Форум аясында «Түркістан – Ұлы Жібек жолындағы халықаралық ынтымақтастықтың орталығы» тақырыбында мемлекеттік органдар, бизнес және халықаралық ұйым өкілдерінің қатысуымен пленарлық отырыс өтті.
Түркістандағы инвестфорумда 301 миллиард теңге көлеміндегі 35 меморандумға қол қойылды
244
оқылды

Түркістанда «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2024» халықаралық инвестициялық форумы өтті. Іс-шараға отандық және шетелдік инвесторлар мен жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдері қатысты.

Форум аясында «Түркістан – Ұлы Жібек жолындағы халықаралық ынтымақтастықтың орталығы» тақырыбында мемлекеттік органдар, бизнес және халықаралық ұйым өкілдерінің қатысуымен пленарлық отырыс өтті. Онда Орталық Азия тарихи-дипломатиялық қоғамдастығының төрағасы Серік Нарысов модератор болды. 

Сөз алған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды форумға арнайы келген шетелдік инвесторларға алғысын білдіріп, бүгінгі форум жаңа бастамаларды және инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған маңызды алаң екенін атап өтті. Халықаралық инвестициялық форумға Қытай Халық Республикасынан 120 компания және Қазақстан өңірлерінен 100-ден астам ірі компания өкілі қатысып отырғанын жеткізді. 

“Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин осы күнге дейін бірнеше рет кездесіп, екі жақты қатынастарды дамытуға бағытталған аса маңызды құжаттарға қол қойған. Екі ел арасындағы экономикалық байланыс нығая түсуде. Соңғы 20 жылда Қытайдан тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 44 млрд АҚШ долларына жетті. Түркістан облысы құрылғаннан бастап, Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 110 млн АҚШ доллары болатын 4 инвестициялық жоба іске қосылды. Түркістан облысының әлуеті өте жоғары. Ауыл шаруашылығы, өндіріс, туризм және барлық салаларда инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Өңірде инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар ғимараттарды ұсынатын индустриалды аймақтар және дайын ғимараттар орнатылған шағын өнеркәсіптік парктер бар. Жоғарыда аталған инвестициялық алаңдарда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырамын”, – деген Дархан Сатыбалды  өңірдің инвестициялық әлеуеті туралы кеңінен баяндады.

Пленарлық отырыс барысында Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулының орынбасары Люй И сөз алып, халықаралық іс-шараның елдер арасындағы достықты нығайтудағы маңызы туралы айтты. Сонымен бірге спикерлер қатарында ҚР Ауыл шаурашылығы министрлігі мен  кәсіпкерлік саласының өкілдері де болды. 

Түркі әлемінің туристік астанасында өтіп жатқан «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2024» халықаралық инвестициялық форум жұмысы әрі қарай «Өңдеу және өнеркәсіп саласындағы Қазақстан-Қытай инвестициялық ынтымақтастығы», «Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы – 2025» және «Цифрлық трансформация» атты тақырыптық панельдік отырыстарға жалғасты. 

Жиын барысында жалпы құны 301 млрд теңгеден асатын 35 ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Бұл келісім аясында өңірде жаңа жобалар жүзеге асырылмақ. Айта кетейік, форум бизнес пен инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, Түркістан облысының халықаралық ынтымақтастықтағы стратегиялық маңыздылығын көрсетеді.

Жалпы Түркістан облысында 2027 жылға дейін жүзеге асатын 145 инвест жобаның пулы қалыптасқан. Бұл жобалар 17 мың жаңа жұмыс орнын ашып, өзіндік кірісті қосымша 100 млрд теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді деп жоспарланған. Сондай-ақ өңірде 594 гектарды құрайтын 10 индустриалды аймақ және 580 гектардан тұратын арнайы экономикалық аймақтар бар. Онда 49 кәсіпорын жұмыс істейді. Қосымша 39 жобаның құрылысы жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, Түркістанда қазір өңірдің бар әлеуетін пайдаланып, дайын өнім шығаруға басымдық берілген. Осы мақсатта және өңірге инвестиция тарту жұмыстарын күшейту үшін аудан және қала әкімдіктері, бизнес өкілдерімен бірлесе Қытай Халық Республикасына іс-сапарлар ұйымдастырылды. Оның нәтижесінде Қытай Халық Республикасының жаңа технологиясы және қытайлық инвесторлардың капиталымен бірқатар жоба бастау алды. Ал өңір экономикасына шамамен 1,2 трлн теңге инвестиция бағытталады. Ірі жобалардың қатарында текстиль кластерін құру, күн және  жел электростанциясының құрылысы сияқты ірі жобалар бар.

Бүгінгі халықаралық форум дәл осы сапарлардың ресми жалғасына айналып, мемлекет пен бизнес арасындағы өзара диалогтың маңызды алаңы болып отыр. Форумдағы келісімдер арқылы Түркістан облысында түрлі бағытта маңызды жобалар жүзеге асып, өндіріс орындары көбеймек.

Назгүл НАЗАРБЕК, 

Түркістан облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.