Бүркеншік аты: Сардар
Өтүкен
Күннен келдім,
Күнге қайтам!
Бар болмысым - ғажап Күннен!
Феникстей күлден қайта,
Жаратылған Қазақпын мен.
Мен Қазақпын!
Сұсты айбатым -
Серпіп тастар шер түндігін!
Тасқан селдей - Күш, Қайратым!
Ескен желдей - Еркіндігім!
Ен байлығым - Еркіндігім!
- Кең тыныстар көкірегім.
Ал мекенім жер кіндігі -
Қасиетті ӨТҮКЕНІМ!
Тәңірі өзі "құрастырған"
Тербетеді Жер-бесігін,
Ал Мен оның Күн астында.
Еркін өскен еркесімін.
Күн астында Тұран жұрты
Ант байласып Ар атымен!
Күн астында қыран бүркіт
Бұлтты жарып қанатымен...
Ұран салып ер үстінде,
Теңіз кешіп, тау астым мен.
Күн астында,
Жер үстінде
Алшаң басқан Алашпын мен!
Күн түбіне аттанғанмын,
Ақ Ордамды тіккен елмін -
Алтынменен аптағанмын,
Күміспенен күптегенмін!
Талмап еміп көктегенмін,
Көкбөрінің көкірегін.
Жан беріп, қан төккен елмін
Өлкем сен деп Өтүкенім!
Күннен келдім,
Күнге қайтам!
Бар болмысым - ғажап Күннен!
Феникстей күлден қайта,
Жаратылған Қазақпын мен
Ұлытау мақамдары
(Толғау)
Тарихың бар тастарыңда сыр тұнған
Бура бұлттар бауырыңда бұлқынған
Тұлпар мініп, ту ұстайтын Ұл туған,
Айналайын, Ұлытаудай Ұлтымнан!
(автор)
Ақын дауысы
Кең далам, кермиығым, кенді далам
Кералаң кезеңдерден келдің аман!
Ақырып арыстандай теңдік алған,
Тарихтан байтағымда белгі қалған.
Тарихым тастарыңда таңбаланып,
Қылышпен қашалғанда қанға малып...
Биігі өрлігінің заңғар, алып,
Пейілі кеңдігінің Паң далалық!
Абыз,
батыр
әрі ақын,
мәрт,
ақылман
Туса ерлер тауыма тарта туған...
Бұйра бұлттар көшеді толқынданып,
Бұрымындай арудың тарқатылған..
Сақтаған сар даламды сан қатерден
Баһадүрлер Далама даңқ әкелген.
Ақ білекке айналып ақ бас таулар
Ақ киіз боп ақ бұлттар Хан көтерген!
Еміреніп көк сүйген маңдайынан.
Төбелер тұр төредей тауға ұйыған,
Тым биіктен тамырын нұрға иіткен,
Бура бұлттар боталап баурайынан.
Далам осы ұшса құс қанат талған,
Тарих осы Дәуірлер парақталған.
Бағым осы және бұл бақытымды
Көп көрме деп тілеймін Жаратқаннан.
Батыр дауысы
Ер Тұранға Тұтқа болған,
Бақ та болған, құт та болған Ұлытау!
Бақ-ырыс боп жұртқа қонған,
Ұран болып ұртқа қонған, Ұлытау!
Дәуірлер боп дауыл ерткен,
Басыңнан сан бұлттар ауған, Ұлытау!
Киелі һәм қасиетті,
Топырағыңнан ұлт жаралған, Ұлытау!
Таңдайыма Тәңір өзі түкіріп,
Маңдайыма тұтқан ордам, Ұлытау!
Алыс кетсе құмар қылған,
Топырағыңды Тұмар қылған, Ұлытау!
Толғамалы найзаны алып,
Толғай шапса ұран қылған, Ұлытау!
Ұран қылса ұрыстарда,
Қуат алған құнарыңнан, Ұлытау!
Кетбұғаның күйі ойнаған.
Құлан жортқан құба қырдан, Ұлытау!
Қоңыр белдер қолын жайып,
Ұрпағына Дұға қылған, Ұлытау!
Тарыдай бір тасың үшін,
Талай нәубет куә қылған, Ұлытау!
Ұлтарақтай жерің үшін,
Ту түбінен ту алынған, Ұлытау!
Қында жатпас қанжар,қылыш,
Жау қанына суарылған,Ұлытау!
Кеңейтер деп Өрісімді
Саған арттым қонысымды, Ұлытау!
Жондарың мен жоталарың,
Күдірейген бөрі сынды, Ұлытау!
Ұлы жұртым ұлықтаған,
Ұлы дала төрі сынды Ұлытау!
Жұмыр жердің жұмағы деп,
"Ұлы Тұран тұрағы" деп
Өз қолымен орнатқан
Тәңірімнің мөрі сынды, Ұлытау!
Даналардың мінбесі едің
Даралармен ділдес едің, Ұлытау!
Қараорман қарашаның,
Қатар жұттың бірге шерін, Ұлытау!
Алдаспанын айға білер,
Жаудан қайтпас бір меселің, Ұлытау!
Алашымның іргесі едің,
Ұлылықпен үндес едің, Ұлытау!
Ерен түсіп Хақтың нұры,
Айнымаған бақ-бірлігі Ұлытау!
Ер етікпен қан да кешкен,
Төсіңде ойнап Ат дүбірі, Ұлытау!
Алашыма арнап қонған,
Байтағымның бақ-қыдыры Ұлытау!
Дауласқанды Елдестірген,
Жауласқанда сең көштірген,
Едігедей ерлерімнің
Сенде естілген ақтық үні, Ұлытау!
Шежірелер шеру тартқан,
Тарихымның тақ-тұғыры, Ұлытау!
Сәулетің мен дәулетіңе,
Хақ сүйінген жат түгілі, Ұлытау!
Айбынды Алаш алқалаған,
Қорғаным боп қалқалаған, Ұлытау!
Бағзы батыр бабалардың,
Аманатын арқалаған, Ұлытау!
Бағыңды осы бағалар кім,
Басыңнан бұлт,
Тасыңнан құт тарқамаған, Ұлытау!
Абыз дауысы
Бұйырған Бақ боп өр елге
Береке жауған мекеннен.
Шаңырақ-аспан төбемде,
Кереге-таулар көтерген!
Көрінер Бақ-отауларым
Құбыласындай ғаламның.
Баһадүр Баба-Тауларым,
Дулығасындай Даламның!
Ода оқып үнсіз обалар,
Ақын ба дерсің адырлар.
Далама тартып даналар!
Тауларға тартып батырлар!...
Далама тартып туған ер
Дара боп биікке өрлеген...
Тауларға тартып туған ер,
Еңсесін иіп көрмеген.
Жауларын көрсе қуанып,
Олжа етермін деп шаттанар...
Тудың түбінен ту алып,
Күннің түбіне аттанар...
Тұлпардай болған құланы
Сұңқардай болған ұланы
Тұран жұртымның тұрағы
Ұлы Даламның ұраны...
Тұлпары тарлан, жараған,
Ұлдары арлан, абадан.
Қыздары қылышты айна қып,
Семсермен шашын тараған.
Тарихым кенет жаңғырып,
Туар ма сол бір қайта күн?!
Мерейің өссін мәңгілік,
Бабадан қалған байтағым!
Оғлан
(Алаш Арыстарына арнаймын)
Қылышын қанға суарған, намысқа кегін,
Ел үшін туып, Елім деп тауысқан демін.
Арғымақ мініп атойлап, ата жауымен,
Арыстан сынды алысқан Арыстар небір.
Болашағына бүгінде нәркүмән күйде,
Қараша елдің қайраты қалғыған дей ме?!
Айбының қайда кешегі айбатын шегіп,
Абадан болып аспанға қарғыған бейне.
"Құлқынға емес, мен деген ұлтыма құлмын"
Дейтін, Ұл қайда?!
Адал боп ғұрпына Ғұнның...
Ырысы болған Ер қайда ынтымағымның,
Ырысым қашса Ел кетер ырқына кімнің ?!
Оғлан ұлдарым!
Заманнан озған ұлдарым !
Оғлан ұлдардың неліктен сорлары қалың?!
Қан ұстап тумай, Анадан от ұстап туған,
Отанға ғана олжа еткен Ожданын, Арын.
Қайыспас Рухы
қылыштай қара қыл жарып,
"Қазақ" деп қана қанына қаламын малып,
Қараңғылықтың көгіне Күн болып шығар,
Қабылан Ерге, білемін, Заманым зарық.
Ертеңі неге Елімнің тұр сағымданып,
...Жебесі сынды Қазақтың қылшанындағы,
Қараңғылыққа атылған туса бір Жарық.
Туса бір Жарық
түнектің құрсағын жарып!
Ұрандап шапсам еретін қатарым қайсы?!
Алтын Күн енді аспаннан шапағын жайсын!
Топырағым тұр толғатып Толағай Ерге ,
Бата қылғайсың, Бабалар,
Бата қылғайсың!
Тезек терген
"Бір күні Аққыз өзінше айла тауып, тезек теру үшін ала қапқа қалақтай
қоңыр домбырасын иығына салып, бел асады. Содан ауылдан ұзап
шығып, иесіз даланың елеусіздеу бір сайына жеткенде қоңыр
домбырасын қолына алып, мұңдасымен аңсап көріскендей күй
кешеді...".
(Аққыз күйші туралы деректерден)
Запыран-күй зарығып өзекте өлген,
Запы болып меңіреу мезеттерден
Аңсарындай Аққыздың арман-дүние,
Күй төгетін қолымен тезек терген.
Шымырлаған таулардың құйқасы да,
Дамылдардай домбыра-шипасынан.
Жаңылғандай жолынан жолаушыдай,
Күй тасыған жүрекпен қи тасыған.
Тәркіл-тәркіл тірлікте татқызар у,
Қос ішекке саусағы қатты зәру
Күй кеулеген кеудемен бара жатар,
Айдаланы бетке алып Аққыз-Ару.
Қарсы алдынан тартады жел де сырнай...
Жүрегі кеудесіне,
жерге сыймай,
Тіл бітер дүниеге,
домбыраға -
Саусақтары сүйгенде пернесін жай.
Емінтіп, емексітіп назды үнменен,
Мәжнүн күйді кешуге мәжбүрлеген
Ойығынан оюлар өріліп сан,
Домбыра шанағында саз бүрлеген.
Күйге емініп, аялдап, тіпті ауырлап
Қара жерге аспанда бұлт бауырлап.
Ұйып қана сол күйге тынды дала,
Тынбады тек шанақтан шыққан ырғақ.
Пешенесі сан тарау пернедей ме?
Күмбір күйлер кеудесін кеулемей ме?
Тас мешеуге айналып тынды дала
Тым болмаса, япыр-ау "Беу" демей ме!
"Беу" демей ме білдіріп бөлек рең,
Күй кетті шым батырып тереңіне
Қос ішекке қосылып егіледі
Кермек жасы төгіліп кемерінен...
Сыңсып ұшып аққу-қаз ши түбінен,
Арбайды енді мына өмір сиқырымен
Сұрқы қашқан беймаза заманаға,
ТІл қатқандай Тәңір де күй тілімен.
Алпыс екі тамырды сабасына
Түсірмей
Алуан сезім аласұра...
Арылды күйші кенет ауыр мұңнан:
"Дүниенің шіркін-ай мәні осы ма?".
Қоңыр
(Жамбыл Амребековке)
Көңілге күмбір қошын сеп,
Тағдырдың шайтан тиегі ең.
Өмір мен өлім - қос ішек,
Самбырлап сөйлер күй-Өлең.
Мамырлап сіңсе бірде мұң,
Ал бірде шаттық кернеген
Күмбірлемеуге мүлде бір,
Қос ішек дамыл бермеген
Пернеге саусақ сүйдірген,
Иесі қайда үйімнің?
Бозінген-жүректі идірген,
Киесі қайда күйімнің?
Күйінде оның зар, үн бар.
Күйгелек болып жүрегі.
Зар-үнге сол бір,
залымдар
Билемек болып жүреді.
Сен айтшы, жүрек, білдің бе?
Домбыра қайда? Күйші кім?
Қос ішек құмбыл күмбірге,
Күй келіп сүйсе түйсігін.
Амалым қайсы, айт емін
Шанаққа толса шер меңдеп.
Домбыра-дүние, қайтейін,
Ездер де тартқан ербеңдеп.
Кетер күн туса шаншыла аттай,
Арғымақ сынды кермеден.
Сенделдім қанша, саусақтай,
Адасып қалған пернеден.
Кеудемнің "ақсақ құланы",
Садаққа ілінді, не шара?
Күйімнің келмей бұрауы,
Күйініп кетсем, кеш, Аға!
Күйшіге зарық,
уай, тегі,
Мен де бір ағаш емей не?
Құмықпай үнім қайтеді
Қорғасын құйса көмейге?
Шанаққа сыймас күмбірі,
Біздегі осы хәл, Аға.
Кетемін мен де бір күні,
Күй болып сіңіп ауаға.
Түнгі палитра
Көгілдір түн.
Қара кофе, ақ шылым...
Ақ шылымның түтіні биін билеп бақсының.
Бір мұң туды іңгәләп,
(...Жыр жазуға жақсы ырым).
Көгілдір түн...
Көз алдымда түрленіп.
Түйсігімді иіскелейді мұң келіп...
Пыр-пыр етіп қанат бітіп сөздерге,
Қаламыма қондыра алсам үлгеріп...
Көкте Тәңір ақ шылымның бір талын,
Шертіп қалды...
Ал сен жұлдыз ақты дейсің, іңкәрім.
Мендік өмір - мұңтаным.
Жыр жазамын,
Умаждаймын,
жыртамын...
Сөйлеп тұрған періштем бе, жын-перім?
Күлкі - қымбат, мұң - тегін.
Көгілдір түн...
Қара кофе, ақ шылым...
...Қаламымның көз жасын ақ қағазға сүртемін.