Тәжірибелі маман қызметтен кетті
Тәжірибелі маман қызметтен кетті
364
оқылды
Еліміздің Орталық сай­лау комиссиясы ең тә­жіри­­белі мүшесінен «айы­рылды». Дариға Назарбаева­ның төра­ға­лық етуі­мен өткен Жо­ғарғы палатаның жалпы оты­рысында сенаторлар ОСК мүшесі Бақыт Мел­дешевтің өкілеттігін тоқтату және қызметінен босату туралы қаулы қабылдады. Б.Мелдешев еліміздің бас сайлау органында 20 жылдан ас­там уақыт бойы табан аудармай қызмет атқарған екен. Оның зей­неткерлікке шығуына әзірге төрт жылдай уақыты бар. Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Бақыт Мелдешевке табыс тіледі.
– Бақыт Сәрсенбайұлы өкі­лет­тігінің конституциялық мер­зімі бітті. Сондықтан біз оны ОСК мүшесі лауазымынан бо­сатуға тиіспіз. Б.Мелдешев елі­міздің сайлау жүйесінің қалып­тасуына үлкен үлес қосты. Біз оған зор ризашылығымызды біл­діре отырып, алдағы жұмы­сына табыс тілейміз! – деді Дариға Нұрсұлтанқызы. «Бақыт Сәрсенбайұлын жақ­сы білеміз. Оны лауазымына кезінде біз сайладық. Ол үлкен іс тындырды. ОСК-дегі 20 жыл жұмысының тең жартысында – он жыл бойы Ортсайлауком хатшысы болды. 1987 жылы Қазақ КСР Жоғарғы кеңесіне қызметке тұрған. Содан бері мем­лекеттік қызметте жұмыс істеп келді», – деді депутат В.Волков.
Осы жалпы отырыста сена­тор­лар Жоғарғы сот судьясы қыз­метіне Н.Әбдіқановты, М.Бектұрғановты және Ш.Да­нияр­­ова­ны сайлады. Жаңадан сай­­ланған судьялар ант берді. Бұдан бөлек, күн тәртібіне сәйкес кезінде Сенат тағайын­даған Конституциялық кеңестің мүшесі Ү.Шапақтың өкілеттігін тоқтату және Конституциялық кеңес мүшесі қызметіне жаңа мерзімге қайта тағайындау мәсе­лесі талқыланды. Жиын барысында Қазақстан және Ресей үкіметтері арасындағы «Байқоңыр» кешенін газбен жабдықтау туралы келісім рати­фикацияланып, Мемлекет бас­шысының қол қоюына жолданды. Халықаралық құжатты қорғаған Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың мәліметінше, бүгінде Байқоңыр қаласында 328 көппәтерлі тұрғын үй, 45 жеке үй, 5 мектеп, 3 балабақша, көпсалалы аурухана табиғи газға қосылыпты. Оларға бұрын ресейлік компания сұйытылған газ жеткізетін. Оның бағасы 1 текше метрі үшін 343 тең­гені құраған. Енді Байқоңырды табиғи газ­бен қамту отандық «ҚазТранс­ГазАймаққа» жүктелді. Сөйтіп, газ бағасы Қызылорда облысына арналған бағамен теңесті: әр тек­ше метрі тұрғындар үшін 18,6 теңге, ал заңды тұлғалар мен бюд­жеттік ұйымдар үшін 18,9 теңге ғана болады. Осының алдында Сенат депу­таттары «өңірдегі бірнеше ауылды газбен қамтитын Бейнеу–Бозой–Шымкент газ құбырына Бай­қоңыр қосылса, құбырдағы «кө­гілдір отын» бәріне жете ме?» деп алаңдаған. Энергетика министр­лігі ол құбырдағы газ ішкі қажет­тілікті толық өтеумен қоса, тіпті Қытай еліне де эскпортталатынын жеткізді.   Айхан ШӘРІП