Қазақтың талантты әнші қыздарының бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының солисі – Бағдат Сәмединова.
Бағдат Сәмединова: Халық әртісіне ұсынылғанмын, бірақ бұйырмады
6,271
оқылды

Ұзақ жылдар бойы мәдениет саласында еңбек етіп, тер төгіп жүрген ол бүгінде мерейтой қарсаңында «Мен даланың қызымын» атты шығармашылық кешіне шақырады. Концерт 6 қараша күні сағат 19:00-де ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Астана қаласы Е. Рахмадиев атындағы МАФ концерт залында өтеді. Кеш алдында өнер майталманымен жүздесіп, әңгімелесу бұйырды.

– Бағдат апай, мерейтойыңыздың қарсаңында үлкен концерт бергелі жатырсыз. Ең алдымен, ел алдындағы ғана емес, өзіңізге берген есебіңіз болар. Десе де, көп әнші әр берген концертін түрлендіріп, атауын өзгертіп жатады. Сіз неге сол күйде қалдырдыңыз?

Концерттің атауын өзгертпеу маған жат дүние емес. Бір кездері «Еліме сәлем» деген әннің сөзін «Елге сәлем» деп алып, екі концертімді бергенім бар.

Байқасаңыз, елімізге белгілі ғалымдар да, шеберлер де, небір тума таланттарың – ауылдың тумалары. Олар сонау шалғай ауыл-аймақта білім алып, бойына қазақилық сіңген, халқымыздың асыл қасиеттері дарыған. Сондықтан өз ауылымды, елімді, кең-байтақ даламды жақсы көремін. Сол себепті де «Мен – даланың қызымын» деп мақтанамын.  

– Өнер сахнасында 50 жылға жуық жүрген уақытта қоржыныңызға біраз ән жиналды. Өнерге талғаммен қарайтын жан ретінде өз іріктеуіңізден талай ән өтпей қалды-ау. Осы кеште өміріңіздің бір үзігінен сыр шертетін, тағдырыңызбен байланысты қандай әндер  орындалады?

Бір кездері Қазақ радиосындағы үлкен студияда оркестрмен де, оркестрсіз де талай ән жазып, көбісі радиодан берілді. Қазір ойласам, 300-ге жуық ән жазылыпты. Ал әлі жазылмаған қанша ән бар?! Бүгінде радиодан фортепьяно немесе оркестрмен орындалған әндер көп беріле бермейді. Дегенмен тоқтап қалғаным жоқ. Өзіме ұнаған әндерді жаңартып, ұмыт болып, естілмеген халық әндерін жандандырып, жарыққа шығарсам деймін.

Шығармашылығымның бас кезі. Моңғолияның Жазушылар одағы газеттен мен туралы көріп, Баянөлгейге шақырды. Өзгелер секілді дүние-мүлік, кәкір-шүкір емес, радиосына барып, алтын қордағы қазақтың халық әндері мен күйлерін жинап алдым. Тапқан байлығым – бізде ұмыт болған, бірақ шетелдегі қазақтардың жүрегінде сақтаған ән-күйлер. Дәл сол уақытта Семей – Невада қозғалысы басталған. Бір жұманың ішінде 15 концерт беріп, түскен ақшаның бәрін соған аударып жібердім. Қасымдағы баянист пен концерт  жүргізушісі «ол ақшаны өзіміз алсақ қайтеді, неге үйіттіңіз?» деп кәдімгідей ренжіген. Өз басым, елдің қажетіне жарағанымызға қуандым. Бізді өсіретін де, көктететін де елдің алғысы емес пе?! Моңғолиядан оралған соң біраз әнді Қазақ радиосында жаздым. Оның талайын біздің әншілер орындап та жүр. Әлі жаза алмаған, бірақ жазуға бірталайын дайындап қойған әндер бар. Оған енді қаржы керек. Шамам келгенше, әзірге 24-тей халық әнін жазыппын. Бұйырса, кеште бірсыпырасы орындалады.

«Бағала» деген әнді таңдауымның себебі, халыққа өмірдің әрбір сәтін бағалай білейік дегенді жеткізгім келді. Бір мезетте армандарымыз, тілектеріміздің бәрі бізге қол жетпес сағым боп көрінді. Жас ұлғайған сайын өткенге қарайлап, арманның орындалған-орындалмағанын іздейміз. Алайда сол бір шақтың өзін бағалауымыз керек. Бес саусақ бірдей емес, адам да солай әртүрлі болады. Бірі өмірінің әрбір сәтін бағалар, бәзбіреулер бағалай алмаған. Соның бірі өзім-ау...  

– Бағдат Сәмединова десе, көз алдымызға патриоттық әндер мен халық әндерін орындайтын рухты, күш-жігерлі Сәмединова елестейді. Лирикалық не махаббат әндерін айтқаныңызды көп естімеппіз. Өзіңіздің болмысыңызға қайсысы жақын?

Расымен, негізі патриоттық әндерді орындаумен шығып кеттім. Оған себеп болған –  «Сарыарқа», «Отырардағы той», «Өз елім» әндері. Ел де мені солай қабылдайды. Өзім патриоттық әндерді жай тұрып айта алмаймын. Әнге жаныммен берілгім келеді. Оның үстіне патриоттық әндер, бар болмысымды ашатын секілді. Әлі күнге дейін композиторлардан «осы ән сізге келеді, айтыңызшы» деген ұсыныстар түседі.

Әйтсе де, лирикалық әндер маған жат емес. Оларды жақсы көремін, жанымды беріп айтамын. Мысалы «Бегімайды», Нұрғиса Тілендиевтің бауырына арнаған «Қанатым» деген әнін тыңдап көріңіздер. Ән өзіме қатты ұнаса, образға кіріп, шығарманың іші-бауырына еніп кетемін. Әйтеуір, «Қанатым» әнін орындағанда «Менің бауырым бар, ол менің қанатым емес пе? Менің жоғымды толтыратын, барымды асыратын да сол» деп жан жүрегіммен қабылдаймын. Тіпті, көз алдыма бауырларым елестеп, әнді соларға арнайтыным бар.

– Тірі дауыста ән айту жөнінде заң қабылдады. Сонау 1977 жылдардан «Қазақконцерттің» құрамымен талай гастрольдік сапарларға шығып, тірі дауыста елді тамсандырған сіздерге бұл заң қорқыныш емес. Дегенмен заманауи ағымға ілесеміз деп, фонограммаға бой үйреніп қалмады ма?

Кей уақытта әннің сөзін, әуезін бойыңа толық сіңдіре алмай қалатын шақта және денсаулық сыр бергенде пайдалануға болатын шығар. Бірақ өз дауысыңмен айтқанға не жетсін?! Ол  үшін сені сүйемелдейтін оркестр болуы керек. Ұзақ дайындық барысында қай жерде демалатыным, дауыс көтеретінімді сезіп, бір-бірімізді қас-қабағыңнан танып, үйлесуі оңай дүние емес. Бұрнағы жылдары «Самал» деген ансамблім мені бір ғана көзқарасымнан түсінетін. Еліміздің түкпір-түкпірін аралап, 500 шақырым жүріп, шалғайдағы елді мекенде концерт  те бергенбіз. Қазір ондай жоқ, бәрі ұмыт болған.

– Шынын айтқанда, қазір кімнің мықты әнші, кімнің осал екенін ажыратудан қалдық. Музыкалық аппаратураның мықтылығынан әншінің артық-кем тұстарын түзеп жібереді. Осының салдарынан халықтың музыкаға деген талғамы да өзгеріп кеткендей, бұл туралы не ойлайсыз?

Әншінің барлығы дерлік тойға ән жазып, оны әлеуметтік желіге салатыны белгілі. Орындаушының түр-келбетін, болмысын, өзін білмесе де сол жазбаға сүйеніп, жақсы қабылдайды. Сөйтіп ел аузында «ол осы бір әнді айтып еді ғой» деумен таралып, танылады. Жүрдім-бардым, тойда секеңдеп ән айтқанды әнші деп санамаймын. Ол әшейін, уақытша нәрсе. Жүрегімен, жанымен беріліп, образ жасағанда ғана ол әнші. Рас, қазір дауысы бар әнші аз. Соны халық түсінсе екен деймін. Мөлдір Әуелбекова, Маржан Арапбаева қалай айтатынын білесіздер, жастардың ішінде дауысы бар әншілер. Мұндай жастарымыз көп. Соның ішінде көзге көрінбей, тасада қалып жатқан өнерпаздар да аз емес. Мысалы, Гауһар Қаспақова қазір Т.Жүргеновте ұстаздық етіп жүр. Тәлімгерліктің жолына түсіп, өзінің шығармашылығы тасада қалып қоюы мүмкін. Шығармашылық адамына еркіндік керек. Әйтпесе, өнерлі жастарымыз өте көп. Халық жалт-жұлт нәрсеге қызыққан сайын нағыз таланттарымыз көзге көрінбей көмескіленіп қалмаса екен деп тілеймін.

– Бүгін бірнеше әріптестеріңіз Қазақстанның Халық әртісі атағын иеленді. Сіздің еңбегіңіз лайықты бағаланып жүр ме?

Қазақта «бап шаба ма, бақ шаба ма» деген бар ғой. Кейде қанша жерден ел аралап, ән салып, еңбегің сінсе де, сенің барыңды көрсететін жанашырларың не демеушілерің болмаса, далада қалады екенсің. Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі атағын Кенжебек Күмісбеков, Жоламан Тұрсынбаев, Кеңес Дүйсекеев секілді белгілі композиторлар әрі Композиторлар одағының  мүшелері хат жазып, мені ұсынған. Сонда «бұ баланы естіп, көріп жүрміз, жақсы әнші» деген ниетпен бір адам қарсылық білдірместен өткізіпті. Оның өзінде 1993 жылы алатын марапатты екі жылдан кейін алдым. Кім білер, тірегім болса, сол кезде алып кетер едім. Бұйырғаны – осы.

Төрт жарым жылдан кейін Қазақстанның Халық әртісіне ұсынылғанмын, бірақ бұйырмады. Бірақ мерейтойыма қарсы осы сұрақ қайта қозғалып, ел-жұрт «неге Халық әртісін бермейді» деп сұрай бастады. Ережесі бойынша араға бес жыл салынуы керек, сол себепті де берілмеген болар. Ол жағы маған белгісіз. Десе де, тиісті марапатты неге алмадың деген сұрақтан ертерек құтылсам екен деймін. Құдайға шүкір, марапаттан кенде емеспін. Өткенде ғана туған күніме «Алтын барыс» марапаты мен Президенттің Алғыс хатын алдым. Бастысы мені халық бағалап, барған жерімде төбесіне көтереді. Менің өнердегі бақытым – осы.