Қоқыс полигондарын салуға, оны сұрыптап, кәдеге жаратуға қатысты жо­ба­лар ойластырылып, оларды жүзеге асыруға жыл сайын миллиондаған қа­зына қаражаты жұмсалып жатқанымен нақты нәтиже бар деп айту қиын.
Қалдықтар қуат көзіне айналады
200
оқылды

Ке­зінде Талдықорған қаласындағы инустриалдық аймақта қалдықтарды от­қа жағып, электр қуатын өндіретін жылу-энергетикалық орталық салы­на­ды дегенде сүйіншілеп едік, ол да орта жолда қалды. Сол жылдары жыл сайын тек Алматы қаласының өзінен 9 миллион тоннадан астам күл-қоқыс шығарылатындығы, уақыт өте оның көлемі көбейіп, күрделене бере­тіндігі, қалдықтарды сұрыптау мен өңдеу жұмыстарын жолға қоймай бол­май­тындығы айтылатын. Одан бергі кезеңде осы бағытта бірқатар амал қарас­тырылғанымен, мәселе шешілді деп айтуға келмейді.

Алматы облысы өз алдына же­­ке отау құрып, облыс орталығы Қо­наев қаласына қоныс аударған екі жылдан астам кезеңде бұл проб­лема мүлде күрделене түс­кені сөзсіз. Өйткені оңтүстік ас­тана маңын­дағы аудандарда өн­дірістер өркен жайып, тірліктің қазаны тіптен қайнай бастады. Халық саны да артып, елді ме­кендер де көбею үстінде. Соған сай Алматы облысында қал­дық­тар мәселесі тым күрделене бас­та­ғаны да шын­­дық. Осы орай­да бүгінгі күні өңірде қалдықтарды кәдеге жарату саласында ау­қым­ды өзгерістер дайындалуда. Жа­қында облыстағы ең өндірісті әрі ірі аймақ Іле ауда­нында тұр­мыстық қатты қалдық­­тарды қай­та өң­дейтін зама­науи зауыт­тың құры­лысы басталмақ. Инно­ва­циялық жоба жүзеге асса, өңір­дің эко­логиялық жағдайын жақ­сартуға жасалған маңызды қадам болары анық. 

Зауыт қоқыс алаңдарының қоршаған ортаға тигізетін кері әсе­рін айтарлықтай азайтуымен қатар, қазір аса өзекті болып тұр­ған электр қуатын да өндіретін болады. Жылына 350 мың тон­наға дейін қалдықты өңдеуді және одан 16 мегаватт электр энер­гиясын өндіруді көздейтін жо­баны түрік­тің «Инева» компа­ниясы мен ADC Taza Alem ЖШС бірлесіп жүзеге асырмақ. Зауыт­тың сұрыптау же­лісі ірі құрылыс және қайта өң­деуге жарамды қалдықтарды қос­қанда 240 мың тонна қалдыққа есептелген. Бү­гін­де жоба 60 па­йыз­ға дайын. Сұрыптауға қажетті құрал-жаб­дықтар сатып алынып, инфра­құрылым мәселелері, оның ішін­де газ және сумен қамту мәсе­­­ле­­­лері шешіліпті.

Алматы облысының әкімі Ма­рат Сұлтанғазиев екі ком­пания өкілдерімен кездесу бары­сында жобаның өңір үшін өмір­лік ма­­ңызы барына ерекше тоқ­­­­­талды:

– Біз сіздермен өзара ынты­­мақтастықтың бірнеше аса маңыз­­­ды артықшылығы бар деп есептей­­міз. Біріншіден, жоба өңіріміздің экологиялық жағдайын жақсар­туға зор үлес қосады. Екіншіден, ірі ин­фра­құрылымдық жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі аймақ­­­тағы жасыл экономиканы дамы­­­туға оң әсер етеді. Сонымен бірге Іле ауда­нындағы полигонда қазіргі және жинақталған қалдықтарды қайта өңдеуге мүмкіндік береді, – деді ол. 

ADC Taza Alem ЖШС бас директоры Ерлан Дүйсебаевтың айтуына қарағанда, құрылыс жұ­мыстары биылғы жылдың ая­ғын­да немесе келесі жылдың ба­сында басталады. Жоба эколо­­­­­­гиялық жағынан таза және Түр­­­киядан кел­­ген инновациялық компа­­ния­ның қолдауымен жү­зеге асыры­лады. Күн сайын ша­мамен 700 тон­­на қалдықты өңдей алатын қуаттылыққа ие болады. Соның арқасында қазір тым өзекті болып тұрған қал­дық­тар мәселесін реттеуге мүм­кіндік береді.

Жобаны жүзеге асыру үшін қаржыландыру екі кезеңге бөлін­ген. Индустрияны дамыту қоры арқылы қарастырылған қаржыға бірінші кезеңі аяқталыпты. Жоба жылына 120 мың тонна ірі құры­лыс қалдықтарын және 80 мың тонна қайталама шикізатты сұ­рыптауды қамтиды. Сондай-ақ зауыт Іле өңірінде жаңа жұмыс орындарын ашып, экологиялық жағдайды жақсартып, стихиялық полигондар мен топырақтың лас­тануын азайтады. Қазір электр­мен жабдықтаудың техникалық шарт­тарын алу сатысы жүргізілуде, одан кейін екінші кезеңге өтіп, негізгі нысандардың құрылысы бас­талады.

Зауыттың өндірістік қуаты 16 МВт құрайды, ал алынған электр энергиясы кәсіпорынның қа­жеттілігіне жұмсалып, артыл­ға­ны облыстық энергетика жүйе­сіне жеткізіледі.

«Облыста жыл сайын 450 мың тоннадан астам тұрмыстық қал­дық жиналады, зауыттың салынуы жасыл экономикаға маңызды қадам болмақ және алдағы он жыл­да аймақтағы тұрмыстық қал­дықтар мәселесін шешеді», – дейді Алматы облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдын Бегімбеков. 

Жиында зауыттың тиімді тұс­тарының қатарында эколо­гиялық және әлеуметтік-экономикалық аспектілері де айрықша атап өтіл­ді. Кәсіпорынның құрылысы мен жұмыс істеуі отандық және шетел­дік инвестициялар тартуға мүм­кін­дік береді. Алматы облысы қал­дықтар мәселесін мойындап, оны шешу жолдарын белсенді іздестіретін өңір ретінде басқа­ларға үлгі болады. 

Жобаны жүзеге асыруға мүд­делілер оның табысты болуы мем­­лекет пен бизнес өкілдері­нің ты­ғыз ынтымақтастығына бай­­­­­­­­­­ланысты екеніне ерекше тоқ­талды. Алматы облысының әкімі айт­қандай, өңір жобаның орын­далуы үшін барлық инфра­құрылымдық және логис­тикалық мәселелерді шешуді, сондай-ақ инвестиция үшін қо­лайлы жағдай жасауға қажетті қолдауды көрсе­туге да­йын. Құры­лысты аяқтау 2025 жыл­дың соңына жоспар­ланған және қазіргі қар­қы­нына қарағанда жоба мерзімінде аяқ­талады деуге негіз бар.

Болат АБАҒАН,

Алматы облысы