Үш ғасыр бойы ешкім байқамаған Ньютонның бірінші заңында елеулі қателік табылды. Латын тілінен ағылшын тіліне аударуда кеткен қателікті философ тапқан.
337 жыл бойы ешкім байқамаған Ньютонның бірінші заңындағы қателік табылды
Ньютонның бірінші заңындағы қателік ғалым еңбегін латын тілінен ағылшын тіліне аударғанда кеткен. Иллюстрация begemot.ai сайтынан алынды. Авторлығы: генеративті ЖИ
12,138
оқылды

Классикалық механиканың негізгі заңдарын ашқан атақты Ньютонның ойын дұрыс аудармағандықтан, физиктер арасында бірқатар келіспеушілік туындаған. Енді олар дұрыс шешілетінін Aikyn.kz түсіндіреді.

Философ ешкім байқамаған Ньютонның бірінші заңында елеулі қателікті тапты. Фото YouTube платформасынан алынды. Авторлығы: Khan Academy каналы

Бір қызығы, Ньютонның бірінші заңындағы қателік туралы америкалық Virginia Tech мемлекеттік университетінің профессоры Дэниел Гук 2022 жылдың 10 ақпанында Cambridge University Press журналында жазған екен. Бұл сенсациялық мақала туралы соңғы апталарда ғана әлем басылымдары жарыса жазуда.

Енді нақты мәселеге тоқталайық. Атақты физик, математик Исаак Ньютонның 1687 жылы «Philosophiæ Naturalis Principia Mathematica» (Натурфилософияның математикалық принциптері) атты еңбегінде жарияланғаннан бері 337 жыл бойы ешкім байқамаған Ньютонның бірінші заңында елеулі қателік табылды. Латын тілінен ағылшын тіліне аударуда кеткен қателік Cambridge University Press журналында философ Дэниел Гуктің мақаласында көрсетілді.

Үш ғасырдан астам уақыт бойы Ньютонның бірінші заңын мынадай түрде оқып келдік:

«Егер денеге сырттан басқа күштер әсер етпесе немесе олардың әрекеті теңгерілген болса, онда дене тыныштық күйін сақтайды немесе түзу сызықты және бірқалыпты қозғалысын жалғастырады».

Философия профессоры Дэниел Гук «қателік Ньютон еңбектерін латыннан ағылшынға аударғанда кеткен» дейді. Фото Virginia Tech сайтынан алынды

Дэниел Гук Ньютон жазбаларының түпнұсқасын аударғанда бүгінге дейін «егер» деп аударылып келген түйінді жалғаулықты «өйткені» немесе «себебі» деп аударған дұрыс екенін айтады. Профессордың айтуынша, Ньютон денеге сырттан ешбір күш әсер етпегендіктен ғана ол тыныштықта қалатынын көрсеткісі келген. Сонда Ньютонның жазбасындағы бірінші заң былай оқылуы тиіс:

«Дененің қозғалыс күйіндегі әрбір өзгеріс оған әсер етуші күштердің әсерінен болады» немесе «Денелер тек күштің әсерінен үдей түседі».

Ал қазақ тіліндегі физика оқулықтарында былай жазуға болады деп ойлаймыз:

«Дене тыныштық күйін сақтай алады немесе түзу сызықты және бірқалыпты қозғалысын жалғастырады, өйткені (себебі) денеге сырттан басқа күштер әсер етпейді немесе олардың әрекеті теңгерілген».

Бұл лингвистикалық нақтылау ғылым үшін маңызды, себебі заңды түсіндіруде физиктер арасында туындаған бірқатар келіспеушіліктерді шешуге көмектеседі.

Ғасырлар бойы бұл қателікті физик немесе математик ғалымдардың байқамағаны, оны философтың тапқаны таңғалдырады. Бұл - жаңа ғасыр ғылымның шекарасын жойып жібергенінің бір дәлелі. Физикаға деген қызығушылықты да осындай тосын сенсациялар күшейткені қандай жақсы.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.