Соның бірі – таяуда ғана Алматыда өткен Be Woman Орталық Азия әйелдер форумы. Орталық Азияның көшбасшы әйелдері ұйысқан форум осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Форум көшбасшылық, инновация, әлеуметтік прогресс және теңдік сынды өзекті тақырыптарды ортаға салатын алаң ретінде танылды. Биылғы форумға 12 мемлекеттен жиналған көшбасшы әйелдер, жалпы саны 95 спикер, 24 ментор және 3 000-ға жуық қонақ қатысты.
Өз ерекшелігімізді сақтағанымыз жөн
Форумда онлайн байланыста сөз сөйлеген Мәдениет және ақпарат министрі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева соңғы жылдары еліміз гендердік теңдікке қатысты маңызды қадамдар жасағанын, Мемлекет басшысының бастамасымен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін жетілдіру саласында заңнамалық реформалар жүргізілгенін атап өтті.
– Қазақстанның әйелдері бүгінде мемлекеттік биліктің барлық саласында кездеседі. Олар жаңа технологиялар мен цифрландыруды енгізуге де белсенді қатысып жатыр. Әйелдер – спорт шебері, сирек кездесетін мамандықтардың да иелері. Қазақстан әйелдері бітімге келтіруші және бақылаушы ретінде бейбітшілікті қолдау жөніндегі БҰҰ өкілдіктеріне қатысады. Тәжірибе көрсеткендей, гендерлік тепе-теңдік бар жерде көп жағдайда дұрыс шешімдер қабылданады, – деді Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаева.
Жиынға қатысушылардың ішінде халық алдында жүрген қазақстандық танымал тұлғалар мен мазмұнды әрі қызықты контентімен аудиторияға пайдалы контент ұсынатын көшбасшы әйелдер де бар. Солардың бірі – форумда «Феникс әйел: Сынақ арқылы табыс шыңына жету» панельдік сессиясын жүргізген модератор, танымал тележүргізуші Дина Төлепберген.
– Біз, яғни Орталық Азия әйелдері көбіне Батыс Еуропаның стиліне, насихатына, біліміне сенеміз. Соны дұрыс деп қабылдаймыз. Отбасы тәрбиесінде сол бір дәстүр мен құндылықтарды өз өмірімізге әкелгіміз келеді. Бірақ шын мәнінде «осындай қадамға барудың қажеті бар ма?» деген сауал туындайды. Біз қашанда даналығымызбен, тереңдігімізбен ерекше болғанбыз және оны сақтап қалуымыз тиіс. Біздің модель – тәрбие құндылығын әлемге насихаттау. Өйткені Орталық Азия елдері отбасындағы ерлі-зайыптының ажырасуына қарсы. Орталық Азия әйелдері – биік, олар қай салада болмасын өзін дәлелдей алады. Сондай-ақ отбасы берекесін қамтамасыз ететін, дәстүрді берік сақтайтын әйелдер. Сөйте тұра, олар әлемді бағындырып жүр, – деді ол.
Өзгеріс өзімізді түсінгенде ғана орнайды
Бүгінде еліміздегі шағын және орта бизнес нысандарының 43 пайызын әйелдер басқарады. Отандық IT-индустрияда қызмет ететін әйелдердің үлесі 31 пайыз болса, Парламентте жалпы депутаттар санының 20 пайызын құрайтын 29 әйел бар. Форумда «Қазақ әйелдерінің мәдени коды: тарихқа 100 жыл» зерттеуін таныстырған журналист, деректі фильмдердің авторы Әлия Әшім топ-менеджментте, бизнес пен IT саласында әйелдер некен-саяқ екенін атап өтті. Netflix стилінде деректі фильмдер түсіретін фильммейкер ана мен бала құқығы мәселесін қозғағанда ең алдымен адамның санасы еркін болмай, заң жұмыс істемейтінін түйреп өтті.
– Біз бір сәтте ештеңені өзгерте алмаймыз. Заң қабылдау бөлек, ал адамдардың көзқарасын өзгерту – тіптен басқа әңгіме. Заң жоғарыдан төменге түспейді, керісінше төменнен жоғарыға қарай бағытталады. Қоғам талап еткен соң ғана заң өзгереді. Сондықтан аналар, қазақ әйелдері өз функциясын, тұлғалығын түсінген кезде, бұл мәселеде де өзгеріс орнайды деп ойлаймын. Бірақ ол – жар, ана болу функциясын жоқ қылу деген сөз емес, бұл тек әйелдің ана мен жардан басқа да функциялары бар екенін жеткізу. Статистиканы қарасаңыздар, оқуды үздік дипломмен тәмамдайтындар, магистратураны ең көп бітірушілер – қыздар қауымы. Жоғары білім алатындардың басым бөлігі де – қыздар. Бірақ топ-менеджментте, бизнесте, IT саласында әйелдер некен-саяқ. Бұл тұста негізгі мәселе әйелдің көзқарасын өзгертуге байланысты. Әйел осыны ұғынған кезде заң өзі-ақ жұмыс істейді, – деді фильммейкер.
Жаңа энциклопедия жарыққа шығады
Сонымен қатар Әлия Әшім таныстырылым барысында қараша айында 52 тұлғаның есімі жазылған энциклопедия жарық көретінін мәлімдеп:
– Біз бұл энциклопедияны академиялық емес, күнделікті кез келген қыз баласына қажетті еңбек ретінде жарыққа шығарғымыз келеді. Энциклопедия қарапайым планер іспеттес. Бірақ бұл біздің түсінігіміздегі жай планер емес. Энциклопедияда әрбір әйелдің кім екені, оның цитатасы, қоғамға сіңірген еңбегі турасында ақпарат беріледі. Мұнда есімдері аталған әйелдер осындай биік деңгейге жету үшін еңбекқорлық танытты. Олар – қиын-қыстау заманда дауылдың ортасынан суырылып шығып білім алған әйелдер, – деді.
Одан өзге Әлия Әшім көшбасшы әйелдерді бір арнада тоғыстыратын мұндай ауқымды іс-шаралар, ең біріншіден, нетворкинг алаңы, сондай-ақ жетістікке жеткен әйелдердің өз оқиғасымен бөлісетін жиын екенін атап өтті.
«Мұндай ірі жиындардан кейін ауқымды масштабтағы жобалар жасалып, кейіннен сол жобалардың әсері болады деп сенемін. Байқап қарасаңыз, жұмыс істеп жүрген қарапайым қазақ әйелінің мұндай жиындарға келуі екіталай. Сондықтан осындай іс-шаралар арқылы ортақ жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар», – деп сөзін түйіндеді журналист Ә.Әшім.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Be Woman Орталық Азия әйелдер форумының кезекті жиынын 2025 жылдың көктемінде Қырғызстан мемлекетінде өткізу жоспарланған.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы