Жуырда Президент қабылдауына кіріп, аграрлық саланы дамытудың алдын ала қорытындыларын баяндаған АШМ басшысы диқандардың 1,2 миллион тоннадай қант қызылшасын жинайтынын жеткізді. Бұл – егемендіктің 34 жылында болмаған көрсеткіш. Енді осы мол астықты шашпай-төкпей, ірітіп-шірітпей сақтаудың және өңдеудің маңызды міндеті тұр.
Егемендіктің ерен жетістігі
Қант өндірісі Қазақстанда қашанда экономика мен азық-түлік қауіпсіздігінің ең бір талмау тұсы, осал жері болатын. Кеңес Одағының «кемеліне келген» кезінде де республика құмшекер жөнінен өзге елдерге қатты тәуелді болды. Тәуелсіздіктің өткен онжылдықтарында бұл тапшылық пен таршылық еңсерілмеді, керісінше ушыға түсті. Оның шырқау шегі коронавирус пандемиясы заманына тұспа-тұс келді.
Сонда Қазақстан Үкіметіне Еуразиялық экономикалық комиссияға қайта-қайта жүгініп, алыс шетелден қант құрағын әкелуге қойылған шектеуді босаңсытуды сұрауға тура келді. Өйткені Еуразиялық одақ аясында еліміздің қант өндірушілерінің мүддесін агрессивті ілгерілеткен Ресей мен Беларусь көп жылдан бері ЕАЭО аумағына шетелден қант пен оның шикізатын енгізуге тегеурінді тосқауыл қойды. Атап айтқанда, жоғары баж салығы кесірінен оларды сырттан тасу тиімсіз болып қалды. Бұл ретте одақтың сол баж салығы негізінен Ресейдің бюджетіне түседі.
Салдарынан, кейінгі бес жылда Қазақстан қант жөнінен Ресей мен Беларуське тәуелді болды. Пандемия кезінде шекараларын тарс жапқан, ішкі нарығын қорғаған бұл екі одақтас Қазақстанға қантын бермей қойып, республикамызда өткір тапшылық туындады. Жергілікті әкімдіктер бұл өнімді бір қолға 5 келіден артық сатпау туралы қатаң норма енгізді. Тек ел Үкіметі Еуразиялық экономикалық комиссиядан 2022 жылғы 31 тамызға дейін Бразилиядан, Мексикадан 350 мың тонна шикі құрақ қантын одақтың баж салығынсыз әкелуге қол жеткізгеннен кейін ғана баға мен нарық тұрақтанды. Міне, енді Қазақстанға алыс-жақын шетелге тәуелділіктен біршама арылуға мүмкіндік беріліп отыр.
– Қазақстан ұзақ жылдан бері сырттан тасылатын қантқа және әлемдік баға конъюнктурасына қатты тәуелді. Ішкі сұраныс жыл санап өсіп келеді. Бұған дейінгі астық рекорды 1990 жылы болған еді. Сонда Қазақстанда 1 миллион 43,7 мың тонна қант қызылшасы жиналды (биыл 1 млн 200 мың тоннадай жиналады деп жоспарланған). Одан 135 мың тонна қант өндірілді. Соның өзінде елдің ішкі қажеттілігі отандық өніммен 35 пайызға қамтылды. Одан кейін өндіріс қарқынды құлдырады және кейінгі онжылдықтарда керекті құмшекердің 95%-ға дейінгісі шетелден тасылады немесе импорттық қант құрағынан жасалады. Тиісінше, шамамен 5 пайыздайы ғана қазақстандық қызылшадан өндіріледі, – деді экономика ғылымдарының докторы, Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі Асқар Шәріпов.
Салдарынан, Қазақстан әлемдегі қанттың аса ірі импорттаушыларының біріне айналып кетті. Жағдайды түзеу үшін тікелей Президенттің тапсырмасымен, Үкімет 2022 жылғы 22 қыркүйектегі №726 қаулысымен «Қазақстанда қант саласын дамыту жөніндегі 2022–2026 жылдарға арналған кешенді жоспарды» бекітті. Сондай-ақ елімізде «тәтті түбірді» өсіру ісіне инновациялық технологиялар енгізіле бастады. Оның мәні – егіс үшін қызылшаның барынша өнімді, өсімтал сұрыптары мен дақылдар гибридтерін іріктеп алуды, сондай-ақ қант қызылшасының өсуі мен дамуы үшін мейлінше қолайлы жағдайлар туғызатын агротәсілдер кешенін қолдануды қарастырды.
Сонымен бір мезгілде қант қызылшасын өсірушілерге және өңдеушілерге ұсынылатын субсидиялар арттырылды (диқандарға келісіне – 25 теңгеден, зауыттарға – 15 теңгеден берілді). Оның егілетін егістігінің көлемі еселеп ұлғайтылды: 2024 жылы 25,2 мың гектарды құрады. Салыстырсақ, қант қызылшасы 2022 жылы небәрі 11,6 мың, 2023 жылы – 13,4 мың гектарға егілген. Жалпы, Үкімет қант қызылшасының егіс алқаптарын жыл сайын орташа есеппен 6,5 мың гектарға ұлғайтып, келесі екі жылда 38 мың гектарға дейін жеткізбек.
Академик, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Шолпан Бастаубаева бір маңызды жайтқа назар аудартады. «Ауыл шаруашылығы ғылымына баса мән берілді» деп кейбірі аңсай еске алатын Кеңес заманында қант қызылшасының өнімділігі бойынша ең жоғарғы нәтижеге тек 1972 жылы ғана қол жеткізілді: Қазақстанда оның астығы 73,1 мың гектардан 338 центнерден айналған. Кейін қайта құлдырады. Тәуелсіз Қазақстанда болса, кейінгі кезеңде тәтті түбірдің жыл сайынғы шығымдылығы әр гектардан 360 центнерден төмен болмапты. Ал, 2024 жылы әр гектардан 550-700 центнерге дейін барғалы тұр. Ендеше аз егіп, көп өнім алатын еңбек өнімділігіне қол жеткізе бастады. Бұл тұрғыда да таңдануға, тәнті болуға, тарихқа жазуға тұрарлық рекорд орнайды.
Миллион тонна қызылша өңделмек
Қазір дәнді дақылдарды ору толық аяқталғанымен, қант қызылшасын және майлы дақылдарды жинау жалғасып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров 2024 жылы қант қызылшасы бойынша рекордтық өнім алынатынын жариялады.
– Биыл қант қызылшасының рекордтық өнімі күтіледі. Қант қызылшасының 10 мың гектары немесе 40%-ы жиналып, өнімділік әр гектардан орта есеппен 540 центнерден айналды. 23 қазандағы жағдай бойынша әзірше 549 мың тоннасы жиналды. Жамбыл және Жетісу облыстарының әкімдіктері жаңа өнімді қант зауыттарына жеткізу мәселесін қарастырып, әрбір ауыл шаруашылығы өндірушісінің қант қызылшасын қабылдау кестесін жасағанын атап өту керек. Бүгінгі күні өңдеуге 432 мың тонна қант қызылшасы жеткізілді, – деді министр.
Ол астық жинау науқанының қорытындысында биыл 1,2 миллион тоннадай қант қызылшасы (Жамбыл облысында – 640 мың, Жетісу облысында – 560 мың тонна) алынатынын жеткізді. Алдағы мақсат – осы мол өнімді ысырап етпей, ел қажеттілігіне жарату. Бұл мақсат-мұраттың қалай жүзеге асырылып жатқанын Сенат депутаттарына Үкімет басшысы Олжас Бектенов айтып берді. Оның мәліметінше, биыл Жамбыл облысында қызылшаның өнімділігі әр гектарынан 700 центнерден асып түсті! Мұндай көрсеткішке әлемдік империя саналған, адами, ғылыми, қаржылық ресурстары ғаламат Кеңес Одағы да қол жеткізе алмады.
Үкімет ұшан-теңіз астықты рәсуа етпей, ел игілігіне айналдыру үшін жоғарыда аталған Қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында қант зауыттарын кеңейту, технологиялық жабдықтарын жаңарту және жаңа инновациялық қант зауытын салу мәселесін пысықтап жатыр.
Елде бүгінде 4 қант зауыты ғана жұмыс істейді. Бұлар – «Ақсу-Қант» ЖШС, «Көксу қант зауыты» ЖШС, «Меркі қант зауыты» ЖШС және «Тараз қант зауыты» ЖШС.
Олжас Бектеновтің айтуынша, қант зауыттарының технологиялық желісін жаңарту және өндірісті автоматтандыру үшін 2028 жылға дейін жалпы сомасы 57,4 миллиард теңге қаражат қажет. 2026 жылға дейінгі кешенді жоспар аясында Жамбыл облысындағы Меркі қант зауытының қуаттылығын 3-тен 4 мың тоннаға дейін кеңейту, ал Тараз зауытында қант қызылшасын өңдейтін технологиялық жабдық орнату үшін техникалық-экономикалық негіздемелерді әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жетісу облысындағы Ақсу қант зауытын жаңғыртуға 11,4 млрд теңгеге жуық инвестицияланды. Сондай-ақ облыстық бюджеттен осы зауыттың негізгі жабдықтарына жөндеу жүргізу үшін 3,3 млрд теңге бөлініпті. Жөндеу жұмыстары алдағы апталарда аяқталуға тиіс.
Үкімет басшысы Жамбыл облысының Шу қаласында QazSugar Cо ЖШС қуаттылығы жылына 130 мың тонна қант шығаруға жететін заманауи жоғары технологиялық қант зауытын салу жобасын пысықтап жатқанын хабарлады. QazSugar Cо ЖШС мен Түркияның ірі қант өндірушісі – Anadolu Birlik Holding A.S. арасында жобаны іске асыру жөніндегі бірлескен қызмет туралы меморандум жасалды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, бұл қант зауыты жылына 1 миллион тоннаға дейін қызылшаны өңдей алады. 2024 жылғы 8 қазанда, Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен ұйымдастырылған жиында жобаның тұсаукесері өтті. Жобаға сәйкес, зауыттың өңдеу қуаты тәулігіне 8-10 мың тоннаны құрайды, бұл жылына 1 млн тонна қант қызылшасын өңдеуге және 130 мың тоннаға жуық қант жасауға мүмкіндік береді. Отырыста қолданыстағы қант зауыттарын жаңғырту және жаңа зауыт салу нәтижесінде Қазақстанның қант импортына тәуелділігі кезең-кезеңімен төмендетілетіні және қант қызылшасы тереңдете өңделіп, жаңа өнімдер шығарылатыны айтылды.
Салада қандай қиындықтар бар?
Олжас Бектеновтің тұжырымдауынша, отандық шикізатты молынан өңдеу есебінен 2026 жылға қарай өндіріс көлемін ұлғайтатын, сөйтіп ішкі нарықтың қазақстандық қантпен қамтамасыз етілуін қазіргі 7%-дан 43%-ға дейін арттыратын іс-шаралар қолға алынды.
Құрылысы әзірге басталмаған жаңа зауыт, әрине, биылғы рекордтық астықты игеруге қатыса алмайды. Үкіметтің дерегінше, 2024 жылы Меркі қант зауытында – 450 мың тонна, Көксу зауытында – 250 мың тонна, Ақсу зауытында – 400 мың қызылшаны өңдеу жоспарланған. Тараз зауытының қант қызылшасын өңдеуге арналған жабдығы жоқ, тек қант құрағын өңдейді. Онда қант қызылшасын да өңдейтін технологиялық желі орнатудың құжаттары әзірленіп жатыр.
Қант зауыттарын айналым қаражатпен қамту үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ «Ақсу Қант» ЖШС-ның айналым қаражатын 15 млрд теңгеге толықтыру өтінімін мақұлдады. Меркі қант зауытының 9 млрд теңге өтінімі қарастырылып жатыр.
Отандық шикізатты өңдеуге бағдарланған үш зауыттың қуаты биылғы мол астықты тез игеруге жетпей жатқаны байқалады. Бұл ауыл шаруашылығы өндірушілері мен трейдерлердің наразылығын туғызды. Мысалы, Меркі зауытының алдында қызылша тиелген жүк көліктері ауқымды көлемде жиналып, кептеліс туындады. Жүргізушілер кезегін ұзақ күтті. Жағдайды шиеленіске жеткізбеу үшін Жамбыл облысына ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров аттанды. Ол Меркі қант зауытының акционерлерімен кездесті, қызылша қабылдау пунктінде астықты қабылдау, өңдеу және қант өндіру процесімен танысты, жүргізушілермен келіссөз жүргізіп, жағдайды түсіндірді.
Дау-жанжалдың тууының мәнісі мынада: биыл Жамбыл облысы қант қызылшасын бұрын-соңды болмаған көлемде, 600 мың тоннадан астамын жинамақ. Алайда жергілікті Меркі зауыты әрі кетсе соның тек 450 мың тоннаға дейінгісін қабылдап, өңдеуге да-йын. Мұның сыртында жаңа астықты қабылдау бертінде ғана басталды. Кәсіпорынға ағылған өнімнің үлкен легіне байланысты оны қабылдауда қиындықтар туындады, көліктерден ұзын-сонар кезектер пайда болды. Мәжбүрлі ұзақ күту фермерлердің наразылығын тудырды.
АШМ Жамбыл облысы әкімдігімен бірлесіп, жағдайды шешуге бағытталған жедел шаралар қабылдады. Біріншіден, 10 қазаннан бастап зауыттың қант қызылшасын қабылдау бойынша тәуліктік қуаты қосымша төсеу машиналары есебінен бұрынғы 4,5 мыңнан 5,9–6 мың тоннаға дейін күрт ұлғайтылды. Бірақ Меркі зауыты биылғы астықтан бәрібір жалпы көлемі 450 мың тонна қызылшаны ғана қабылдайды.
Екіншіден, өнімдерді зауыт акционерлерімен бірге бекітілген кесте бойынша қабылдау енгізілді. Бұл фермерлердің қызылшаны зауытқа өз бетінше бейберекет әкелуін тоқтатып, жеткізілімді реттеуге мүмкіндік береді. Үшіншіден, зауыттан 100 шақырымнан қашық жатқан егін шаруашылықтарына шикізатты жеткізу кезіндегі көлік шығындарына өтемақы енгізілді: ол әр келісі үшін 3 теңгені құрайды. Осы арқылы диқандар өнімін басқа зауыттарға апара алады.
«Үкімет Қазақстанда өндірілген қант қызылшасының барлық көлемін Қазақстанның қант зауыттарында қабылдауына кепілдік береді! АШМ облыс әкімдіктерімен және зауыттармен бірлесіп қант қызылшасын жүктеу жоспары мен қабылдау кестесін күні бұрын әзірледі. Меркі қант зауыты қуатының жетіспеушілігін ескеріп, Жамбыл облысының 100 мың тонна қант қызылшасын Жетісу облысындағы Ақсу қант зауытына қайта бағыттауға шешім қабылданды. Осыған орай фермерлерге көлік шығындарын өтеу мақсатында субсидиялау нормативі тоннасына 25 мың теңгеден 45 мың теңгеге дейін ұлғайтылды», – деді АШМ.
Жамбыл облысында 1 млн тонна қант қызылшасын өңдейтін жаңа зауыт салынса, фермерлердің мәселесі де біршама шешілер еді. Сенатор Сәкен Арубаевтың пайымдауынша, биылғы астықтан миллион тоннасы өңделсе, 120-130 мың тонна қант алуға болады. Республикада қантты ішкі тұтынудың көлемі – 507 мың тонна. РФ пен Беларусь қантына жоғары тәуелділік бәрібір сақталады. Сондықтан қант өндірісін дамыту – ұлы мұрат және Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің стратегиялық басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Айхан ШӘРІП