясына соқтыратын нитраттар, фосфаттар мөлшері артқан.

Өнеркәсіптік кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы – ластаудың негізгі көзі болып отыр. Бір жыл ішінде су объектілеріне түскен ластаушы заттардың 60%-ынан астамы өнеркәсіптің еншісінде. Ұлы даланың табиғаты мен суын ең көп ластаушы аймақтар арасында Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары антилидер болып қалды.

Ластаушылардың көбі лайықты жазасыз қалады. Қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 358-бабы бойынша судың ластануының және қоқыстануының алдын алу аясында 2019 жылдан 2024 жылдың 1-жартысы арасында бассейндік инспекциялар небәрі 9 бұзушылықты анықтады. Атап айтқанда, 2019 жылы – 1, 2020 жылы – 1, 2021 жылы – 6, 2022 жылы – 1, 2023 жылы – 0, 2024 жылдың 1 жартыжылдығында 5 бұзушылық анықталған. Биылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 479,9 мың теңгеге 5 ұйғарым шығарылыпты. 

Заңның жауы – жұмсақ жаза 

2019 жылдан 2024 жылдың 1 жартыжылдығы аралығында мемлекеттік бақылау аясында 445 субъектіге тексеру жүргізілді. Қорытындысында 1 202 бұзушылық анықталып, мемлекет пайдасына 40 млн 114,9 мың теңге ғана өндіріп алынған. Бұл жазаның тым жұмсақтығын көрсетеді және заң бұзушыларды кемшілігін жоюға немесе жөнсіздігін қайта жасамауға еш «ынталандырмайды».

Қазір Әкімшілік кодекстің 359-бабының бірінші бөлігі бойынша «Судың ластануын және қоқыстануын немесе олардың зиянды әсерiн болғызбайтын құрылыстар мен құрылғыларсыз, кәсiпорындарды, коммуналдық және басқа да объектiлердi пайдалануға бергені» үшін жеке тұлғаларға – 20 АЕК, шағын кәсіпкерлерге – 40 АЕК, орта кәсіпкерлік нысандарына – 70 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 400 АЕК айыппұл ғана салынады. 

358-баптың екінші бөлігі бойынша «Суды ластанудан, қоқыстанудан және сарқылудан қорғауды, сондай-ақ су режимiнің жай-күйiн жақсартуды қамтамасыз ететiн гидротехникалық, технологиялық, орман-мелиорация­лық, санитариялық және басқа да iс-шараларды жүргiзбегені» үшін жеке тұлғалар – 20 АЕК, шағын кәсіпкерлер – 34 АЕК, орта кәсіпкерлік кәсіпорындары – 100 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілері – 140 АЕК айыппұлмен жазаланады. Ең жоғарғы жаза 516 880 теңге айыппұл ғана. 

Сондықтан тіпті жаза тартқан кәсіп­орын-компаниялар су заңнамасының талаптарын жүйелі түрде бұза береді. Мысалы, 2023 жылы лас суларын өзенге төккені және канализациялық коллекторындағы апатты жою жоспарын жүзеге асырмақ түгіл, тіпті әзірлемегені үшін ірі кәсіпкерлік субъектісіне – «Қарағанды Су» ЖШС-ына қатысты Әкімшілік кодекстің 425-бабының 1-бөлімі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық хаттамасы толтырылып, 1 600 АЕК (5,5 млн теңге) айыппұл салынған. Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жоспардан тыс тексеріс жүргізе келе, «Қарағанды су» ЖШС-ның лас ағынды суын тазалаусыз Кіші Бұқпа өзеніне төккенін растады. Кезінде балығы тайдай тулаған бұл өзен «өлі» су қоймасына айналып барады. 

Алайда Су ресурстары министрлігінің дерегінше, «Қарағанды су» сондай-ақ Әкімшілік кодексінің 358-бабының екінші бөлігі бойынша заң бұзушылыққа жол берген. Сонысы үшін 2024 жылы жауапкершілікке тартылды. Яғни, министрлік сарапшыларының айтуынша, оларға «тиісті шара қабылдау орнына азын-аулақ айыппұлды төлеген жеңілірек». Сол себепті ведомство Су кодексі және салалық заңнаманы жетілдіру аясында айыппұлдар көлемін екі еседен астамға ұлғайтуды ұсынып отыр. Бұл шара су қатынастары субъектілерінің жауапкершілігін арттыру­ға ықпалын тигізеді деп есептейді.

Соның ішінде Әкімшілік кодексінің 358-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатып, айыппұл көлемін жеке тұлғаларға – 140 АЕК, шағын кәсіп­­­керлерге – 280 АЕК, орта кәсіпкерлік нысандарына – 490 АЕК, ал ірі кәсіпорындарға – 980 АЕК-ке (биыл 3,6 миллион теңгеге) дейін арттыру ұсынылды. Парламент құп көрсе, өзге баптар бойынша да айыппұл көлемдері ауқымды түрде өспек.

Айқын мақсат нақты істермен ұштасса...

Салалық министрліктің хабарлауынша, су заңнамасын жетілдіру аясында қолға алынатын шаралар жағ­дайдың жақсаруына септесуі тиіс. Бұл тұрғыда келесідей нысаналы индикаторлар бе­л­­­­гі­­­­­леніпті. Біріншіден, магистралдық жә­не шаруашылықара­лық арналар арқылы тасымалдау ке­­­зінде ауыл шаруашы­лы­ғында су шығыны­ның үлесін 2026 жылы – 43%-ға, 2027 жылы – 39%-ға, 2028 жылы – 35%-ға дейін кеміту көзделген.

Екіншіден, қайтарымсыз су тұ­ты­ну­дың және өнеркәсіптегі жеткі­зу кезінде шығындардың деңгейі 2026 жылы – 24%-ға, 2027 жылы – 23%-ға, 2028 жылы – 22%-ға дейін тү­сірілмек. Үшіншіден, эко­­но­мика сала­ларында суды қайта пайдалану көлемі 17 пайыздан 28 пайызға дейін ұлғайтылуы қажет. Төртіншіден, иесіз жатқан гидрогеологиялық ұңғымалар санын 2 256-дан 1 800 бірлікке дейін азайту жоспарланған. 

Су ресурстары және ирригация министрлігінің түсіндіруінше, Су кодексі және оған ілеспе заң жобасы бірқатар кең ауқымды жаңашылдыққа жол ашады. Оларды Үкімет Мәжіліс депутаттарымен бірге пысықтауын жалғастырды. Бұл шаралардың нәтижесінде, елімізде суды пайдаланудың қауіпсіз деңгейі қамтамасыз етіледі. Сол арқылы азаматтардың өмір сапасын сақтауға, экономиканың орнықты дамуына, қоршаған ортаны қорғауға мүмкіндік болады. 

Жаңа Су кодексінде суды үнемдеуге үлкен мән-маңыз беріледі. Мысалы, пай­даланушылар су ресурстарын ұтымды қолдануға, су үнемдеуші технология­ларды ендіруге, ағын суын қайталама қолдану жүйесін қосуға, ауызсуды мақсатынан тыс пайдаланбауға міндеттеледі. Суды қайталап пайдалану жүйелері жоқ ұйымдар, бірінші кезекте өндіріс орын­дары мен ауыл шаруашылығы субъек­тілері соған көшу жоспарын ұсынуға тиіс. Заң бұзғандарға айыппұл салынады, демеуқаржыдан қағылады. Су үнемдеуші технологияларды ендірген кәсіпорындар соны енгізу дәрежесіне қарай субсидиялар мен судың арзандатылған тарифтері түрінде мемлекеттік қолдау көреді. 

Салалық министрлікке тегеурінді құ­зырлар беру қарастырылған. Мәселен, оның бассейндік инспекциялары мемлекеттік бақылау сыртында, қадағалау (тиісінше, жазалау) функцияларына ие болады. 

Сонымен бірге жаңа кодексте ауыз­су сапасын жақсарту талаптары пайда болмақ. Ауызсу эпидемиологиялық, радиа­циялық және химиялық тұрғыдан қауіпсіз болуға тиіс. Осы орайда орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелеріне техникалық аудит жүргізу тәртібін айқындайтын бап қосылды. Тағы бір жаңа бап сумен қамту және кәріз жүйелерін дамыту жоспарларын әзірлеудің қағидаларын сипаттайды. 

Каспий теңізінде мұнай мен газды барлап, өндіру, түбінен емдік батпақ пен тұз алудан басқа кез келген жер қой­науын пайдалану операцияларын жүргізуге тыйым салынбақ. Алғаш рет Су кодексінде сулы-батпақты алқаптарды және мұздықтарды қорғау туралы жеке бөлімдер қарастырылады. Қорыта айт­қанда, құжат жүзінде бәрі мықты болғалы тұрғандай. Ең бастысы, жаңарған заңнама талаптары іс жүзінде пәрменді шаралармен әдіптелсе құба-құп.

Айхан ШӘРІП