Танымал туындыларды қазақша сөйлеткен әлемдік студиялар қатары толығып жатыр. Disney мен Pixar студияларының қазақ тілін қолдау бас­тамасын енді Sony Pictures компаниясы қоштады. Аталмыш компания Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұсынысымен «Веном. Соңғы би» (Venom: The Last Dance) фантастикалық экшн туындысын өз қаражатына аударып, қазақша дубляждады.
Веном қазақша сөйледі
764
оқылды

24 қазаннан бастап көрермен­ге жол тартқан әлемдік үздік фи­льм – «Веном» трилогиясының қо­­­­рытынды бөлімі. Marvel ко­микс­тері­не негізделген туын­ды­ның алғашқы екі бөлімі де кө­рер­меннің зор ықыласына бөленіп үл­герген-ді. «Sony Pictures ком­па­ниясында дубляж бен ло­ка­ли­за­ция әрдайым халықаралық мар­кетинг стратегиясының ажы­ра­мас бөлігі болатын. Бұрыннан келе жатқан серіктесіміз, «Ме­ло­ман» компаниясымен бірлескен жұ­­мысымыздың арқасында фран­­­­шизаның жаңа бөлімі «Ве­ном: Соңғы би» туындысында Ве­ном қазақша сөйлегеніне қуа­ныштымыз», – дейді Sony Pictures компаниясының халықара­лық маркетинг жөніндегі ви­це-президенті Наталия Грымова.

«Меломан» бас директоры Ва­дим Голенконың пікірінше, әлем­дік алпауыт компаниялар кө­рерменге қазақ тілінде ұсыны­ла­тын туындылардың санын кө­бей­туі үшін біздің қазақша дуб­ляж­ға сүйіспеншілігімізді көрсету маңыз­ды. 

Фильм режиссері Келли Мар­сел Эдди Брок пен оның симбиоты Веномды қайта экранға шығарады. Басты рөлді тең­дессіз Том Харди сомдайды. Бұл бөлімінде Эдди мен Веном дос­тасып, зұлымдарға қарсы бір­ге күреседі. Олардың дұшпандары Жер бетінде де, басқа әлемде де қыр соңынан қалмай қойған соң, екеуі қашуға мәжбүр болады. Бұл екеуінің қарым-қатынасы – фильмнің басты ерекшелігі, ал жанкүйерлерге ұнайтын қағытпа қалжыңдарымен толыға түскен. Фильм Эдди мен Веномның адам­­дардан және жаңа симбиот­тар­дан жасырынуына мәжбүр болуымен басталады. Оларды әр қадам сайын қауіп күтіп тұрады. Сюжет дамыған сайын сим­биот­тардың жасаушысы Кнулл пайда бо­лып, шиеленісті күшейте түс­кен. Том Харди тағы да өз шебер­лігін көрсетіп, Эддидің осалдығы мен Веномның бағынбас қылық­тарын шебер үйлестіреді. Анта­го­нист рөліндегі Чиветел Эджио­фор­дың кейіпкері оқиғаға те­­­рең­дік, ал Агония рөліндегі Джу­но Темпл эмоционалды эле­мент қосқандай әсер қалдырды. Визуал эффектісі таңғаларлық, әрбір қимыл-қозғалысқа толы сәтті шынайы беріп, көрерменді шие­леніс үстінде ұстайды. Саун­д­трек фильмнің шапшаң ыр­ға­ғына сай, ал Eminem-нің «Venom (Final Bite)» сияқты әсерлі әні маңыз­ды сәттерді айшықтай түс­кен. Бұл бөлім алдыңғы фильм­дер­ге қарағанда едәуір салмақты, өзін құрбандық мен батырлық тақырыптарын қаузайды.

«Голливуд студияларының қа­зақ тілін дамытуға белсенді үлес қосып жатқаны өте маңызды. Биыл еліміздің көрермен қауы­мына жаңа «Веном: Соңғы би» блок­бастерін ұсындық. Қазақша дыбысталған фильмдер көңіл күйіңді көтеріп қана қоймайды, олар­дың орасан зор танымдық әлеуеті бар. Сүйікті қаһар­ман­дарыңыз сізге жақындай түсті, елес­тетіңізші! Веном қазақ ті­лін­де сөйледі. Сол себепті әлемдік сту­дияларға көрерменнің қазақ дубляжына сүйіспеншілігін көр­сетуіміз керек деп ойламын. Ке­лер жылы қазақ тілінде шығатын дубляждар мен ғажайып шытыр­ман туындылардың қатары кө­бейе­ді деп күтеміз», – дейді ол. 

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кен­жеханұлы да қазақ тіліне ау­да­рылған фильмдерді кеңінен на­сихаттап, кинотеатрларға ба­рып, қазақ дубляжын қолдауға ша­қырады. 

«Әлемдік студиялардың қа­зақтілді ортаның қызығушы­лы­ғын ескеріп, туындыларын өз есе­бінен аударып, ұсынуы – біз үшін өте жақсы жаңалық. Биылғы әлемдік премьералардың қазақ тіліндегі аудармасы бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсет­кіш­терге жетті. Қазақша кино қарау­ға ықыласты қауымның көбейгені анық байқалды. Алдағы уақытта та­нымал туындыларды қазақ ті­ліне аудару дәстүрі жалғаса бере­ді. Бұл тіліміздің, әсіресе балалар мен жастар үшін тартымдылығын арт­тыруға және кеңінен таратуға ба­ғытталған тиімді тәсіл деп санай­мын», – дейді Рауан Кен­жеханұлы.

Бұл туындыны қазақ­стан­дық Movie Dalen студиясы қазақ тіліне дубляждады. Режис­сері – Шах-Мұрат Ордабаев, жо­баға елімізге танымал кәсіби артистер Асан Мәжит, Салтанат Бақаева, Нұрай Жеткерген, Ба­тырхан Мәліков, Бауыржан Қаң­тар­баев, Анара Батырхан қатыс­қан. Ninety one тобының солисі Батырхан Мәліков фильмдегі барменді дыбыстаған. 

«Дубляж әлемін өте қатты ұна­тамын. Дыбыстау барысы, жаңа кейіпкердің мінезін танып, оның табиғатын көрерменге ұсыну, жалпы үлкен бір қозға­лыс­тың бөлшегі болған ерекще сезім сыйлайды. Бала күнімізде ғалам­тордан фильмдерді бірнеше тілде жүк­теп алып, әр тілде көріп, қы­зықтайтын едім. Өскенде кино ды­быстаймын дейтін арманым болды. Бүгінде осы сала бойынша қандай да бір жобаларға қатысып жүргеніме қуаныштымын. Бұл фильмде барменді дыбыстадым. Ол екінші бөлімде титрдан кейін­гі сахналарда көрерменге көр­се­тілген еді. Бұл жолы жеке рөлі бар өте қызық кейіпкер. Барменді ды­быстау нәтижесі көңілімнен шық­ты. Кастингке қатысқан кезде бірнеше кейіпкердің дауы­сын жазып көрген едік. Егер қандай да бір рөлге бекітіліп жатсам, кейін жақсы дайындық­пен келіп, қайта дауыстармын деп ойлағам. Біраз уақыттан соң үйлестірушілер хабарласып, екі-үш сахнаны ғана қайта жазу кере­гін айтты. Сөйтсем, кастинг деп жүр­генім дыбыстау барысы бол­ған екен. Сол себепті барменді дауы­сын жазған кезде еркіндік бол­ды. Елімізде қазақша дубляж қар­қын алып, ана тілімізде сөй­леп жатқан туындылардың қатары арта бастағанына қуанам және әрдайым қолдауға дайын тұрам. Барша қазақша түсініп-сөйлейтін қауымды бұл туын­ды­ны тамашалауға шақырамын!» – дейді Батыр.

Бұған дейін Disney, Pixar сынды халықаралық сту­дия­лар әлемдік танымал туынды­ларын өз есебінен қазақ тіліне аударып, кәсіби дубляж жасады. «Ой­жұмбақ 2» фильмі 128 мил­лион теңге жинап, бұған дейін көрсетілген туындылар арасында рекорд орнатқан еді. Қырғызстан, Армения, Грузия, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері арасында Қазақстан жиналған сома бойынша бірінші орында тұрды. 2025 жылы «Ақшақар» фи­льмін қазақшалау жоспар­ла­нып жатыр.

«Қазақ тілі» қоғамы халық­ара­лық студияларға ұсыныс жа­сап, қазақтілді көрермен ара­сын­да насихаттау жұмысына белсенді қа­тысып жатыр. Осы бастамаға мұ­рындық болған «Қазақ тілі» қо­ғамының негізгі жұмыс бағыт­тарының бірі – қазақ тіліндегі мазмұнды арттыру, балалардың қазақ­ша сөйлеуіне қажет құрал­дардан бастап, әр адамның тұлға және маман ретінде қалыпта­суы­на керек мазмұн қорын көбейтуге бағытталған шаралар кешенін дайындау. Балалар әдебиеті, іскерлік және ғылыми әдебиетті қам­титын аударма ісі басталды. Жас балалардың тілін қазақша шы­ғаруға, қиялын дамытуға кө­мектесетін, оқып-үйрену дағды­ла­рын қалыптастыратын ойын­шық­тар жасау қолға алынған. Қор басшылығы мазмұн бағы­тын­да балаларға арналған қазақ тіліндегі анимациялық туын­ды­лар мен фильмдерді көбейтуді маңызды деп санайды. 

«Халықаралық «Қазақ тілі» қо­ғамының негізгі жұмыс бағыты ани­мация­лық фильмдерді қазақ­шалап жатқан әлемдік компа­ния­лардың ұстанымен үндес келеді. «Қазақ тілі» қоғамы мемлекеттік тілдегі контент қорын, атап айт­қан­да, бала тілін қазақша шы­ғаруға қажет құралдардан бастап, әр адамның қазақ тілі аясында тұлға әрі маман болып қалыпта­суы­на керек мазмұн қорын арт­ты­руға басымдық береді. Әлемдік анимация жауһарлары, қазақ тіліндегі кинопрокат бағытын­дағы контентті қазақ тіліне аудару бастамасын барынша қолдаймыз. Sony Pictures компаниясының бұл бастамасы өзге де контент өн­дірушілерге өте жақсы үлгі деп санаймыз», – дейді «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.

Айта кетейік, «Меломан» ком­паниясының мәліметінше, «Ве­ном. Соңғы би» (қазақша дуб­ляжы) көрерменге жол тартқан ал­ғашқы демалыс күндері 18 мил­лион теңгеден астам қаражат жи­нады. 

Асыл ТҰМАР