Халықаралық интеграция саласындағы биылғы басты бір жаңалық сол, қиырдағы Қатар мемлекеті Қазақстанға мейлінше жақын бола түсті.
Қатармен қарым-қатынас қарқын алды
205
оқылды

Бірқатар сарапшы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың күш салуы арқасында еліміз бен Қатар арасындағы ынтымақтастық осы жылы асқар шыңға шыққанын айтып жүр. Қатар инвесторлары еліміздің жетекші банктерінің бірін, ірі ұялы байланыс операторын сатып алды. Елде алып газ өңдеу зауытын тұрғызбақ. Құны миллиард доллар тұратын жобаларын қолға алмақ.

Қатар (Qatar) – жеті қат сырын ішке бүгіп жатқан жұмбақ ел. Шетелдік ақпарат құрал­дары бұл елдің билеушісін «патша-король» атайды, шынында Қатарды «әмір» басқарады: әмір және жоғарғы бас қолбасшы Тамим ибн Хамад ибн Халифа әл-Тани. Қатар әлемде бір ғана елмен – Сауд Арабиясымен шектеседі, елді басқа барлық жа­ғынан Парсы шығанағы құ­шағына алған. Бұл елдің «жер жән­натын­дай» тамаша жағажайлары, футуристік заңғар ғимарат­тары­мен, ежелгі Ислам сәулет өнері­нің стилінде салынған ультразаманауи ны­сан­дармен «көмкерілген» астанасы Доха әлем туриз­мінің тар­ты­лыс орталығына айналды.

Айтпақшы, Қатар – Қазақстанның еңбек мигранттарын жұмысқа ор­­наластыру туралы біздің елмен екі­жақты келісім бекіткен жалғыз мем­лекет. Мысалы, қазақ қызы Жұлдыз Ға­лиақпар – осы елдің Qatar Shell GTL Limited Cо компаниясының әлеу­­­­меттік қызмет және әлеуметтік ин­вестициялар саласының жетекші­сі. Раушан Баетова – Қатардағы North Oil Company бұрғылау жөнінде­гі инженерлер тобының басшысы. Зарина Дүйсенғұлова болса, Qatar Shell GTL Limited Cо. корпоративтік басқару жә­не логистика сатып алулары тобы­ның директоры. Қазақ өрендерінің Қа­тардағы табыс тарихын тізе беруге болады. 

Екі ел басшылығының ын­тымақ­тастығы да тығыз. 2024 жыл­ғы 14 ақпанда Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар әмірінің шақыруымен осы елге тұңғыш рет мемлекеттік са­­­­пармен барып қайтты. Қос елдің ли­дерлері енді үнемі телефонмен тіл­десіп, өзара құттықтау жеделхатын алмасып тұрады. 2024 жылғы 3 шіл­деде Қатар әмірі шейх Тәмим бен Ха­мад Әл Тәни Астанаға сапарлап кел­ді, ШЫҰ саммитіне қатысты. Бұл ел Қазақстанның халықаралық бас­тамаларын қолдап келеді. Тоқаев Қатарды Қазақстанның ендігі ең жақын серіктесінің бірі деп бағалады және екі елдің мақсаттары ортақ, тілеулес екенін атап өтті.

Жұмбақ елдің ниеті айқын

Қазіргі кезде екі елдің парламент­те­рі Қазақстан мен Қатардың қарым-қатынасын нығайтатын ке­лі­­­­­­сім­дердің тұтас топтамасын ра­­­­­ти­­фи­­ка­циялап, өзара ынтымақтастық­тың жаңа тарихының заңдық тұ­ғы­­рын қалап жатыр. Соның бас­ты­сы­ның бірі – «Қазақстан Республи­касының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкі­меті арасындағы басым са­лалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақ­мерзімді стратегиялық әріптестік орнату тура­лы келісім». Оны ел Парламенті ра­ти­фикациялады. 

Премьер-Министрдің орынбасары–Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, биылғы жылдың елеулі олжасының бірі де осы: Қатар бейнесінде Қазақ елінің жаңа стратегиялық серіктесі пайда болды. Таңғаларлығы сол, тек бір ғана Қатар елі қазақстандық экономикаға 20 миллиард доллар инвестиция құятын болды. Салыс­тырсақ, Қа­зақстанға оның дүние­жүзіндегі бар­лық серіктес елінен 2023 жылы кел­ген тікелей шетелдік ин­вестициялар­дың жалпы көлемі не­бары 23,4 млрд долларды құраған.

Көреалмаушылық па, әлде басқа ма, әлдекімдер қоғамда «қатарлық инвестициялардың артында қазақ­стандық олигархтар тұрғаны» туралы қауесет өртін қаулатуға талпынды. Жуырда бұл алып-қашпа сөзді Парламент мінберінен оппозициялық депутат Ермұрат Бапи көтерді.

«Қатармен жасалып жатқан стратегиялық әріптестік, әрине, құптарлық дүние, қалай болғанда да бұл мұ­сылман елі. Бірақ бұл елден аяқ астынан келіп жатқан ұлан-ғайыр инвестиция «не қылған батпан құйрық?» деген сұрақ туындатады. Соңғы кездегі бұл елмен әріптестіктің, ин­вес­тициялық жаңа жобалардың ар­тында «ескі Қазақстан тұр» деген қо­ғамда пікір де бар. Жуып-шайып, ол ақшасын қайтадан алып кететін шығар», – деді депутат Бапи. 

Еліміздің бас экономисі Нұрлан Байбазаров бұл қауесетті жоққа шығарды. Оның айтуынша, қа­зақстандық банкті, ұялы байланыс операторын сатып алып, оны дамытуға қаржы құюы, ірі зауыт-кәсіпорын жобаларын қолға алуы қатарлық ин­весторлардың ұзаққа келгенін жә­не мақсат-ниетінің салмақты, ай­қын еке­нін паш етеді.

– Халықаралық келісімді барлық мүд­делі мемлекеттік орган қарайды, құ­зырлы органдар сараптамадан өткізеді. Сондықтан бұл жерде ақша жылыстату тәуекелі жоқ деп ойлаймын. Жалпы, бұл жерде ешқандай «ес­кі Қазақстан» жоқ! Қатар мемлекеті қазір жалғыз Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде осындай белсенді инвестициялық саясатын ілгерілетіп жатыр. Олар Еуропаның футбол клуб­тарына дейін сатып алды. Бай мем­лекет өз байлығын дүниежүзін дамытуға инвестициялайды. Ол дұрыс. Бұл инвестициядан біз де барынша мол алып қалуымыз керек. Ел экономикасына салып жатқан инвестициясы үшін оларға алғыс айтуымыз керек, – дейді Нұрлан Серікұлы. 

Ол Президенттің Қазақстан экономикасын екі еселеу міндетін қойға­нын еске салды, мұратқа жету үшін мол инвестиция керек. Жақында Мем­лекет басшысының бастамасы­мен Астана «Араб үйлестіру тобын» жи­нады, оған Ислам даму банкі бас­тап, Парсы шығанағының мемле­кеттік қорлары, даму институттары бас­шылары келді. Олар Қазақстанға 7-10 миллиард доллар инвестиция салу­ға дайын. Үкімет кез келген елден са­палы инвестиция тартуға жұмыс іс­тейді. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры да Үкіметтен сондай тап­сырма алыпты. 

Қазақстанның Қатардағы елші­лігі ел Президентінің баса мән беруі арқасында биыл шынында да қос мем­лекеттің ынтымақтастығына со­ны серпін берілгенін растады. Бұл рет­те ықпалдастық әр алуан саланы қамтиды. Мысалы, екі ел еркін эко­номикалық аймақтарды дамыту бойын­ша өзара тәжірибе алмасады, ки­берқауіпсіздік, спорт, мәдениет, бі­лім беру және басқа да салада ынты­мақ­тастық орнатып жатыр. 

Елшіліктің мәліметінше, Қазақ­стан мен Қатар арасындағы өзара сау­да-саттық бұған дейін бірқалыпты бол­ды. 2021 жылы өзара тауарайналым – 6 млн 339,6 мың, 2022 жылы – 6 млн 642 мың, 2023 жылы 9,9 млн долларды құраған. Биылғы жылы бұл көрсеткіш екі есеге дейін өседі деп күтіледі. Қатар бұған дейін Қазақстанға 75,9 млн доллар ғана инвестиция салыпты. Енді бұл көрсеткіш миллиардпен есептелмек. 

Достықтың тұғырлы 9 жобасы

Қазақстан аумағында іске асырылатын жобаларға қатарлық компания­лардың инвестиция салу шарттарының тізбесіне сәйкес, елімізге жалпы со­масы 18-20 миллиард доллардай ин­­­­вестиция тартылады. Келісімдер бойынша Қатар инвесторлары елімізде телекоммуникация, энергетика, газ өндіру және тасымалдау, қаржы са­лаларын қоса алғанда 9 бірлескен ин­в­естжобаны іске асырады.

Біріншіден, 2024 жылғы қазан айын­да «Бәйтерек» ұлттық басқару­шы холдингі мен қатарлық Lesha Bank LLC Bereke Bank АҚ-ның 100% акциясын сату-сатып алу мәмілесін то­­лық аяқтады. Бұдан былай Береке бан­­кі қатарлық ірі қаржылық хол­динг­тің құрамына кіреді.  

Екіншіден, Tele2 брендіне ие «Мо­байл Телеком-Сервис» компаниясын «Қазақтелеком» акцио­нерлік қоғамы қатарлық Power Inter­national Holding Ltd компаниясы­на сатты. Цифрлық даму вице-министрі Рос­тислав Коняшкиннің айтуынша, қа­тарлық инвестор елімізде дәстүрлі 4G сыртында, 5G байланысын дамытады. 

Ал Цифрлық даму министрі Жас­лан Мәдиевтің мәліметінше, «Мобайл Телеком-Сервис» мобильді операторын қатарлықтар 1,1 миллиард дол­ларға сатып алды. «Қазақтелеком» 2019 жылы аталған ұялы операторды сатып алуға 255 миллиард теңге жұм­саған екен. Ендеше оны шамамен екі есе қымбатқа өткізіп отыр. Мә­міле отандық телекоммуникация са­­ла­сына озық технологияларды ен­гізуге, телекоммуникациялық инф­­­рақұрылымды кеңейтуге, бизнес-процестерді халық­аралық стандарттарға сәйкес оңтайландыруға мүмкіндік береді. 

Кейінгі үш жоба бойынша қатар­лықтар Қазақстанда қуаттылығы жы­лына 1 млрд, 2,5 млрд және 6 мил­­­­лиард текше метр болатын үш газ өң­деу зауытын салады. Бұл жобалар Қашаған кен орнының газын алауда босқа жақпай, қазынасын ұтымды пайдалануға, сондай-ақ елдің ішкі қажеттіліктерін өтеу үшін тауарлық газ өндірісін ұлғайтуға бағытталған. Газ өңдеу зауыттарының іске қосылуы елімізде жылына 6,9 миллиард текше метр тауарлық газды, 410 мың тонна сұйытылған көмірсутек газын, 60 мың тонна газ конденсатын және 770 мың тонна күкірт өндіруге жол ашады. Вице-премьер Нұрлан Байбазаровтың дерегінше, газ өндеу зауыттарының әрқайсысында құрылыс кезеңінде – 2 мың, пайдалану ке­зеңін­де 600-ден астам жаңа жұмыс орны құрылады.  

Алтыншыдан, қатарлықтар «Бейнеу–Бозой–Шымкент» магистралды газ құбырының екінші желісін са­лып береді. Жобаны іске асыру елі­міздің энергетикалық қауіпсіздігін қам­тамасыз етеді. Сондай-ақ газ та­сы­малдау жүйесінің өткізу қуатын ұлғайтуды, Қытай бағыты бойынша газ экспортының көлемін сақтауды, Алматы жылу электр орталығын газ­ға ауыстыруды қамтамасыз етеді. Құры­лыс кезеңінде 4 мыңға жуық, кейін 300-ден астам жаңа жұмыс ор­нын құру жоспарланған. Жалпы, жо­баны іске асыру оңтүстік, орталық жә­не солтүстік өңірлердің ұлғайып ба­ра жатқан көгілдір отынға деген қа­жеттіліктерін қанағаттандыруға жә­не экспорттық көлемді қолдауға мүм­кіндік береді. 

Жетіншіден, қатарлық инвесторлар «КС-14 жаңа компрессорлық стан­сасы» мен «КС-14–Қостанай–Ақтөбе» магистралды газ құбырын салады. Жоба Қостанай қаласы мен облысының тұрғындарын газбен жаб­дықтауға, сондай-ақ елдің газ та­сымалдау жүйесінің өткізу қуатын арттыруға бағдарланған. Құрылыс кезеңінде 2 мыңға, содан соң 400-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылмақ. Жоба Қостанай облысын және жер­гілікті өнеркәсіп кәсіпорындарын газ­бен жабдықтайды. Яғни, шекара­лық өңірді өркендетуге үлес қосуы тиіс. Өлкенің энергетикалық қауіп­сіз­дігін арттырады, газ қажеттілікте­рін қанағаттандырады. 

Сегізіншіден, қатарлық инвес­торлар Қызылорда об­лы­сын­да Бу-газ қондырғысына негізделген электр стансасын салу жобасын жүзеге асырады. Осы арқылы бұл ел Қазақстанда жасыл энергетиканы дамытады. Жоба аясында жаңа маневр­лік қуаттарды енгізу үшін бу-газ қондырғысын салу, сондай-ақ «Қызылорда‒Шымкент» және «Қызылорда‒Жезқазған» электр беру желілерін тарту қарастырылған. Құрылыс кезеңінде 2 мыңға, пайдалану кезеңінде 500-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылмақ. Жоба еліміздің Бірыңғай энергетикалық жүйесінің оңтүстік бөлігінде энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, электр стансалары үшін жаңа инфрақұрылым құрады.

Тоғызыншыдан, қатарлықтар елі­мізде, Ертіс өзенінде қуаты 350 ме­гаватқа дейін жететін су электр стан­сасын тұрғызады. Жоба жаңа ма­неврлік қуаттарды енгізу, сондай-ақ Шүлбі су электр стансасының контрреттеу функциясын орындау мақ­сатында әзірленді. Жобаны іске асыру Шүлбі су электр стансасының тиімділігін 1 050 мегаватқа дейін ұл­ғай­туға, сондай-ақ Ертіс өзенінің ағысы бойынша қысқы кезеңде су тасқыны ықтималдығын жоюға мүм­кін­дік береді. Құрылыс кезеңінде – 800, пайдалану кезеңінде 150 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. 

Айтпақшы, Қазақстан мен Қатар «Әскери ынтымақтастық туралы ке­лісімді» де бекітті. Оған сәйкес, мұ­сыл­ман екі ел әскери білім беру, әс­кери ғылым, әскери медицина, мәдени және спорттық іс-шаралар, бейбітшілікті қолдау операциялары, жауынгерлік даярлық, өзге салаларда әскери ынтымақтастықты жолға қояды.

Дүниежүзілік қару-жарақ саудасын талдау орталығының ақпаратынша, Қатар соңғы жылдары әлемдегі ең ірі қару-жарақ пен әскери техника им­порттаушыларының бестігіне кір­ді. Соңғы жеті жылда 12 елден озық қару-жарақ алған. Бір ғана Америкадан 11,6 миллиард, Франциядан 6,1 ми­ллиард долларға қару-жарақ пен әскери техника алғызды.

Сыртқы істер министрінің бі­­­рін­ші орынбасары Ақан Рах­метуллиннің айтуынша, болашақ­та Қатар­мен жасанды интеллект, ақ­парат­тық технологиялар, құқық, ең­бек, әлеуметтік қорғау, жемқорлық­тың алдын алу, газ, мұнай өндірісі салаларында келісімшарттар жасау көзделген.  

Мұнайы мен газының қоры жөнінен әлемде 13-орында тұрған Қатар қара алтын өндірісінен аулақтап, цифрлық технологиялар мен шикізаттық емес табыс көздеріне көшіп алды. Ақан Рахметуллин белсенді дамып, тұрақты өрлеген бұл елмен өзара іс-қимылдың әлі де көптеген саласын тыңдай игерген жөн екенін айтады. Ендеше «Досың болса Қатардан, қалдырмайды қатардан» деуге болатындай.

Айхан ШӘРІП