АҚШ президенті Дональд Трамп коронавирусқа байланысты Еуропамен кеме қатынасы және авиатасымалдауды 30 күнге тоқтататынын хабарлады, - деп хабарлайды azattyq.org.
Шектеу шарасы жұма, 13 наурызда түн жарымында күшіне енеді. Оның айтуынша, "қатаң, бірақ қажетті шаралардың" Ұлыбританияға ғана қатысы жоқ.
"Алдағы 30 күн Еуропамен барлық қатынасты тоқтатамыз. Жаңа ереже жұма күні түнде күшіне енеді. Бұл шектеулер жағдайға қарай өзгеріп отырады" деді Трамп.
Бұл тыйым Еуропадан келетін жүк тасымалына да қатысты.
Президент Трамп 11 наурыз күнгі мәлімдемесінде Еуропа елдерінің билігін вирустың таралуымен қажетті дәрежеде күреспеді деп сынады. Оның айтуынша, бірнеше АҚШ тұрғынына Еуропадан келгендерден вирус жұққан.
Президент Трамп федералды билік вирус тарап жатқан қалалар мен елді мекендерге көмектесуге дайын екенін жеткізді. Экономиканы қолдау үшін америкалықтарға салық жағынан жеңілдік жасау туралы конгреске ұсыныс түсіретінін де айтты. Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси елде коронавирус бойынша тегін сынақ өткізіп, карантиннің кесірінен жұмыстан қалуға мәжбүр болған азаматтарға жәрдемақы төлеу туралы жоспар ұсынды.
Трамптың мәлімдемесінен кейін Голливуд актерларының бірі Том Хэнкс пен әйеліне коронавирус жұққаны да белгілі болды. Олар қазір Австралияда жүр.
АҚШ-та вирусты жұқтырғандар саны 1200-ден асты. Әлемде 118 000 адамнан вирус табылған.