Мерейтой иесі Серікбай Қосанның өмір жолымен танысқан адам еріксіз бас шайқап, таңдай қағарлықтай біраз контрастарға тап болады: балықшы ауылында дүниеге келіп, түйеші боп еңбек жолын бастаған; жоғары білім алуды Малдәрігерлік-зоотехникалық институтынан бастап, ҚазМУ-дің Шығыстану факультетін тәмәмдаған; бүгінгі ғылымдағы үзеңгілестері қазақ тілі мен әдебиетін таңдаса, ол араб тілінен маманданған; ғылыми жұмысын лингвистикадан бастағанмен, әдебиет ауылын маңайлаған... Өмір жолындағы мұндай штрихтар кейіпкердің жеңілді жол деп санамайтын, таптаурын сүрлеумен жүруді қаламайтын, мехнатты болса да ләззатты, ауыр болса да ғибратты жол іздеген «жиһангерлігінен» хабар береді.
Бұл – өмір жолын таңдарда хакім Абай айтқан «ақыл, қайрат, жүректі» бірдей ұстай жол табу жолындағы ішкі арпалысымен «басын тауға да, тасқа да соққан», от басып, су кешкен жанкештіліктің белгісі. Әйтпесе, Алла берген «қиынды қиыстыратын» ақындығымен-ақ нан табуына болар еді. Әйтсе де, Сыр сүлейлерінің шежірелі жырлары талапты жанды формадан гөрі мазмұнға, жаңадан гөрі көнеге көбірек тартқанға ұқсайды. Университет бітірген бойда орта ғасыр ескерткіштері бойынша құрсауы да, тұмсауы да мығым Кеңестер Одағы тұсында-ақ есімі алыс-жақын шетелге танымал профессор Әбжан Құрыш-жанұлының жетекшілігімен тақырып бекітті. Ағайдың қазыналы қоржынындағы ескерткіштер тілін зерттеуге бел буды. Тіл білімін қаламағандығынан ба, басшылары бағаламағаннан ба, әлде табиғатына жат алдыңғы буынды ағаламағандығынан ба, білмедім, 7 жыл дегенде ауысып кетті. Қызығы көп қызды ауылда әсерленбеді десем өтірік бірақ есерленбеді. Ұстазы Әбжан Құрышжан және оның шәкірттері Сержан Дүйсен, Серікбай Қосан, Әділбек Ташау – төртеуі ЖенПИ-де түркологияның туын желбіретті. Кішігірім «Қыпшақия қағандығы» құрылғандай еді. Неге екенін білмедім, сол қағандық ыдырып, үш жігіт үш жаққа кетті. Әділбек Астанаға қоныс аударса, қос Секең Алматыда қалды, әсіресе қос Секең қалай дегенмен де, ұстазынан көнеліктің көсеуін ұстай кеткені анық. Алысқа ұзап кетпеді. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба және текстология бөліміне орналасты. Осы ұжымда маман ретінде де, ғалым ретінде шыңдалды, «Базар жырау Оңдасұлының әдеби мұрасы (Ақындық дәстүр, жанр, поэтика)» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. «Жыраулардың жампозы» атанып, «Аузынан шыққан лебізі Қазақты сүттей ұйытқан» Базар жырау мұрасына әдеби-композициялық талдаумен шектеліп қалмады, архив қойнауынан көпке белгісіз нұсқаларын іздеп тауып, халқымен қайта қауыштырды, жырау поэзиясының жанры мен поэтикасы туралы тың тұжырымдар жасады.
Көне дәуір мұраларын құныға, індете зерттеді. Әдебиет институтындағы мықты текстолог алдыңғы буын ағаларының мектебінен өтті. Аз жылда әйгілі ғалымдармен терезесі тең, ғылыми полемикаға түсе алатын мықты зерттеушіге айналды. «Көне түркі дәуіріндегі және орта ғасырлардағы әдебиет», «Жыраулар поэзиясындағы тәуелсіздік идеясы мәселелері» тағысын тағы зерттеу жобаларына орындаушы ретінде де, жетекші ретінде де атсалысты. Әсіресе, «Бабалар сөзі» 100 томдық сериясының 25-63 томдар аралығында жауапты редактор қызметін атқарып, 7 жыл «Ежелгі және орта ғасыр әдебиеті» бөлімін басқарады. Осылайша, өзінің «Шама» өлеңінде айтқандай, «шығыстан шыққан керуеннің шаңының» ішінде жүріп, батыстық өркениетке оппозиция ретінде түркі жұртының жауһарларын төге алатын, бүгінгілер түсіне бермейтін көне жазулардың көбесін сөге алатын алтынға айналды.
Бір жиында айтқаным бар еді: «Қазір филологтар бір тілді ол – әдебиетші, ол – тілші деп бөліп, ортасына Қытай қорғанын тұрғызбағанмен, соған пара-пар шекара белгілеп зерттеуге көшкен...». Секең бұл қағидатты да бұза білген, әсіресе зерттеу әдісі тарих, тіл, әдебиет синергиясына негізделген түркі жәдігерлерімен түбегейлі айналысуға бет бұрды. X-XII ғасырлардағы алғашқы түркі-мұсылман мемлекетінің негізін қалаған сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазы мен оның ұрпақтарының Ислам дінін нығайту, түркі тілдес елдердің бірлігін күшейту жолындағы жанқиярлық күрес-жорықтары баяндалатын «Тәзкире-и Бұғра хан» шығармасын тәржімалады. Кезінде Ш.Уәлиханов, В.Бартольд, Қ.Халидұлы сынды білімпаздар атап өткен бұл шығармаға кейінгі буыннан ешкім назар аудармағанына, Орталық Азия, Қытай, Ресей елдерінің мұрағаттарында бірнеше көшірмелері сақталған ғажайып ескерткіштің әлі күнге шейін ешбір тілге аударылмағанына, әсіресе тарихшыларға қарата ренішін бүгіп қалмайды. Құдды барлаудағы із кесушідей ескерткіштің ізін іздейді. Ыбырай атамыз жазып, бала-шағамыз жатқа айтатын
«Оқысаңыз , балалар,
Шамнан шырақ жағылар,
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылардың» өзі болады. Іздеген құжат иек астында, Алматыдағы Орталық ғылыми кітапхананың сирек Қо-рында сақталып келген екен. Секең оны іздеген, таптқан, бар ынтасын салып, екі жылдай уақытта қазақша сөйлеткен. Секеңнің үлесі – аудармадан аудару емес, түпнұсқадан, көне түркі тілінен тікелей тәржімалауында, айтуға оңай болғанмен, бұл – мехнатты жұмыс. Әсіресе, күні кешегі Ахмет атаның әліпбиімен жазылған еңбекті түпнұсқадан оқи алмайтын ұрпақ үшін бұл тіпті ерлік! Осылайша, «Тәзкире-и Бұғра хан» тәржімесі отандық түркітану, шығыстану, исламтану, тарих және пәлсафа ғылымдары үшін тың нысан, соны жаңалық боп енді. Осы кітаптың маңызы туралы тәржімашымыз былай дейді: «Түркілер тарихы мен мәдениетінде Сұлтан Сатұқ Бұра хан мен оның ұрпақтары билеген кезеңнің маңызы өте зор. Қарахан мемлекетінің тұсында әлемдік ақыл-ойдың маржаны саналған Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі», түркі халқынан шыққан тұңғыш эпциклопедист-ғалым Махмұт Қашқаридің «Түркі сөздерінің жинағы», Ахмет Жүйнекидің «Ақиқат сыйы», әйгілі Түркістан Пірі, ғұлама әрі ақын Әзірет Сұлтан Хожа Ахмет Йасауидің «Хикметтері» дүниеге келді. Түркі дүниесінің төрт діңгегіне айналған осынау ғажайып туындылардың құт-мекені, киелі қонысы, қасиетті ордасы һәм сәулетті сарайлар мен мазарлар салдырған дәулетті қағандарымыздың өткен дәуренін зерттеу мен зерделеу – қазақ ұлтының да мәңгілік борышы. Біздің келешек ұрпақтарымыз сонау Қашқар уәлаятының Артыш кентінің түбінде күмбезін күн сүйіп жатқан Әзірет Сұлтан Сатұқ Бұғра хан мен түмен бабтың ордасы, қазақ халқының рухани байтағы Түркістанда маңдайын көкке тіреген маңғаз мазардың иесі, иісі түркінің киесі Әзірет Сұлтан Ахмет Йасауи арасын жалғайтын алтын жүлгелердің құпиясын құмарта оқып, үйренуге тиіс. Сол асылымыздың сынығы, мәңгілік құндылықтардың мәйегі, мәдени мұрамыздың ең мәндісі назарларыңызға ұсынылып отырған – «Тәзкире-и Бұғра хан», – деп бүгінгі және кейінгі ұрпаққа аманаттайды. Бұл да ғалымның ғылымға, бабалар мұрасына деген шексіз іңкәрлігін айғақтайтын факт.
Секеңнің құстың қос қанаты іспетті әдебиет пен тілді қатар алып жүргендігін дәлелдей түсетін бірнеше мақаласы бар. Оның бір-екеуіне қысқаша тоқтала кетуді жөн көрдік. «Есімнама ілімінің кейбір мәселелері» деп аталатын мақалада тіл біліміндегі жалқы есімдерді зерттейтін ономастика саласына қатысты пікірлерін ғасырлар қойнауынан тарта талдайды. «Онамастика» деген жаттілдік терминнің морфологиялық құрамын, әр сыңарының этимологиясын талдай келе, бұл терминге балама ретінде «есімнама» терминінін ұсынып, оны уәждейді: «...«онома» гректің «есім, ат» деген ұғымдағы сөзінен алынған болса, «нама» сөзі орта ғасырдағы қазақ тілінде және жеке шығармалардың атауының соңына жалғанып жазылатын болған. Мәселен, «Мұхаббат-нама», «Жаһаннама», «Шаһнама», «Ғибрат-нама», «Ескендір-нама», тағысын тағы Әсіресе, шағатай, оғыз-қыпшақ тіліндегі кей диалектілерде «нам» – кісі есіміне қатысты айтылады». Бірақ автор ұсынған бұл термин қазір «персоналия» деген ұғымның баламасы ретінде тілімізге өткен ғасырдың соңғы ширегінде-ақ еніп кеткен еді. Осы персоналия мен ономастика терминдерінің қайсысының «есімнама» атауына мағыналық жақындығы басымдығын терминологтардың еншісіне қалдырдық. Осы еңбегінде орта ғасырда өмір сүрген Махмуд Қашқари, Әбу-райхан Бируни, Ибн Батута, Якут, Ибн Сина, Мұхамед Хайдар Дулати, Захаридин Бабыр, Ұлықбектің шығармаларынан мысалдар келтіріп, Арал, Қуаңдария, Балқан, Мұғалжар, Алатау сияқты топонимдерді түсіндірудегі жаңсақ көзқарастарды сынайды. Айталық, жер-су атауларының тарихи-әлеуметтік немесе мифологиялық жақтарын, жергілікті халық аңыздары мен фольклорлық шығармалардың деректерін, өткен ғасырдағы баспасөздерде берілген атауларды ескермеу, географиялық бедер мен мекеннің атауын шатастыру, тағысын тағы сол сияқты маңызды факторларды ескермеуден кеткен қателіктерді сынай отырып, «топонимдердің тасасында маңызды тарихи оқиғалар, көне мифтік аңыздарға бай фольклорлық мұраларда жасырынып жататындығына» зерттеушілердің назарын аударады. Расында да Балқан топонимінің түсіндірмесін беруде еуропалық Балқан тауы мен Балқан шығанағы туралы түсінік беріп, өзіміздің Каспий теңізінің жағалауындағы Балқан шығанағын немесе қазақтар мен түрікмендердің бір кездері қатар қонған құтты мекені – Балқан тауын ескермеу бұл саланы зерттеушілер тарапынан кеткен ағаттық екеніне дау жоқ. Ғалым осы мақаласында ғимараттарға, мекемелерге атау қоюда соңғы жылдары үрдіске айналып бара жатқан лингвоэкология мәселесін де орынды көтереді.
Қысқасы, сөз басында айтқандай, «Шыңдарға биік талпынып, талай алқынса» да, бүгінде Серікбай Қосан – жазба ескерткіштерді түпнұсқада оқып, зерттейтін, қазақ филологиясына, қала берді, түркологияда өзіндік қолтаңбасы бар ғалым. Зерттеулерімен болсын, өлеңдерімен болсын, Қызылорда мен Аралдан әлдеқашан ұзап кеткен қазақ. Әйтпесе, «Шығыстан шыққан керуеннің Шаңында қалған алтынмын» деп жазар ма еді? Оның сөзі алып Евразия кеңістігінің Шығыс бөлігінен Батысқа бағытталып тұрған жоқ па? Ал керуен шаңында не қалмады дейсіз? Бақыр да, мыс та, басқа да. Ал алтынның жөні басқа! Мерейтойыңыз құтты болсын, керуен шаңындағы Алтын аға!
Тыныштық Ермекова,
профессор, филология ғылымдарының докторы