Көрмеде әскерлер мен ұрысты басқарудың автоматты жүйелері, робототехникалық кешендер, байланыс, ӘШҚҚ, радио барлау, радиоэлектрондық күрес және радиоға қарсы іс-қимыл құралдары қойылған.
Қазақстан Қорғаныс министрі Түркияда өткен SAHA EXPO-2024 халықаралық көрмесіне қатысты
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі
209
оқылды

Стамбулда Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың басшылығымен делегация SAHA EXPO-2024 қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібінің ІV Халықаралық көрмесінің ашылу салтанатына қатысты.

Іс-шара Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдерінің әскери-өнеркәсіп кешенінің жетістіктерімен танысуға мүмкіндік береді. 

Көрмеде әскерлер мен ұрысты басқарудың автоматты жүйелері, робототехникалық кешендер, байланыс, ӘШҚҚ, радио барлау, радиоэлектрондық күрес және радиоға қарсы іс-қимыл құралдары қойылған. Одан өзге көрмеге қойылған ұшқышсыз басқарылатын авиация, жоғары дәлдіктегі қару-жарақ, лазерлік технологиялар, оптикалық-электронды жабдықтар және басқа да экспоненттер қызығушылық тудырды.

Ауқымды іс-шара аясында Қазақстан қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың түрік әріптестері – ұлттық қорғаныс министрі Яшар Гүлермен және қорғаныс өнеркәсібі агенттігінің төрағасы Халық Гергүнмен келіссөздері өтті. Бұдан басқа Біріккен Араб Әмірліктерінің қорғаныс істері жөніндегі мемлекеттік министрі Мұхаммед бен Мүбарак Фадель Аль-Мазруимен де кездесу өтті. 

Baykar Defence компаниясының бас директоры Халук Байрақтармен келіссөз нәтижелі болды. Тараптар еліміздің аумағында жедел деңгейдегі тактикалық ұшқышсыз авиациялық жүйелер мен тосқауылдайтын оқ-дәрілер өндірісін оқшаулау мәселесі бойынша жол картасын әзірлеу туралы келісімге келді.

Түркия Республикасына сапар екі елдің әскери-техникалық ынтымақтастығы аясында жасалды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram  арнасынан таба аласыз.