«Алпыстан асқаннан ақыл сұра» дейді біз­дің дана халқымыз. Тағы да сол атам қазақ «Ал­пыстағы адамнан бата алған жанның ба­қы­ты жанады, тоқсан тарау жолы жақсы­лыққа ашылады» деп те дәріптейді екен.
Арлы да абыройлы азамат
1,000
оқылды

Биыл сол ақыл сұрайтын һәм бата беретін ас­қаралы 60 жасқа Серік Жанболат толды. Ғасыр ақыны атанған Мұқағали Мақатаев:

– Бәрін де көрдіңіздер,

Бәріне көндіңіздер,

Бәріне сендіңіздер,

Бәрін де бердіңіздер,

Сіздер алпысқа келдіңіздер, –  

деп жырлағандай, осы алты асуды алғанға дейін Секең де өмірдің былығы мен шылығын һәм қиыны мен қызығын – бәрін көрді. Тайқы маңдайдың жазғанына көнді, алаяқтардың алдауына сенді, қолында барды берді. Мына жалған сонысымен мәнді де сәнді.

Серік Жанболат – жампоз журналист, білімді де білікті басшы, ұлағатты ұстаз, әділ де әдепті әріптес. Ең бастысы, сегіз қырлы, бір сырлы, адамгершілігі зор, жү­регі таза, арлы да абыройлы азамат. Өткен ғасырдың 88-жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетінде қатар оқы­дық. Ол сол кездің өзінде домбыра мен гитарада ән салып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп жүретін. Сөзін де, әнін де өзі жазатын. Кей­де халық әндері мен елге белгілі ком­позиторлардың ән­дерінен де шашу шашып қоятын. Қара шаңырақта өтіп тұратын түрлі мәдени шаралар мен қоғамдық жұ­мыстарға бел­сене араласатын. Әсіресе, ұлттық мәсе­лелерге келгенде жанып кететін. Оқып жүрген кезінде «Қазақстан» ұлттық теле­арнасында қосымша жұмыс істеді. Жас­тығына қарамай, ел мен жер, діл мен тіл, әдебиет пен мәдениет, жастар мәселесі туралы көкейтесті хабарлар түсірді. Замандастары Табылды Досымов, Ба­уыржан Үсенов, айтыскер ақын Әзімбек Жанқұлиев, керемет күйші Секен Тұр­ысбеков, тағы басқа көптеген өнерлі жас­тарды таспаға түсіріп, олардың өнерін елге кеңінен насихаттады. Әйтеуір, бір тын­ым таппайтын. Кейін «Қазақстан», «Хабар» арналарында басшылық қыз­меттерді абыроймен атқарды. Осы теле­арналардағы «Әнші балапан», «Сиқырлы қазан», «Жігіттің сұлтаны», «Үкілі үміт», «Тайбурыл», «Қазақтың Қажы­мұқаны», «Сәлем, Қазақстан!», «Көкпар» тағы басқа бағдарламалар – Секең қызмет еткен жыл­­дар­дың жемісі. Бұл хабарлардың барлығы көрермендердің көзайымына айналды.

Сондай-ақ ол – қазақтың ақиық ақы­ны Шәкерім Құдайберді туралы «Шәкерім: Мен жау емеспін», Халық ақыны Шәкір Әбенов жайлы «Ғасыр жасаған ақын», Мұқағали Мақатаевтың өмірі туралы «Мұқағалидың шындығы», қазақтың батыр ұлы Мұстафа Өзтүрік жайындағы «Қазақтың қара баласы» сияқты көптеген деректі фильмдердің авторы.

Мұхаммед (с.ғ.с.)-ға бір сахаба келіп: «Уа, Расулалла! Алла Тағала қандай пен­десін бәрінен артық жақсы көреді?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзгелерге пайдасы ең көп тиген адам – Алла Тағаланың ең сүйікті пендесі. Құдайға ең ұнамды амал – мұсылман бауырыңды қиындықтан құтқарып, қарызын өтеп немесе қарнын тойдырып қуанту. Мәдина мешітінде бір ай бойы құлшылық жасағанша, бауырыма болмашы нәрседе жәрдем бергенім маған әлдеқайда артық көрінеді» дейді. Міне, Серік Мей­рамбекұлы – өзіме емес, өзгеге болсын деген һәм әріптестерін қиындықтан құт­қарған адам. Бұл сөзіме төмендегі оқиғалар дәлел бола алады.

2004 жылы «Айқын» газетін Ерлан Бекхожин және Сайын Есмағилармен бірлесе жүріп ашып, талғамы зор оқырман қауым жата-жастана оқитын басылымға айналдырды. Қазақ журналистикасының тарихында бұрын-соңды тілшілерге бар­лық жағдай жасап, мол жалақы мен қа­ла­мақы төлеген «Айқындай» газет болған жоқ. Қазақтың небір белгілі журналистерін қарамағына тартты. Жастарды тәрбиеледі. Оларды руға, жерге бөлмеді. Мені №5 жатақханаға арнайы іздеп келіп, жұмысқа шақырды. Осының өзі үлкен азаматтық емес пе?! Әйтпесе, мен оның екі туып, бір қалғаны емеспін. Биографиямыз да, гео­графиямыз да сәйкес келмейді. Қазіргі қазақ журналистерінің біразы осы Секеңнің арқасында жұмысқа тұрды, елге танылды. Үй алды, темір тұлпар мінді. «Айқын» газетінен «Жатыпатар» атты сатиралық бет ашып берді. Сол бетті тапжылмай 14 жыл бойы шынтақтап жатып шығардым. Бұған дейін де, бұдан кейін де газетті жа­тып шығарған адам болған жоқ. Бұл –  білікті басшының бізге берген мүмкіндігі. 

2005 жылы «Дала мен қала» газетінің бас редакторы Сапарбай Парманқұловтың шақыруымен орынбасар боп бардым. Сонда Секең батасын беріп, шығарып салды. Көп ұзамай, бір курстас досым әлі ашылмаған «50 де 50» атты газетке бас редакторлыққа шақырды. Бардық. Аш­тық. Басылым алғашқы санынан бастап оқырмандардың ойынан шығып, оқылымды газетке айнала бастады. Бірақ әлгі достың ұйымдастыру­шылық қабілетінің жоқтығы мен уәдесінде тұра алмайтындығына байланысты қызметтен бір күнде кеттім де қалдым. Ал орыс тіл­ін­дегі газет ұжымы редактордан бастап, корректорға дейін жұмыс істеуден бас тартты. Сөйтіп, далада қалдық. Сол кезде үйді ипотекаға алған едік. Оны төлеу мұң­ға айналды. Соны естіген Секең, дереу орынбасары Мұратқали Дүйсенбаев арқылы қайта шақырып алды. Міне, бұл да пейілі кең, жүрегі ақ ер азаматтың ғана қолынан келетін жақсылық.

2008 жылы Серік Жанболат «Алаш ай­насы» деген газет пен «Жұлдыз» ҒМ ра­диосын ашты. Екеуі де табысты һәм оқылымды басылымға һәм үнжарияға айналды. Бұл қос ұжымға да ылғи «сен тұр, мен атайын» деген талапты да талантты журналистерді таңдап алды. Сондықтан дәл қазіргі журналистердің арасында Секеңнің шарапатын көрмеген әріптестер кемде-кем. Ал 2014 жылы «Алаш айнасы» интернет порталын ашып, оны да бірнеше жыл бойы абыроймен басқарды. Қазір өзі оқыған қара шаңырақта шәкірт тәрбиелеп жүр. Оның өз шәкірттеріне айтар ақылы да, берер тәлім-тәрбиесі де көп екеніне кәміл сенеміз.

Серік Жанболат – ҚР Президенті сый­лы­ғының иегері. Қазақстан Журналис­тер ака­демиясының академигі. Қазақ жур­на­ли­с­ти­касының қайраткері. Қазақ­станның құр­метті журналисі, Мәдениет қайраткері. «ҚР тәуелсіздігіне 20 жыл» медалі мен «Құр­мет» орденінің иегері. Мұның бәрі – өз ісін құлай сүйетін май­тал­ман маман еңбегінің жемісі. 

«Адам екі нәрсе арқылы қартаймайды. Біріншісі – қайырымды ісі. Екіншісі – мейі­рімге толы сөзі» дейді Жүсіп Баласағұн. Сол айтпақшы, қайырымды ісіңіз бен ме­й­і­­рімге толы сөзіңіз арқылы халыққа қызмет ете беруді Алла нәсіп етсін! 

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ,

Қазақстанның еңбек 

сіңірген қайраткері